Қазақстан • 14 Мамыр, 2021

Халықаралық құжаттар қабылданды

256 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиында депутаттар Армения мен Қырғызстанның кедендік баждарын ЕАЭО мөлшерлемесіне кезең-кезеңімен интеграциялайтын заң жобаларын қабылдады.

Халықаралық құжаттар қабылданды

Атап айтқанда, «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения Респуб­ликасының қосылуы туралы 2014 жылғы 10 қазандағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Құжат жөнінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.

«Арменияның Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа қосылу барысында 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін кейбір тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде көз­делгеннен неғұрлым төмен импорт­тық кедендік баждарды қолдану мүмкіндігі берілген. Арменияның алып қою тізбесі 981 тауар позициясынан тұрды. Олар: азық-түлік тауарлары, ет, жарма, химиялық өнімдер, автомобильдер, дәрі-дәрмектер, жабдықтардың, құралдардың және асыл тастардың кейбір түрлері. 2019 жылғы желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында Арменияның Премьер-министрі Бірыңғай кедендік тарифке көшу кезеңін ұзарту туралы өтініш білдірді. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес­тің құрметті төрағасы – Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өтпелі кезең 2019 жылы аяқталған тауарларға қатысты төмен импорттық баждарды қолдану мерзімін 1 жылға ұзартуға келісті», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, 2020 жылы алып қою тізбесі 647 тауар позиция­сын құраған. Ал 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Арменияда тек 94 тауар түрі қалды. Оларға 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін төменгі импорттық баж салығы қолданылады. Бұл тізімге ет, жарма, көкөністер, асыл тастар мен жабдықтар сияқты тауарлар кіреді.

Сондай-ақ Сенат отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эконо­ми­калық одақ туралы шартқа Қырғыз Респуб­ликасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырдағы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.

«Қырғызстанның Еуразиялық эконо­ми­калық одақ туралы шартты қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы хаттамамен Қырғыз Республикасына 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін кейбір тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде көзделгеннен неғұрлым төмен импорттық кеден баждарды қолдануға мүмкіндік берілді. Қырғыз Республикасының алып қою тізбесі 222 тауардан тұрды. Бұған азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмектер, автомобильдер, түрлі-түсті металл бұйымдары мен жабдықтар сияқты тауарлар кіреді. Мемлекеттің тұрақсыз экономикалық және әлеуметтік жағдайын ескере отырып, Қырғыз Республикасының Президенті 2019 жылғы желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одақ Мемлекеттері басшыларының Саммиті барысында алып қою тауарларына қатысты неғұрлым төмен баждарды қолдану мерзімін ұзарту туралы өтініш білдірді. Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттер басшылары, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өтпелі кезеңді 1 жылға ұзартуға келісе отырып, ізгі ниетін білдірді. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қырғыз Республикасы барлық тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелеріне көшті», деді Б.Сұлтанов.

Айта кетерлігі, аталған заң жобалары Армения мен Қырғызстанның кедендік баждарын ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемесіне кезең-кезеңімен интеграциялауға мүмкіндік береді. Соған байланысты екі мемлекет үшін өтпелі кезең 1 жылға неғұрлым сезімтал тауарларға қатысты ЕАЭО тарифін толық имплементациялауға дейін ұзартылады.

