Қазақстан • 13 Мамыр, 2021

Ағайындар азаматтық ала алмай жүр

1655 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тобыл өңіріне, негізінен Моңғолия мен Өзбекстаннан оралған қандастар орныққан. Ертеректе келгендер бүгінде жергілікті халықпен тонның ішкі бауындай біте қайнасып, сіңісіп кетті. Моңғолиядан келген қандас­тардың дені мал өсіруге қолайлы елді мекендерде шаруасын ұқсатып, құда-жекжатты болып, құтты өңірге тамыр жіберіп, өсіп-өніп отыр. Қоғамдық өмірге бел­сенді араласып, өңірдің мәдени-рухани дамуына үлес қосып жүргендер де аз емес. Ал Өзбекстаннан қоныс аудар­ған­дар көбіне кен өндірісі дамыған Рудный қаласының маңына шоғырланған.

Ағайындар азаматтық ала алмай жүр

Кеншілер шаһарында он жыл­дан бері Қазақстан аза­мат­тығына қолы жетпей жүрген бауырлас қарақалпақ ағайындар да тұрып жатыр. Көшіп келгендеріне біраз жыл  өтсе де, олар Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай келеді.

Қостанай өңіріндегі қандас­тар мәселесімен айналысып жүрген белгілі журналист, Дү­ние­жүзі қазақтары қауым­дастығы жанынан құрылған «Отандастар» қорының облыс­тағы фронт-офисінің басшысы Нәзира Жәрімбетованың айтуынша, Рудныйда Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген 20 шақты қарақалпақ ұлтының өкілі тұрады. Бұл жігіттердің бәрі де қазақ қыздарына үйлен­ген. Отбасыларында кем деген­де 2-3 баладан тәрбиелеп отыр. Олардың туу туралы куәлік­теріне ұлты қазақ деп жаздыртыпты. Балаларын орыс мектебіне емес, қазақ мектебіне беріп, солтүстікте жатқан кен­ші­­лер қаласындағы қазақ мек­теп­теріне деген сұранысты арттырып отыр.

Өкінішке қарай, бұл ағайын­дар Рудныйда тұрып жатқанына 10 жыл өтсе де, Өзбекстан аза­­маттығынан шы­ға алмай, мұнда Қазақстанның уақытша тұруға берген ық­тияр­хаты бо­­йын­ша елең-алаңмен өмір сү­ріп жатыр.

– Бұл жігіттердің Қазақстан азаматтығын алуы өте қиын болып тұр. Бәрінің аты-жө­нін тіркеп, әрқайсысына өз қолымен өтініштерін жаздыр­тып, «Отан­дастар» қоры­на жібердім. Оны біздің же­текшіміз Сыртқы істер м­и­нистр­лігіне тапсырыпты. Ал Өзбекстан консулдығы  осындай мәселеге келгенде өте шабан қимылдайтын сияқты. Олар Өз­бекстан азаматтығынан бас тартып, соған анықтама алу­лары керек қой. Бәрі сол анық­тамаға қол жеткізе алмай жүр. Олардың Өзбекстанның кон­сулдығына қайта-қайта бара беретін мүмкіндіктері жоқ. Рудныйдағы 20-ға жа­қын адамның әрқайсысы қан­­­шама рет барған. Оның ішін­де құжаттарын жоғалтып ал­ған  қандастар да бар. Менің бі­ле­тінім, солардың біреуі де әлі бір анықтама әкелген жоқ. Талай жылдан бері табан тоз­дырып, үміттеніп барып, құр қайтып, екі арада босқа сал­пақтап жүр. Біздің Сыртқы істер министрлігіндегілер Өз­бек­стан елшілігімен сөй­­лесіп, бір мәмілеге келіп, осы тұр­ғындардың мәселесін шешіп берсе игі болар еді, - деді Нәзира Жәрімбетова.   

Рудныйдағы қарақалпақ ағайындардың ешқайсысы жұ­мыс­сыз жүрген жоқ. Көп­пен бірге тіршілігін жасап, бала-шағасын бағып-қа­­ғып отыр. Біразы темір жол, кен саласында жұмыс іс­тейді. Араларында жеке кәсіп ашқысы келетіндері де бар. Алайда әйелдері аза­маттық алғанымен, өздері ала алмай, соның салдарынан аза­мат­тық құқығы шектеліп, кей­біреулері ықтиярхат мер­зімі біткен соң тіпті жұмы­сы­нан айы­рылып қалып жатыр.

– Рудный қаласына 2012 жыл­дың 1 шілдесінде кө­шіп келдік. Зайыбымның ұл­ты қа­­зақ, 2 балам бар. Осы күн­ге дейін Қазақстан Рес­пуб­ли­касының азамат­тығын ала ал­май жүр­мін. Өзім қазақ мек­тебін бітіргенмін. Кәсібім – теміржолшы. 2004-2008 жыл­­дары Ташкент темір жол тех­­никумында оқып, бі­лім алып шықтым. 2020 жыл­дың 14 ақпанында Нұр-Сұл­тан қаласындағы Өзбекстан ел­ші­лігіне Өзбекстан азамат­тығынан бас тарту туралы өті­ніш тапсырғанмын. Одан осы күнге дейін жауап жоқ. Енді көшіп келгенімізге 9 жыл өтті. Сіздерден азамат­тық алуы­мыз­ға жәрдем беруле­ріңізді сұраймын, – деді азаматтыққа қо­лы жетпей жүрген Сайлау­бек Абдреймов. 

