Әлем • 23 Мамыр, 2021

Палестина мен Израиль қақтығысы тоқтады

3817 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Палестина мен Израиль атысты тоқтату туралы мәмілеге келді. Келісім өткен жұма күні кешке күшіне енді. Осылайша, 11 күнге созылған қанқұйлы соғыс аяқталды. Қақтығыс салдарынан 232 палестиналық пен 12 Израиль азаматы қаза тапты.

Палестина мен Израиль қақтығысы тоқтады

Хамас ұйымы жұма күні түнде атысты тоқтату туралы келісім кү­шіне енетінін растады. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Хамастың өкілі Әли Барака оқиғаны жеңіске балайтынын жеткізген.

Мәмілеге Мысыр араағайын бол­ғанын айта кеткен жөн. Бұған де­йін аталған елдің президенті Абдел Фаттаһ әл-Сиси Израиль мен Па­лес­­тинаға екі делегация жі­бере­тінін, олар келісімнің сақталуын ба­қы­лай­тынын мәлімдеген.

Газадағы денсаулық сақтау ұйы­м­ы қайтыс болғандардың 65-і бала, 39-ы әйел адам екенін хабарлады. Жарақат алғандар саны екі мың­ға жуықтаған. Израиль тарапы Хамас­тың Газадағы 160 мүшесін өлтіргенін хабарласа, аталған ұйым өкілдері 20 мүшесінен айырылғанын айтады.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Израиль мен Палестинаның атысты тоқтату режімін сақтауға шақырды. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастықты Палестина халқын қолдайтын, ондағы институттарды нығайтатын қайта құру пакетін жасауға шақырды.

«Израиль мен Палестина басшылары қақтығыстың негізгі себептерін жою үшін байыпты диалогті бас­тап, бей­бітшілікті қалпына келті­ру­ге кіріс­­уі қажет», деді   Антонио Гутерриш.

Бұдан бөлек, ол БҰҰ Израильмен, па­лес­тиналықтармен және басқа­лар­мен 1967 жылғы соғысқа дейінгі шекараны қалпына келтіру туралы келіссөз жүргізуге кіріскенін хабарлады.

АҚШ президенті Джо Байден дип­ломатиялық келіссөздердің арқа­сында атысты тоқтату келісімін сақ­тауға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. Осы елдің мемлекеттік хатшысы Энто­ни Блинкен алдағы уақытта өңір­ге барып, аймақты қалпына келтіру бойынша келіссөздер жүргізбек.

Байден 11 күнге созылған қақ­ты­ғысты аяқтауға келіскені үшін Нетаньяхуға алғыс білдірді. Сондай-ақ АҚШ-тың көмегімен жасалған Израильдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жоғары бағала­ды.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб тараптарды атысты тоқтату режімін бұзбауға, зорлық-зомбылық пен адам өмірін жалмайтын қақтығыстарды тоқтатуға шақырды. Ол Ұлыбританияның бей­бітшілікке жету жолындағы әре­кеттерді қолдайтынын айтты.

Әзірге мәміле туралы толыққанды ақпарат жоқ. Дегенмен Израиль тарапы Газа келісімін бірауыздан қол­даған. Al Jazeera агенттігіне сұхбат берген Хамастың баспасөз хат­шысы Абдел-Латиф әл-Қанау ұйым өз шарттарын қойғанын айтқан.

Олардың қатарында Шығыс Иерусалимдегі Шейх Джарра ауданынан палестиналық отбасыларды қудаламау, әл-Ақса мешітін қоршаған Израиль полиция қызметкерлерін тарату секілді талаптар бар.

«Израиль қарулы қарсылыққа тап болды. Сондай-ақ шабуылды бастағандағы айтқан мақсаттарының бірде-бірін орындай алмады. Қазір – Израиль үшін сынақ мерзімі. Газа­дағы қарулы топтар оны бақылауда ұстайды. Атысты тоқтату – уақытша келісім ғана. Күш жинап алып, Из­раиль­дің келешектегі қысымына қарсы тұру кезеңі», дейді әл-Қанау.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху шабуыл салдарынан Хамасқа үлкен соққы жа­салғанын, ол енді бірнеше жыл бо­йы бас көтере алмайтынын мәлім­деді. Оның айтуынша, Израиль әс­кері Газадағы Хамастың туннелін жо­йып жіберген, ракета сақтайтын қой­маларының күлін көкке ұшырған. Сондай-ақ 200-ге жуық Хамас мүшесі қаза тапқанын, соның 25-і лауазымды қызмет атқарғанын жеткізді.

Әйтсе де, елде Нетаньяхудың сөзі­не иланғандар көп емес. Ол былай тұрсын, келісімді жеңіліс деп мәлімдегендер де табылды. «Жаңа үміт» партиясының жетекшісі Гидеон Саардың сөзіне сүйенсек, мұндай келісімге ұялу қажет. «Әлемдегі ең үздік барлау қызметі мен әуе күштері бар екеніне қарамастан, Нетаньяху Хамаспен ешқандай шартсыз атыс­ты тоқтату туралы келісімге келді», дейді Г.Саар.

Израиль парламенті – Кнессеттің мүшесі Итамар бен Гвир «атысты тоқтату ұят жағдай», деді. Ал 2018 жылға дейін Израильдің қорғаныс министрі қызметін атқарған Авиг­дор Либерман атысты тоқтату Не­танья­худың кезекті қателігі деп есеп­тейтінін білдірді.

Al Jazeera агенттігінің мәліметіне сүйенсек, палестиналықтар бұл қақтығыста Хамас саяси да, әскери де тұрғыда жетістікке жетті деп есеп­тейді. Тіпті 11 күнге созылған со­ғыста Хамас айтарлықтай материал­дық шы­ғын әкелмесе де, Израильдің әлем­­дегі беделіне орасан нұқсан кел­тірді деп санайды.