«Бүгін қабылданған заңдар Қырғыз және Армения республикаларының аумақтарына үшінші елдерден әкелінетін бірқатар тауар тізбесі бойынша кедендік-тарифтік реттеу саласын қамтиды. Нақты айтқанда, бұл елдер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қарастырылған уақытша жеңілдіктерді әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланыс­ты бір жылға ұзартуды сұраған. Өтініштер тиісті деңгейде қолдау тапты. Жалпы, бұл заңдар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестік пен ынтымақтастық қатынастарды нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Ақылбек Күрішбаев өзінің депутаттық сауалында тұқым шаруашылығы мен селекциялық ғылым саласындағы елеулі проблемаларды шешуді кешеуілдетуге болмайтынын атап өтті. Ақылбек Күрішбаевтың сөзіне қарағанда, тұқымдық материал сапасы төмендеп барады. Ал ауыл еңбеккерлері жыл сайынғы жинайтын егін де азайып отыр. Сенатордың айтуынша, өнім сорттары мен будандарының шамамен 70 пайызы, бірқатар дақыл шетелден әкелінеді. Яғни импорттық өнімдерге толық тәуелдіміз және азық-түлік саласындағы тәуелсіздігіміз жоғалып бара жатыр. Сонымен қатар әкелінетін тұқымдардың басым көпшілігі еліміздің топырақ пен климаттық жағдайына бейімделмеген. Сонымен қатар депутат бөлінген мемлекеттік субсидиялар шетелдік тұқымдарды арзандатуға жұмсалатынына наразы. Бұл ретте, отандық аграршы ғалымдарға өз жұмыстарын жүргізу үшін биыл әлі күнге дейін қаржы бөлінген жоқ. Осыған байланысты А.Күрішбаев ғылымдағы жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Оның басты мақсаты – жоғары өнімді және күйзеліске төзімді сорттар мен дақылдардың будандарын әзірлеу болуы керек. Бұл үдеріске міндетті түрде отандық аграрлық ҒЗИ мен жоғары оқу орындары, биотехнология орталықтары, сондай-ақ жетекші шетелдік ғалымдар қосылуы тиіс. Бұл үдерісті заңнамалық қолдау да маңызды.

Сенатор сондай-ақ тұқым шаруашылығы жүйесіне мемлекеттік қолдауды күшейтіп, отандық сорттарды субсидиялау тетігін қайта қарау керек деп санайды. Бұл ұсыныстардың бәрі 2021-2025 жылдарға арналған аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан ұлттық жобада көрініс тапқаны жөн.

Сенатор Әлімжан Құртаев еліміздің оңтүстік өлкесінің тұрғындарын солтүстік аймаққа қоныстандыру жөніндегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу барысын сынға алды. Құртаевтың пікірінше, әкімдіктер көбінесе қоныс аударушыларға өмір сүру мен еңбек етуге лайықты жағдай жасамай отыр.

«Көшуге ниет білдірген отбасы қоныс аударушыларды қабылдайтын аудандар туралы барлық ақпаратқа толықтай қол жеткізе алмайды. Сондықтан олардың таңдауы шектеулі болып отыр. Кейбір әкімдіктер отбасын қалаған ауылға емес, әкімдік өзі көрсеткен ауылға жібереді. Тағы бір мәселе – тұрғын үй мәселесі. Кейбір өңірлерде жаңа жеке тұрғын үйлерді салу жұмыстарымен фермерлік шаруашылықтар айналысады және үйлерді ресми келісу процесін толық өткізбестен сала береді. БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес құрылыстың сапасы қойылатын талаптарға жауап бермейді», деді Әлімжан Құртаев.

Сенатордың ұсынысы – түсіндіру жұмыстарын күшейту. Ол үшін кем дегенде жіберуші және қабылдаушы салаларда Call-орталықтар ашу қажет. Онда қоныс аударушыларға толық ақпарат және олардағы барлық сұраққа жауаптар берілуі керек. «Аталған Call-орталықтардың тиімді жұмыс істеуі үшін бос жұмыс орындары, тұрғын үймен қамтамасыз ету, көрсетілген облыстарда шаруашылықтың қандай түрімен айналысуға болатыны секілді мәселелер бо­йынша көшуге ниет білдірген азаматтарды хабардар ете алатын мамандарды тарту қажет», деді Әлімжан Құртаев.

Сенатор банк несиелері бар көшіп-қонушыларға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге несиелік демалыс беруді ұсынып отыр. Бұл көбінесе көшу процесінде туындайтын қарыздардан кейін азаматтарға субсидия беруден бас тартылатын болғандықтан аса маңызды.