Аймақтар • 19 Мамыр, 2021

«Сары аймаққа» қайта оралды

182 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Павлодар облысы 17-мамырдан бастап «қызыл аймақтан» шықты. Облыс аумағында індет таралуының өсуіне байланысты 26-сәуірден бас санитарлық дәрігердің қаулысымен «қызыл аймақтың» шектеу шаралары күшіне енген болатын-ды.

«Сары аймаққа»  қайта оралды

Денсаулық сақтау басқарма­сы­ның басшысы Айдар Сейітқази­новтың айтуынша, қазір өңірде екпе алушылар қатары көбеюде. Облыста коронавирусқа қарсы ек­пе­­нің алғашқы компонентін 66 147 адам алған. Екінші компонент 24 973 адамға салынған. Отандық вакцинаны 968 адам алды.

Қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы – екпе алу екенін өңір тұрғындары да түсіне бастады. Өйткені, індеттің қауіптілігін өңірдің «Қызыл аймаққа» қайта­ла­нып түсе беруінен-ақ көріп, біліп отыр. Облыс орталығындағы Торайғыров университетінің оқы­т­ушылары мен студенттері, қыз­меткерлері оқу орнындағы дәрі­гер­лік амбулаториядан екпе алуды бастап кетті. Медициналық бөлім­шенің бас дәрігері Нұрлан Ораза­лин­нің айтуынша, екпе егу шарасы күні бойы өтеді. Қазір вакцинаның алғашқы компонентін 150-ге жуық адам алса, екінші дозаны 20-дан астам адам қабылдаған.

– Әрине, студенттер де бар. Медициналық бөлімше өз еркімен екпе алғысы келетін кез келген адам­ды қабылдайды. Медбикелер вак­цина салдыруға келген әр адам­ның денсаулығын тексереді. Індетке қарсы егілетін екпе жайында түсіндіріп, жазбаша түрде рұқсат алады. Екпе қабылдағандардың ішінде жағдайы нашарлаған адамдар болған емес, – дейді дәрігерлер.

Дәрігерлік амбулаторияда күні­не 10-15 адамға екпе жасалады. Ме­дициналық бөлімшенің дәрігер­лері де екпе алуда.

Аудандарда да індетке қарсы екпе егу шарасы жүргізілуде. Әр ауданда екпе салу барысы дұрыс ұйымдастырылған жағдайда мамыр айының соңына қарай адамдарды 5-тен 15 мыңға дейін вак­ци­налауға болар еді. Сондықтан, облыс әкімдігі тұрғындар арасында дүрбелең тумас үшін, олар екпені қайдан алатыны туралы ақпараттан хабардар болуы тиістігін, қалалар мен аудандар әкімдеріне барлық егу пунктін аралап, жұмысын үздіксіз бақылайтын тұрақты топтар құруды тапсырды. Мысалы, Баянауыл ауданында 2 464 адам вакцина алған. Аудандық аурухананың бас дәрігері Серікжан Арыновтың айтуынша, шалғайда, тау баурайындағы ауыл тұрғындарына екпе салуға арнайы бригада барды. Медициналық бригада әрбір ауылдан шақырту түскен бойда жолға шығады. Құрамында 2 дәрігер, 2 медбикесі бар бригада әр ауылдан 20-30 адамға дейін екпе салуда.

– Осы аптада Қ.Сәтбаев атындағы және Ұзынбұлақ ауылдарындағы тұрғындарға екпе егілді. Сонымен бірге, Баянауылдағы «Майқайың алтын» АҚ-тың 775 жұмысшы-қызметкері де екпе қабылдады, – дейді С.Арынов.

Ауылдағы және ауылдар ма­ңа­йын­­­дағы кәсіпорындар үшін еңбек адамының денсаулығы ма­ңыз­ды. Індет кезіндегі басты шарт – қауіпсіздік. Компания қызметкерлер мен мердігерлердің қауіпсіздігіне, денсаулығын сақ­тауға басымдық беруде. Еңбек адам­дарын қорғау және жұмыс­та­ғы кідірістер қау­пін азайту үшін індетке қарсы тес­тілеу мен оқ­шау­лауды қоса алған­да, кешенді шаралар әлі де қабыл­да­ну­да. Яғни, «сары аймаққа» өту «қызыл аймақтағы» шектеу шараларында екпе алу арқылы ұжымдық иммунитет қалыптаса бастағанын білдіреді. Облыс әкімдігі қалалар мен аудандарда екпе егілетін жер­лер­дің тізімін тұрғындарға хабар­лап, ақпараттық жұмыстарды жал­ғас­тыруда. Қазір 135 егу орны да­йындалған. Арнайы орындарға ба­рып екпе жасайтын 37 топ та бар. Сон­дықтан, қандай аймақ болсын, індет таралуы жағдайында сақтану, жақы­нына жанашыр болу әркімнің мін­деті.

 

Павлодар облысы