Қоғам • 13 Мамыр, 2021

Халық үніне құлақ асатын орталық

357 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кей жағдайда қала тұрғындарының арыз-шағымдарына жергілікті билік тарапынан тиісті ресми жауап кешігіп жатады. Сол екі ортада жұртшылық әбігерге түсіп, билік пен бұқараның ортасында түсініспеушілік орын алатыны белгілі.

Халық үніне құлақ асатын орталық

Міне, осы түйткілді ескерген Шымкент қаласы әкімдігі шаһар тұрғындарының тұрмыстық, әлеуметтік мәселелеріне сала мамандарының назарын аударту мақсатында «Шымкент қаласының Ситуациялық Ikomek109 орталығын» құрған болатын. Игілікті бастама Елбасының хаттамалық тапсырысын орындау үшін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен өткен жылдың маусым айынан бастап қолға алынған. Содан бері аталған мекеме қаладағы күрмеуі шешілмеген көп мәселені анықтап, көрсетілетін қызметтердің жедел әрі сапалы шешілуіне ықпал ету жолында жұмыс істеп келеді.

«Күніне 3 мың қоңырауға дейін қабылдауға қауқарлы мекеме қажет болған жағдайда 5 мың тұрғынның сұрағына да жауап бере алады. 24/7 форматындағы орталық қала тұрғындары мен қонақтарының 50 мыңнан  аса өтінішін қабылдап үлгерді. iKomek орталығының операторлары тұрғындардан өтінімдерді қалалық және мобильді телефондардың 109 бірыңғай нөмері, сондай-ақ әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы қабылдап алады. Ситуациялық iKomek бірыңғай байланыс орталығының көздегені қала тұрғындарынан келген өтініштердің 99 пайызын қанағаттандыру», дейді орталық директоры Азат Әміртай.

Бүгінде аталған орталықта 30-ға жуық маман негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істеуде. Желіде қоңыраулар мен сұраныстарды қабылдау үшін 24 оператор сақадай-сай болса, сапаны бақылау және атқарушы органдармен өзара қарым-қатынас орнату  бойынша 6 инспектор еңбек етеді. Осылайша орталыққа келіп түскен сұрақтар
4 аудан әкімдігі, 22 қалалық басқарма, тағы басқа мемлекеттік мекемелер мен сервистік мекемелерге (жалпы 56 атқарушы мекеме) жолданады.

«Қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қатынастары, денсаулық сақтау, білім беру, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бо­йынша 1 мыңнан астам қызметтен тұратын каталог әзірленіп, бекітілді. Сұраныстың орындалуын бақылауды жақсарту үшін iKomek жұмысының барлық нәтижесі басқару тақтасында көрсетіледі. Осы тақтада жергілікті атқарушы органдардың рейтингін де көруге болады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының берген өтініштерінің уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді», дейді орталық басшысы.

Тұрғындардың өтініштерін қабыл­дау үшін арнайы мобильді қосымша да іске қосылыпты. Орталыққа соңғы 3 айда 52 325 арыз-шағым келіп түссе, оның 51 539-ы бойынша нақты шешім шыққан. Орталыққа келіп түскен арыз-шағымдардың көбісі қаладағы жол инфрақұрылымына, жолдарды жөндеуге байланысты сұрақтар. Осы­ған орай өткен аптадан бастап қала көшелерінде шұңқырларды жамау, асфальт төсеу, жолды ретке келтіру ісі қолға алына бастады.

Орталық директорының айтуынша, тоқсандық қорытынды бойынша 5 қалалық басқарма және аудан әкімдіктері тұрғындардың өтінішіне сапалы түрде жауап бергені үшін қала әкімінің алғыс хатына ұсынылған. Ал тұрғындардың шағымдарына немқұрайды қарап, сапасыз орындауына байланысты 2 басқарма қала басшысынан сөгіс алыпты.

«Негізінде орталыққа келіп түскен арыз-шағымдардың басым көпшілігі бірден шешімін таппайды. Себебі қала тұрғындарынан келетін өтініштер сан алуан. Оның ішінде инфрақұрылымдық жоба, құрылыс жұмыстарын алдын ала жоспарлауға байланысты кейбір өтініштердің орындалуы уақыт оздыруға тура келеді. Тіпті кейбір арыз-шағымдар бо­йынша жұмыстар 2022-2023 жылдары атқарылатыны да жасырын емес. Мәселен, өзін Нұргүл Аралбаева деп таныстырған қала тұрғыны сапалы интернетпен қамту мәселесін айтып хабарласты. Абай ауданына қарасты Құрсай шағынауданында тұратын тұрғын «Абай ауданының әкімінің қабылдауында ақпанда болдым. Біз тұратын аймақта интернет мәселесі наурыз айына дейін шешіледі деген еді. Ал қазір сәуір айы да өтіп барады. Ешқандай өзгеріс жоқ дейді. Осыған орай, iKomek орталығының мамандары аудан әкімінің бұл орайда нақты қандай іс атқарып отырғанын, қала тұрғынына тез арада ол туралы хабарлама беруін сұраған. Абай ауданы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Оңғар Әбілқайырдың жауабына сүйенсек, Құрсай шағынауданын интернет жүйесімен қамтамасыз ету үшін №49 орта мектептің аумағынан жер телімі бөлініп, биыл қыркүйек айында шағынаудан тұрғындары сапалы интернет желісіне қосылу мүмкіндігін алмақ», дейді Ситуациялық Ikomek109 орталығының директоры.

Соңғы кездері шаһар тұрғындарынан қоғамдық көліктердегі «Төлем» жүйесі бойынша арыз-шағымдар көбейген. Бүгінде салалық басқармаға хат жолданып, тұрғындармен кері байланыс орнатылған. Басқарма жұмысына жәрдемші ретінде орталық оператор­лары тұрғындарға қоғамдық көліктің нақ­ты интервалын және қай ауданда тұрғандығы мен қанша уақытта аял­дамаға жететіндігі туралы ақпаратты бере алады.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, келіп түскен арыз-шағым­дарды толықтай  сапалы орындаған басқар­малар қатарында білім, мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығы және ветеринария, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тұрғын үй, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер бас­қар­масының жұмысы жоғары бағала­ныпты. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс өнімділігін бағалаудың бұл әдісі мемлекеттік мекемелер арасында әділ бәсекелестік қалыптастырып, халық үніне құлақ асуға септесе түсті.

 

ШЫМКЕНТ