Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйекте халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауылда үй салған жұмыс берушілердің шығынын өтеу туралы тапсырма берді. Бұл біздің елде бұрын-соңды қолға алынбаған бастама еді.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй салу ісі баяу жүріп жатыр. Мұның басты себебі – үй салынатын аумақты дайындау ісінің қарқыны төмен. Өйткені заң бойынша су және электр желілері жүргізілген аумақтан ғана жер беріледі.
Жер үй тек баспана ғана емес, сондай-ақ табысы аз, әсіресе көп балалы отбасылардың экономикалық тірегі де бола алады. Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік жер үйлер салынатын учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін жеделдетуі қажет. Бұл ретте, мемлекет-жекешелік әріптестігін де қолданған жөн.
Депутаттардың осы маңызды мәселені шешуге тікелей атсалысуын сұраймын. Ауыл еңбеккерлерін қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау арқылы жалдамалы үйлер салуға міндеттеп, көптеген отандасымыздың тұрмыс сапасын неге жақсарта алмаймыз?! – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің осы тапсырмасынан кейін іле ауылда үй салатындарға субсидия беру жайы пысықталып, мемлекеттік органдар іске кірісті. Жалпы, Мемлекет басшысы елдегі кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін жедел шешудің бір жолы субсидиялау екенін жеткізді. Бұл ретте үй салатындардың шығынын ғана емес, баспананың жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізуді де ұсынды.
– Қазір әкімдіктер кезекте тұрған адамдарға арнап жалға берілетін тұрғын үйлер салып жатыр. Бюджеттік және сатып алу рәсімдеріне байланысты бұған ұзақ уақыт кетеді. Бұл тәртіпке өзгеріс енгізетін кез келді. Қаражатты тек үй құрылысына ғана емес, жалдау ақысын субсидиялауға да бөлген жөн. Оның ауқымы осы шараның арқасында алғашқы жылдың өзінде-ақ 10 есе өсіп, жүз мыңнан астам отбасына нақты көмек көрсетіледі, – деді Президент.
Субсидиялаудың Қазақстанда тұрғын үй саясатын дамытудың тиімді жолы ретінде таңдалып алынуы да сондықтан. Бүгінде оның бірнеше түрі бар. Мәселен, отбасы мүшелеріне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін, кезекте тұрған адамдар тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы баспанамен қамтамасыз етіледі. Негізінен, бұл санатқа көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары жатады. Ал табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары, кезекте тұрғандар жаңа тұрғын үйге жеңілдетілген несие алу арқылы қол жеткізе алады. Бұдан бөлек, кезекте тұрғандар үшін тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау тетігі де қарастырылған.
– Жеке құрылыс салушылармен бірлесіп, бастапқы нарықта жылжымайтын мүліктің әлеуметтік қорлары құрылады. Мысалы, 10 мың пәтерлік тұрғын үй үшін жылына 5,3 млрд теңге субсидия қажет. Тұрғын үй пулдары қалыптасқаннан кейін осы қорлардың жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген акциялары кепілдендірілген кірістілігі бар нарыққа ұсынылатын болады. Жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру үшін «Отбасы банктің» өкілеттігін күшейту ұсынылып отыр, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Бұл ретте Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан пәтер жалдағандардың 31 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі шығынын мемлекет өтеп береді. Өзге өңірлер үшін 21 АЕК деңгейі көзделген. Ал ауылдықтар үшін шығынның 15 АЕК көлеміндегі сомасы кері қайтарылады. Атап өтерлігі, бұл әзірше жоспар ғана. Жаңашылдық жаңа заң қабылданғаннан кейін іске қосылады.
Өткен жылдың соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ауылда үй салған жұмыс берушілердің шығынын өтейтін жаңа норманы таныстырды. Сөйтіп, ауылда жұмыскерлер үшін тұрғын үй салған жұмыс берушінің шығындарының 50 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады.
Деректерге сүйенсек, республика бойынша 76 ауданда 2 855 тұрғын үйге қажеттілік бар. Бұл дегеніміз – 285,5 мың шаршы метр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 14,3 млрд теңге қажет.
Бір өзі бір ауылды көркейтіп отырған кәсіпкер Манат Алғамбаровтың айтуынша, мұндай жаңашылдық ауылда үй салатын кәсіпкерлер үшін тамаша мүмкіндік.
– Біздің ауыл Екібастұз қаласына қарайды. Мал шаруашылығымен айналысамыз. Жұмыскерлерге үй салып, оларға қажетті жағдайды жасап отырмыз. Еңбек адамдарын осылай ынталандырамыз. Егер мемлекет салынған үйдің бір бөлігін субсидиялайтын болса, мұның әсері зор болмақ. Біріншіден, кәсіпкерлерге үлкен көмек. Екіншіден, көп үй салынатындықтан, ауылдың тамырына қан жүгіреді. Үшіншіден, мемлекеттің ұстанған саясатымен де үндесіп жатыр. Сондықтан бұл бастама қолдауға лайық, – дейді Жайылма ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығының иесі.
Тұрғын үй құрылысын субсидиялау тетігі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Ол үшін құрылыс салушылар мемлекет бекіткен бір типті үйлерді ғана салуы тиіс. Яғни үйдің жалпы көлемі 100 шаршы метрден аспауы керек. Ал құны 10 млн теңгеден жоғары болмауы шарт. Жергілікті атқарушы органдар аталған жоба бойынша өтініштерді қабылдап, жағдайды бақылауда ұстайды.
Экономист Талғат Демесіновтің пікірінше, ауылдағы үй құрылысын субсидиялау елімізде жүзеге асырылып жатқан оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына жаңаша серпін бермек.
– Жасыратын несі бар, ауылдағы үйлердің дені ескірген. Жаңа үйлер жаппай салынып жатқан жоқ. Халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден еңбек күшіне зәру солтүстік аймақтарға көшіп келетін тұрғындар баспана мәселесіне бірден тап болатыны сондықтан. Қоныс аударған ағайынды халқы онсыз да көп қалаға орналастырудың реті жоқ. Дұрысы – ауылға тарту. Алайда ауылда үй мәселесі алдан шығады. Рас, мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үйлер салынып жатыр. Бірақ олардың сапасына көңілі толмайтындар көп. Солтүстіктің сақылдаған сары аязында сыр беретін баспаналар көшіп келгендердің құтты орнына айнала алмауда. Сондықтан үйді жұмыс берушілердің өздері салған дұрыс. Өйткені бұл жерде ең алдымен солардың мүддесі басым. Олар бұл іске жауапкершілікпен қарайды, – дейді Талғат Демесінов.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған субсидиялау тетігі үй салғандарға үлкен көмек болары даусыз.