– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Елбасы кітапханасында Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуының 60 жылдығы және Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштағы алғашқы сапарына 30 жыл толуына арналған «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесі ашылды. Көрме атауы Олжас Сүлейменовтің ғарышты бағындырған адамзатты әйгілеп, күллі әлемнен сүйінші сұраған поэмасынан алынып отыр. Ауқымды көрменің арқауына айналған атау да адамның қиялына қанат бітіреді. Бүгінгі кездесуіміздің құрметті қонағы – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров. Басқосудың да, көрменің де жаңа елордадағы Елбасының алғашқы жұмыс резиденциясында өтуінің символдық мәні бар, өйткені оның салиқалы саясатының арқасында Байқоңыр бұрынғысынша өзінің стратегиялық маңызын сақтап қалды. Қазақстан өзінің ғарыш саласын қалыптастырып, батырларын аспан әлеміне аттандырды. Еліміздің әлемдік ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесі туралы айта келе, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Байқоңыр – күллі адамзаттың игілігі, оның әлемдік космонавтикадағы тарихи рөлі зор» деген болатын. Біздің көрме – соның жарқын дәлелі. Елбасы кітапханасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қызылорда, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен және «Роскосмос» МК, Қазақстандағы Россотрудничество өкілдігі, Мәскеудегі Ю.А.Гагарин атындағы Космонавтика музейі мен Украинадағы С.П.Королев атындағы Ұлттық космонавтика музейі секілді шетелдік серіктестерімен бірге осы жобаны жүзеге асырды, – деді іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Ол қатысушыларды көрме серіктестері – Ю.А.Гагарин атындағы Космонавтика музейі (Мәскеу қ.) және С.П.Королев атындағы Ұлттық космонавтика музейі (Житомир қ.) өкілдерінің бейнеүндеулерін көруге шақырды.
– Ғарышты игеру басталғаннан бері 60 жыл өтті. Бұл – адамның өмірі үшін аз көрінгенімен, адамзат үшін ғарыш кеңістігін игерудің алғашқы қадамы. Баршаңызды осы мерейлі мезетпен құттықтаймын! Өткен ғасырдың басында Эдуард Константинович Циолковский айтқан армандарды жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Біз, адамзат, басқа планеталарды бағындырамыз. Бұл сәт алыс емес. Ал осы кездесуде отырған жастар бұған куә болып қана қоймай, сонымен қатар қатысушы да болуы мүмкін, – деді өзінің құттықтау сөзінде Тоқтар Әубәкіров.
Іс-шараға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының №72 мектеп-
лицейінің оқушылары мен Сервис және туризм колледжінің студенттері жиын алдында «Жер-Ана. Тұңғыштар тоғысы!» көрмесінің материалдарымен, адамзаттың ғарыш кеңістігіндегі алғашқы қадамдарының хроникасымен, ғарыш ғылымындағы жетістіктер және алғашқы ғарышкерлер Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев және А.Айымбетовтің ерліктерімен танысты.
Онлайн байланысқа (ZOOM арқылы) Нұр-Сұлтан қаласындағы Басқару колледжінің, Құрылыс колледжінің, Менеджмент және бизнес, Көпбейінді колледждің студенттері, Қажымұқан атындағы мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің оқушылары, сондай-ақ Қарағанды қаласындағы Лингва шет тілдері колледжінің білімгерлері, Маңғыстау облысы Бейнеу қаласы мектеп-гимназиясының, Ақтөбе облысы Қобда ауылдық мектеп-гимназиясының, Алматы және Тараз қалаларының Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары мен В.Пацаев атындағы Жас ұшқыштар мектебінің және «Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты» РММ-нің курсанттары шықты. Кездесуге қатысушылар Қазақстанның тұңғыш ғарышкеріне көкейдегі сұрақтарын қойды.
«Бұрындары ғарышкерден мықты денсаулық талап етілетін. Бірақ бүгінде ғарышкер болу үшін ғылымға құштар болудың өзі жеткілікті. Адамның ғылыми білімі ғана оны ғарышқа алып шыға алады... Бала кезімнен ұшқыш болуды армандайтынмын. Гагариннің ұшқан кезінде бәрі ғарышкер болғысы келді, ал мен ұшқыш болам деген ойымнан айныған жоқпын. 1989 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездескен кезімде ол кісі маған ғарышқа ұшу керек екенін айтты, мен қазір мұны істей алмаймын деп жауап бердім. 1991 жылы тағы жолықтық. Сол кезде ол кісі мұның оған, маған емес, халық үшін қажет екенін айтты. Мен келісіп, ғарышқа ұшуға дайындала бастадым. Ғарышқа сапарымды өз халқыма арнадым. Осы күнге дейін мені таңдаған еліме, Елбасымызға алғысымды айтамын. Тағдырыма ризамын! Ұшып бара жатып мен өз жерімізге қарадым да: «Енді сені қайтіп көре алам ба, туған Жерім, қасиетті Қазақстаным» дедім. Кез келген ғарышкер адам болғандықтан, қорқыныштың болуы да заңдылық. Кез келген ғарышкердің қорқынышты жеңе алатын талпынысы бар» деді тұңғыш ғарышкер.
Жуырда Елбасы кітапханасында Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен онлайн-кездесу өтті. Іс-шара көпшілікке арналған бағдарлама аясында «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрме алаңында ұйымдастырылды.
«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше