Ірі құрылыс кезінде 6 млрд теңгеге жуық қаражатты жымқырды деген айып 7 адамға тағылған болатын. Олардың қатарында: Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, бұрынғы депутат әрі мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов, Astana Innovations АҚ-тың бұрынғы басшысы Талғат Әшім, сонымен қатар әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері Ұлықбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мүсенов пен Дәурен Абдыхамитов бар. Енді осы жетеу 11 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Тарқатып айтқанда, прокурор
Диас Янгалышов айыпталушы Рашид Аманжоловты 11 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынып, Жанат Нұрпейісовті мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында, квазимемлекеттік ұйымдарда 5 жыл мерзімге дейін лауазымдарды атқаруға тыйым салып, 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бұрынғы депутатын «Құрмет» орденінен айыру ұсынылды. Құзырлы орган өкілі Astana Innovations басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшімге де 11 жыл сұрады.
Басқа сотталушылар – Ұлықбек Ачиловтің мүлкін тәркілеп, оны орташа қауіпсіздік колониясында 11 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, Тимур Қасабаевты орташа қауіпсіздік колониясында 8 жыл бас бостандығынан айыруды, Дулат Мұсеновті жеке мүлкін тәркілеп, орташа қауіпсіздік колониясында 7 жылға, Дәурен Әбдіхамитовті де мүлкін тәркілеп, орташа қауіпсіздік колониясында 11 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
Прокурор сот отырысы кезінде Р.Аманжолов пен Ж.Нұрпейісовтің бұл қылмыста ерекше рөлге ие екенін айтты. Айта кетейік, айып тағылған 7 адамнан бөлек тағы екі күдіктіге «Интерпол» желісі бойынша халықаралық іздеу жарияланған болатын. Олар Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан және елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков.
Прокурор Диас Янгалышовтың мәлімдеуінше, Қылмыстық кодекстің 52-бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес, қылмыс жасаған адамға оны түзеу, жаңа қылмыстардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуға тиіс. «Қылмыстық кодекстің осы бабының үшінші бөлігіне сәйкес жаза тағайындау кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі, кінәлінің жеке басы, оның ішінде қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамды түзеуге, оның отбасының және оның асырауындағы адамдардың өмір сүру жағдайларына әсері ескерілетін болады», деді ол.
Сондай-ақ прокурор «Астана LRT» ЖШС-нің 5 млрд теңге көлеміндегі мүліктік зиянды өтеуге қатысты азаматтық талапты үлестік тәртіппен қанағаттандыруды, сондай-ақ сотталушылардан 4 миллион теңге көлеміндегі процестік шығындарды өндіріп алуды сұрады.
Естеріңізде болса, өткен жылдың қазан айында басталған Astana LRT ісі бойынша жеті сотталушыға жеңіл рельсті трассаны салу кезінде 5,7 млрд теңгені ұрлады деген айып тағылған еді. Ал 8 эпизодтан тұратын қылмыстық іс 155 томға жеткен.