Биыл оларды тұрақты жұ­мыс­қа орналастырып, баспана беріп, тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесіне облыс әкім­дігі де мойын бұра бас­тады. Таяуда облыстық ішкі сая­сат басқармасының ұйым­дас­­тыруымен Науырзым ауда­ны әкімінің орынбасары мен Дәмді ауылдық окру­гінің әкімі Рудныйға келіп осындағы қандастарды Науыр­зым өңіріне көшуге шақыр­ған. Өйткені  ол өңір­де мектепке бала жетпей жатыр. Мысалы, Дәмді ауыл­дық округіндегі Мереке мек­тебінде бала саны азайып, 30-ақ оқушы қалыпты. Ал кенші қандастардың үйінде кем дегенде 2-3 баладан бар.

– Ауылдағы шаруа қожа­лықтарының демеуімен көшіп келген әр отбасыға 20 қой, 2 сиыр,  тегін үй береміз деп жос­­­парлап отырмыз. Ауылдық округ бойынша 28 шаруа қо­жа­лығы, 2 жауапкершілігі шек­теулі серіктестік бар. Олар да қандастар келсе, қол­дау көрсетеміз, жұмыс бере­міз деп құлшынып отыр. Қан­­дас­тар бұрыннан қалаға үй­ренген кісілер екен, газ бар ма деп сұрайды. Ауылда газ жоқ, жергілікті халық қыс­тан көмірмен шығады. Ол кісі­лердің бәрі бұрын өндіріс сала­сында жұмыс істегендіктен,  егер ауылға көшуге келісім берсе, қандастар үшін Руд­ный әкімдігімен бірлесіп ауыл шаруашылығына қа­жет­ті механизатор, аспаз, дәнекер­леуші мамандықтары бойынша те­гін қайта даярлау курстарын ашу­ды қолға аламыз деп ке­ліс­тік. Жеке кәсіпкерлікпен ай­налысқысы келетіндер бол­са, оған да қолдау жасаймыз. Біздің Қай­ғы өңірі түгін тарт­саң май шығатын шұрайлы жайылымы кең, шабындығы мен суы мол мал өсіруге таптырмайтын жер. Бау-бақша егуге де қолайлы. Жақында Құлсарыдан 2 баласымен бір отбасы көшіп келді. Шым­кенттен бір кісі келіп, ауыл­ды көріп кетті. Алты баласы бар екен, ол кісі де екі ойлы бо­лып кетті. Ал Рудныйдағы қан­дастар ойланып көрейік, ақыл­дасып бір хабарын бере­міз деген. Қазір олармен байланысымыз үзілген жоқ, жауаптарын күтіп отырмыз, – деді Дәмді ауылдық округінің әкі­мі Самат Қадыршинов.

Рудныйдағы қандастардың Науырзым ауданына баратын-бар­майтыны белгісіз.  Нәзира Жәрім­бетова бұл жөнінде аза­маттық ала алмай жүрген қарақалпақ жігіттерден сұрап көрген екен, олар: «Біз ол жақ­қа бармаймыз. Өйткені бәрі­міз кен өндірісінде жұмыс істе­генбіз, көз ашқалы кеніштің айналасында өстік, мал бағудың қыр-сырын білмейміз. Өзіміз түгіл, әкелеріміз мал ұстап көрген жоқ. Бұл жерден жеке кәсіп ашып, нәпақа таба аламыз», депті.

Бұл азаматтар – Өзбек­стан­ның алтын кені бар Үш­құдық, Науаи, Зарафшан, Тамды өңір­лерінен келген бұрынғы кеншілер. Сон­дық­тан олар Рудный, Лисаковск, Жітіқара сияқты өндірісті қалаларда тұ­рақтап қалғысы келеді.

2021 жылы Қостанай облысына мемлекеттік квота бойынша 805 адам көшіп келеді деп жоспарланып отыр. Об­лыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеу­мет­тік бағдарламалар басқар­масының мәліметінше, биыл оңтүстіктен астықты өңірге қоныс аударатын 455 адам­ға квота бөлінген. Мұ­ның сыртында атамекенге көш түзеген 350 қандастың Тобыл өңіріне тұрақтап қалуы мүмкін.

Ал қазіргі жағдайда Ру­д­ный­дағы аз ғана қарақалпақ ағайынның нарқы алтыннан қымбат. Алайда олар не қан­дастың санатына ене алмай, не Өзбекстан азаматтығынан шыға алмай, өздері арман етіп келген азаматтыққа қолдары жетпей, шетқақпай күй ке­шіп жүр. Қостанай жерінің кең­дігін, ауыл халқының азайып бара жатқанын ескерсек, облыс бір жылда 805 емес, 8500 адам қабылдаса да көтереді. Қандастар мен Қазақ жеріне іш тартып келген бауырлас ағайынның солтүстікке ке­луі жергілікті жерлердегі қа­зақ мектептерінің жағ­дайын түзейді. Мәселен, тәуел­сіздікке дейін Рудныйда қазақ тілінде білім беретін бірде-бір мектеп бол­маған. Қаладағы қазақтың үлесі студенттердің есебінен 2-ақ пайыз болды. Ғасыр соңында басталған көші-қон қозғалысының нәтижесінде бүгінде кеншілер қаласындағы қазақтардың үлес салмағы 30 пайыздан асып, мемлекеттік тілде оқы­­татын үш мектеп аузы-мұрнынан шығып тұр. Руд­ныйға қарайтын Қашар­дағы мектепте де қазақ сынып­тары көбейіп келеді. Бұл білім мекемесі де келешекте қан­дастардың есебінен қазақ мек­тебіне айналмақ.

 

Қостанай облысы,

Рудный қаласы