Бұған негіз жетерлік. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Израильде де Нетаньяхудың шешімдерін айыптайтындар жетерлік. Халықаралық қоғамдастық та, БҰҰ да екі мемлекет шешімін қолдайды. Яғни Израиль мен Палестина 1967 жылға дейінгі шекараға қайтып оралып, Иерусалим екі елдің ортақ астанасы атануы тиіс.

Бұдан бөлек, әлемнің түкпір-түк­пірінде палестиналықтарды қол­дайтындар саны күннен-күнге кө­бейіп келеді. Тіпті таяуда АҚШ-та Палестинаны қолдауға байланысты өт­кен шеруге жүздеген еврей қа­тысты. Мұның өзі Палестинаға қа­тыс­ты Израиль жүргізіп отырған сая­сат­тың қаншалықты дұрыс еместігін айғақтайды.

Естеріңізде болса, бұл жолғы қақ­тығыс 10 мамырда басталған еді. Израиль үкіметі бірнеше жылдан бері Шығыс Иерусалимдегі Шейх Джарра ауданын мекендеген 7 араб отбасын көшіруге талпынып келген. Биыл осы мәселе шырқау шегіне жетіп, Израиль палестиналықтарды баспанасынан айыруға кірісті.

Кейіннен бұл оқиға Иерусалимде қызу талқыланып, наразылық күшейе түсті. Жеті отбасы мекендеген үйді 1956 жылы БҰҰ бас болып, Израиль басып алған территорияларды мекендеп, кейін босқынға айналған арабтардың меншігіне тапсырған-ды.

Бірақ Израильдегі «Нахалат Шимон» деп аталатын ұлтшыл ұйым аталған баспаналарды еврейлердің меншігіне беру қажеттігін алға тартады. Аталған елдің Жоғарғы Соты «Шейх Джарра оқиғасына» қатысты 10 мамырда шешім шығаруы тиіс еді. Межелі мерзім жақындан сайын қала көшелерінде наразылық күшейіп, Бас прокурор оны кейінге қалдыруды сұрады.

Өткен айда еврейлер Иерусалимде шеру өткізіп, «Арабтарға өлім кел­сін!» деп айқайлаған-ды. Бұл да онсыз да жарылайын деп тұрған ахуал­ды шиеленістіріп жіберді. Из­раиль полицейлері Рамазан айын­да палестиналықтарға ауызашардан соң Көне қаладағы Дамаск қақ­пасына жиналуға тыйым салып, бөгесіндер қойды. Палестиналықтар бұл шешімге қарсы шығып, кейін Израиль тыйымды алып тастады.

Оның үстіне, мұсылмандар үшін қасиетті Қадыр түні мен Израильдің Иерусалимді басып алу күніне ар­налған мерекесі қатар келіп қалды. Бұл да жанжалды ушықтырды. Ке­йін­нен Израиль полициясы Қадыр күні қарсаңында әл-Ақса мешітіне келген мұсылмандарды қудалады. Соның салдарынан бірнеше палес­тиналық қаза тауып, жиырма шақ­тысы жараланған.

Иерусалим мұсылмандар үшін де, еврейлер үшін де қасиетті саналады. Қаланың батыс бөлігін еврейлер мекендесе, шығыс бөлігінде мұсылмандар қоныс тепкен. Бірақ ең қасиетті мекендердің бәрі Шығыс Иерусалимде орналасқан. Мәселен, Қасиетті қабір шіркеуі мен Көне қала палестиналықтарға тиесілі аймақта. Сондай-ақ әл-Ақса мешіті де осында.

Тарихқа үңілсек, БҰҰ 1947 жылы 181-қарарында Палестина жерін бөліп, Палестина және Израиль мемлекеттерін құру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Араб елдері жоғары кеңесіне ұнаған жоқ. Көп ұзамай-ақ Иерусалимнің мүфтиі еврейлерге жиһад жариялады.

Бір жылдан соң 1948 жылы 14 ма­мырда Израиль тәуелсіздігін жария­лағанда Араб лигасы оларға со­ғыс ашты. Мысыр, Иордания, Ирак, Сирия, Ливан, Сауд Арабиясы, Йемен бірігіп, Израильге қарсы шық­қан. Бірақ арабтар америкалықтар қол­даған еврейлерді жеңе алған жоқ. Ке­р­ісінше, Палестина террито­риясы­ның 78 пайызынан айырылып қалды.

Міне, содан бері семиттер ұлы­сына жататын арабтар мен еврейлер бір-бірімен сыйыспай келеді. Алғашқы қақтығыстан кейін екі тарап бірнеше рет соғысып, оның зардабын қарапайым халық тартты. Бүгінде миллиондаған палестиналық өз үйінен айырылып, босып кеткен. Арабтар әлі күнге дейін Израильді бүйірден шыққан шиқан секілді көрсе, еврейлер атажұртымызға кел­дік деп есептейді.

Жалпы, бұл мәселеде халықара­лық қоғамдастықтың ұстанымы Па­лес­­тина жағында. Өйткені Из­раиль Иор­дан өзенінің батыс жаға­лауын 1967 жылғы «Алтыкүндік соғыс­та» басып алған болатын. Содан бері мұнда еврейлердің қонысын қалыптастыру  әрекеті белсенді жүргізіліп келеді. Қазір аймақтағы 140 елді мекенде 400 мыңға жуық еврей өмір сүреді. Ал мұнда нәпақа­сын айырып жүрген арабтардың саны 2 миллионнан асады. БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесі де, БҰҰ да еврейлер­дің қонысын заңсыз деп санайды. Өкінішке қарай, «Батыс жағалау» мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі  шешілген жоқ.