Технология • 13 Мамыр, 2021

Оңтайлы онлайн аукцион

267 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен жылдың 1 қыркүйегінде электронды аукцион онлайн сервисі іске қосылды. Ал 23 желтоқсанда мұнайды барлау және өндіру құқығын беру бойынша алғашқы онлайн аукцион өткізілді. Екінші аукцион осы жылдың 23 сәуірінде аяқталды.

Оңтайлы онлайн аукцион

Бұл жолы 8 учаске ойыншылар назарына ұсынылды.

Энергетика вице-министрі Жанат Жахметованың айтуынша, 23 сәуірде өткен екінші электронды аукционға бастапқы сомасы 713 млн теңге болатын 8 мұнай-газ учаскесі қойылған. Бірақ түпкілікті сома әуелгі бағадан 13 есе асып түскен. Сөйтіп, учаскелердің жалпы сомасы 9,3 млрд теңгені құрады.

Мемлекет ұсынған 8 учаскенің жалпы ауданы 2 мың шаршы шақырымнан асады. Атап өтерлігі, аукцион өткен залдан онлайн көрсетілімі ұйымдастырылып, оның өту барысын қазақстандықтар да, шетелдіктер де бақылауға мүмкіндік алды.

– Бұдан кейін Энергетика министрлігі аукциондарды өткізу процесін жақсарту бойынша ұсыныстар әзірледі. Қазіргі уақытта заңнамаға бірқатар түзетулер енгізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, бастапқы қол қою бонусы мөлшерінде кепілдік жарна белгілеу, жеңімпаз бас тартқан жағдайда екінші қатысушыға сатып алу құқығын беру секілді жаңашылдықтар енгізілмек. Сондай-ақ аукционды жылына тек екі мәрте ғана өткізу керек деген шектеуді алып тастау қажет. Мұның бәрі бәсекелестікті нығайтуға және аукциондар өткізу жиілігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ж.Жахметова.

Осы орайда, басын ашып алатын бір мәселе бар: аукцион арқылы жерге меншік құқығы емес, жер қойнауын пайдалану құқығы ғана беріледі. Бұл құқық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» Кодексі арқылы реттеледі. Учаскелердегі технологиялық процестер Энергетика министрлігі жанындағы Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияда қаралады. Жер қойнауын пайдалану құқығын алған инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалдау туралы шартқа қол қояды. Жобалау құжатын әзірлемес бұрын әрбір жер қойнауын пайдаланушы жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізуге міндетті.

Жалпы, Энергетика министрлігі «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Жер қойнауын пайдалануға құқық беру бойынша электронды аукцион құрудан» бөлек тағы бірнеше жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, экономика салаларын цифрлан­дыру бағыты бойынша «Мұнай мен газ кон­ден­сатын есепке алудың ақпараттық жүйе­сін құру және енгізу» жобасы қолға алынды.

Сондай-ақ мұнай-газ саласында «Қаз­Мұ­найГаз» ұлттық компаниясының «Зият­керлік кен орны», «Мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтілген жөндеу аралық кезеңге көшіру», «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының «Цифрлы кеніш», KEGOK акционерлік қоғамының «Қазақстанның бірыңғай электр энер­гетикалық жүйесінің режімдерін басқаруды автоматтандыру» жобаларын атап өткен жөн. Бұл ретте, алғашқы үш жоба бойынша тиісті жұмыстар аяқталды. Соңғы жобаға қатысты жұмыстар әлі де жалғасуда.

– Мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда жоба қанатқақты режімде іске қосылды. Есеп беру құралдарымен жабдықтаудың бас схемасы бекітілді. Бүгінде пилоттық режімдегі жобаға мұнай өндіретін 4 ұйым, мұнай тасымалдайтын 4 ұйым және мұнай өңдейтін 3 зауыт қосылды. Биыл ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланған. Соны­мен қатар оған мұнай және газ конденсатын өндіру мен өндеудің 60 пайыздан астамын жүзеге асыратын ұйымдарды қосу міндеті тұр, – деді Энергетика вице-ми­нистрі.

Келесі бір жоба жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін құруды көздейді. Бұл жүйе 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оны жер қойнауын пайдаланушылар үшін есептілікті ұсыну құралы деп те атауға болады.

– Бұл жүйеде лицензиялық-келі­сім­шарттық шарттардың орындалуына мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеу бойынша жедел ақпарат жиналады. Бүгінгі таңда мемлекеттік жүйеге 147 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Жер қойнауын пайдалануға рұқсатты беру үшін инте­грацияның 10 түрі іске асырылды. Бұл ретте министрліктің үш мемлекеттік қызметі автоматтандырылған. Бұлар – жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланыс­ты объектілердің ауысуы, көмір­сутектер және уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар жасау, сондай-ақ көмірсутектер және уран өндіру бойынша жер қойнауын пай­да­лануға арналған келісімшарттарға қосымша келісімдер жасау, – деді Ж.Жахметова. 

Аталған жоба шеңберінде Энергетика министрлігінің функцияларын автоматтандыру бойынша бірқатар жұмыстар жоспарлануда. Атап айтқанда, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жос­пары мен кестесін автоматтандыру, ли­цен­зиялық-келісімшарттық шарттар мін­деттемелерінің орындалуын одан әрі мониторингілеу үшін қолданыстағы келі­сімшарттар мен 2018 жылға дейін жасалған оған енгізілген толықтыруларды цифрландыру, есептіліктің электронды форматына толықтай көшу міндеті тұр.

Бүгінде Мемлекеттік қызметтер тізі­ліміне сәйкес Энергетика министрлігі 23 мемлекеттік қызметті көрсетеді. Оның 22-сі электронды форматта ұсынылады. Былтыр үш мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілді. Осылайша, қазір мұндағы мемлекеттік қызметтердің 96 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Қағаз түріндегі қызметтердің үлесі 2020 жылы 8 пайызды құраса, осы жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш 6 пайызға дейін қысқарды.

2020 жылы министрлік 3 409 мемле­кет­тік қызмет көрсеткен екен. Соның 92 пайы­зы немесе 3 143-і электронды түрде ұсы­нылған. Қағаз түрінде көрсетілген қызмет­тің саны – 266 немесе 8 пайыз. Ал 2021 жыл­дың бірінші тоқсанында 737 мемле­кеттік қызмет көрсетілген. Оның 691-і не­месе 94 пайызы – электронды форматта, 46-сы немесе 6 пайызы қағаз түрінде ұсы­нылған