Газетіміздің 82-нөмірінде жарық көрген журналисіміз Айдана Шотбайқызының вакцина дайындауға қатысқан ғалымдарға жетекшілік еткен, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьямен сұхбатына сілтеме жасаған Күршад Зорлу Қазақстанның өз вакцинасын дайындаған санаулы мемлекеттердің біріне айналғанын айтады.
«Исмаил Гаспыралының «Тіл, ой, әрекетте бірлік» дегеніне 100 жылдан астам уақыт өтті. Уақыт өткен сайын бұл сөздің жаны барына дәлел көбейіп келеді. Дегенмен, одан қажет сабақ алып жатпаймыз. Бұл вакцина дайындау тақырыбында да қайталанып отыр.
Қазақстан COVID-19 вирусына қарсы QazVac вакинасын сәтті дайындаған мемлекеттердің бірі. Алғашқы 50 мың дозасы егілді және тағы да 500 мың доза дайындау жоспарлануда. Өлі вакцинамен қатар, Қазақстан тірі вакцина дайындауға жұмыстанған санаулы елдің бірі. Негізінен, Қазақстан тұмауға қарсы вакцина әзірлеуде де көш бастады», деп жазады Күршад Зорлу.
Саясаттанушының жазуынша, бұл саладағы сәтті нәтижеге екі себеп бар. Біріншісі – эпидемиялық аурулар мен биотехнология саласындағы көп жылдан бергі тәжірибе болса, екінші себеп – Үкіметтің Биотехнология зерттеу институтына көрсететін қолдауы.
Мақалада вакцина дайындау 2020 жылдың 16 қазанында басталды деп жазылған. Вакцина дайындау жөніндегі тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бергенін де атап өтіпті.
Вакцина 2021 жылы 9 шілдеде толықтай дайын болады деп жоспарланған-ды. Соңғы кезеңде ешқандай теріс нәтиже байқалмағандықтан, ДДҰ-ға ақпарат жіберіліп, 25 сәуірден бастап азаматтарға егу басталып кетті. Саясаткер шекаралар жабылғандықтан, вакцинаны сынау үшін маймыл табу қиынға соққанын, одан кейін Ресейден 7 маймылдың сатып әкелінгенін жазады.
«Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья сұхбатта вакцинаның клиникалық зерттеуінің алғашқы сатысында 100 пайыз, ал екінші кезеңінде 96 пайыз әсері анықталғанын айтады. Ол осы кезеңде зерттеушілердің тағы бір жақсы жаңалықты анықтағанын мәлімдеді. «10 жылға жуық уақыт бала көтере алмай келген әйелдер вакцина ектіргеннен кейін бала көтерген. Жүкті әйелдерді сынақтан шеттетуге тура келген. Жоспарланбаған мұндай жаңалық біз дайындаған вакцинаның сенімді екенін көрсетті», деді құрылым басшысы әлі 1,5 жылға дейін тірі вакцина дайындайтынын мәлімдей келе», делінген мақалада.
Бүгінде елімізде азаматтарымыз отандық вакцинамен қатар, Ресейдің «Спутник V» вакцинасын ектіріп жатқанын хабарлай отыра, Egemen Qazaqstan-ға сұхбат берген ғалымның отандық вакцинаның неге кешіктіріп дайындалғанына жауап бергенін айтады.
«Вакцинаның кеш дайын болуына көбі ойлағандай ғалымдарымыздың әлеуеті себеп емес. Ресейде вирус жұқтырғандар 2020 жылдың қаңтарында тіркелсе, Қазақстанда наурызда анықталды. Яғни бізге алғашқы патологиялық материал 23 наурызда келіп түсті. Сондықтан 2,5 айдан кейін ғана нәтижеге қол жеткіздік», дейді ғалым.
ДДҰ тарапынан вакцинаны бекіту бойынша ұйғарым әлі де күтілуде. 9 шілдеде аяқталады деп жоспарланған Faz-3 зерттеуінің ғылыми нәтижелері толығымен ашылып, өндірістік қуаттылықтың ең төменгі шарттары орындалуы керек. Осы кезеңдер аяқталғаннан кейін вакцинаны басқа елдерге сатуға болады.
Басылым ақпандағы келіссөздер нәтижесінде QazVac вакцинасы Түркияда толтырылатынын да атап өткен. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі осыған қатысты жұмыс жүргізіп жатыр.
«Бұл жақсы жаңалық жоғарыдағы бірлік тақырыбын тағы бір еске салуға, одан сабақ алуға себеп болып отыр. 2020 жылы 28 сәуірде Түркі кеңесінің ұйымдастыруымен Денсаулық сақтау министрліктерінің жиналысы өтті. Бұл кездесуде бірге жұмыс істеу, пандемиямен бірлесіп күресу мәселесі талқыланды. Бірақ нәтиже жоқ. Түсінгеніміздей, Қазақстан уақыт және адами капиталды тиімді қолдану, мемлекеттің қолдауы нәтижесінде өз вакцинасына жетіп отыр. Дегенмен, өндірісте кейбір мүмкіндіктері шектеулі. Ал оны Түркия қамтамасыз ете алады. Бұған дейін бірнеше рет айтып келдім. Түркі әлемі дәл осы салада ортақ құрылымның негізін қалап, күш жұмылдыруы керек. Осы орайда «Түркі әлемі неліктен бұған дейін бірікпей, өз вакцинасын жасамады?» деген сұрақ ойға оралады», деп жазады саясаттанушы.