Аймақтар • 17 Мамыр, 2021

Отандық ғалымдар жылқы тұқымын асылдандыруға кірісті

725 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде өсіріліп жатқан жылқы малының тек 17-18 пайызы ғана асыл тұқымды. Қазақстан Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Нәбидолла Кикебаевтың пікірінше, бұл өте төмен көрсеткіш. Елімізде жылқы тұқымын асылдандырумен айналысатын мамандар да тапшы.

Отандық ғалымдар жылқы тұқымын асылдандыруға кірісті

«Жылқы тұқымын бағалап, бонитир жасайтын, яғни малдың асыл тұқымдық құндылығын олардың кешенді белгілері – тұқымдылығы, тегі, өнімділігі, тұлғасы, дене құрылымы, тірілей салмағы бойынша бағалау жолымен анықтайтын мамандар өте қажет. Мұнсыз асылдандыру жұмысы жүйелі жүрмейді. Мұндай курстарды мамандар бұрын Ресейден оқып келетін. Осы мамандардың оқытылмағанына көп жыл өтіп кетті. Оларды дер кезінде дайындау қажет, қай жолмен жүріп, қандай жылқы ұстауымыз керек, қазақ жылқысы қандай болуы керек деген дүниені айтатын, үйрететін орын керек. Біз осы мәселені қолға алдық. Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының Республикалық палатасы Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен бірлесіп, AGROTECH HUB жобалық кеңсесінде «Жылқылардың тұқымдық құндылығын бағалау. Жылқы өсіру технологиясы» тақырыбында оқыту курсын ұйымдастырдық», дейді палата төрағасы, қазақ жылқысының жоқтаушысына айналған ғалым, Мұғалжар жылқысының авторы Нәбидолла Аханұлы.

Нәбидолла Кикебаев бұрын Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытын басқарған. Сол жерде де жылқы тұқымын асылдандырушы мамандар дайындалған екен.

«Асылдандыру жұмысы жақсы жолға қойылған мемлекеттерде 100 пайыз асыл тұқымды жылқы өсіріледі. Оларда тұқымсыз жылқы болмайды. Біз де осындай жағдайға жетуіміз керек. Алайда оған әлі алыс» дейді ғалым.

Өткен аптада Орал қаласында өткен арнаулы курсқа Астана, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Орал қалалары мен облыстарынан 12 адам қатысқан. Әрине, бұл өте аз. Бірақ ұйымдастырушылар карантин талабына сәйкес көп адамды жинауға мүмкіндік болмағанын айтады.

Ғалымдардың айтуынша, жылқы өсіру технологиясы – өте күрделі мәселе. ТМД елдері бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы жұмыстарды біркелкілендіру бойынша маңызды құжаттарда да көптеген өзгеріс бар.

«Біз де сол өзгерістерге сәйкес жұмыс жасауымыз керек. Асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамыту жөніндегі республикалық жылқы палатасының да жұмысын жаңғыртып, қайта құрдық» дейді Нәбидолла Кикебаев.

Курсқа қатысушылар асыл тұқымды жылқыларды сақтап қалу, генетикалық зерттеу жүргізу, сұрыптау бағытында пайдалы дәріс алды. Сонымен бірге жылқы өсіру технологиясымен жоғары деңгейде айналысып жүрген шаруашылық басшылары өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Осы курсқа қатысқан мамандар өзінің және айналасындағы шаруашылықтардың асылдандыру жұмысын сауатты жүргізуіне үлесін қосары сөзсіз. Нәтижесінде Қазақстандағы жылқы шаруашылығын асылдандыру жұмыстары дами түспек» дейді Ақтөбе облысы Алға ауданынан келген «Жансая» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Базарғалиев. Ол бүгінде практиканы теориямен жетілдіріп, магистратурада білім алып жүрген маман.

Курс барысында тәжірибелік сабақтар жүргізіліп, қатысушылар Теректі ауданындағы «Ақбота» және «Рысжан» шаруа қожалықтарында болды. Сондай-ақ Жәңгір хан университеті жанындағы ғылыми зерттеулер жүргізетін сынау орталығында да практикалық сабақтар өтті. AGROTECH HUB жобалық кеңсесінің жетекшісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Кушалиев «жылқы шаруашылығы – Жәңгір хан университеті базасындағы AGROTECH HUB жобалық кеңсесінің негізгі жұмыс бағыттарының бірі» екенін атап өтті.

36 сағаттық курс жұмысы аяқталып, қатысушыларға тиісті сертификаттар берілді.

«Мұндай курстарға қатысу үшін мамандарда базалық зоотехниктік білімі болуы шарт. Біздің курстың сертификатын алған соң олар жылқы тұқымын асылдандыру жұмысымен айналысады, жағдайды бағалап бере алады. Әрине, мұндай бағалау ісі көп салалы: шаруашылықтағы малдың құжаттары да қаралады, арнайы құралдармен өлшенеді. Туып жатқан құлындарын бағалайды. Биемен жұптау жұмысын жүргізеді, мұның бәрі үлкен шаруа. Бұл мамандар қамыс құлақ, қоян жақ, бөкен қабақ деген сияқты атбегіліктің ұлттық сипаттарын да білуі тиіс» дейді бізге Нәбидолла Кикебаев.

Болашақта дәл осындай оқыту курстары Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларында, ғылыми аккредитациясы бар ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарында өтуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • Кеше