28 Сәуір, 2010

ИЫҒЫМЫЗДЫ ТАҚАП, ШЫНТАҒЫМЫЗДЫ СЕЗІНСЕК

500 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сәуірдің соңғы күндерінде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында “Еуразия: Мәдениеттер және ұрпақтар үнқатысуы” атты халықаралық форум өтеді. Осы шара алдында Журналистер одағының баспасөз клубында жур­на­листерге арналып берілген баспа­сөз мәслихатында Жазушылар ода­ғының төрағасы Нұрлан Ораза­лин Халықаралық Еуразия үнқатысуы тұғырнамасының дүниеге келуі тарихынан сөз қозғады. 1998 жылы зиялылардың бастамасымен құрыл­­ған бұл ұйымның басты мақсаты – Еуразия құрлығындағы халықтар­дың өзара үнқатысуына қол жеткізіп, ұлттар мен ұлттардың, мәдениеттер мен мәдениеттердің арасын жақын­дату, олардың бейбітшілікте өмір сүруін қамтамасыз ету. Жалпы, көне өркениеттер тоғы­сын­да тіршілік еткен көптеген халық­тардың мол мәдениеті, тілдері мен діндері қатар жүріп, әлемдік тарих пен мәдениеттің асыл жауһар­ларын тізген Еуразия дүниесін құрды. Біз осы үн­қа­тысу арқылы бір-бірімізбен ұғы­нысып, иығы­мызды тақап отырып, шынтағы­мыз­ды сезінгіміз келеді. Осы Жер шарында бірге тіршілік етуді бұйырт­қан адамзат баласы діни наным-сенім, саяси көзқарастар, мәдениеттер, идеология қалыптас­тырған қашықтықты жақындастыру мақсатында бірлесе қимылдап, бүкілғаламдық үйлесімге ұмтылсақ керек-ті, деген жазушы үнқатысу аясының жылдан жылға керегесін кеңейтіп келе жатқанын айтты. Сенатор Ғарифолла Есім әрбір халықтың өз мәдениеті бар, ал ха­лық сол мәдениеті арқылы ерекше­леніп, дараланып тұрады. Халықты халық қылып тұратын да сол мәдениет. Ал мәдениеттер үнқаты­суында осы даралықты жойып ал­май, бір-бірінің мәдениетін қадірлей отырып үнқатысудың маңызы зор, дей келіп, форумда қозғалатын әңгіменің бір өзегі осы болатынын айтты. Екінші мәселе–ұрпақтар арасындағы түсіністік. Аға буынның қасиеттеген құндылығы мен бүгінгі жаңа мыңжылдықтағы өскелең буынның қадірлер қасиеттісі не, осы екі арада ұғынысуға қалай жетеміз деген сауал да форумға жиналған­дардың қаперінде болатынын айтқан сенатор әңгіменің терең жүретіндігі­не күмәніміз жоқ, себебі, оған 16 мемлекеттің мықты зиялылары қатысқалы отыр деді. Еуразия үнқатысуы тұғырнама­сының ешқандай экономикалық мақсат қоймайтынын, саяси бір мүддеге бағытталмағанын айтқан Салих Акчай адамзат үшін ұлтына, дініне, түріне қарамастан, сол халық­тың, сол мәдениеттің бар екенін ұғынып, қабылдау аса маңыз­ды. Сондықтан біздің алға қойған мақсатымыз сол мәдениеттерді қолдауды, қорғауды жүзеге асырып, оның жоғалып, жойылып кетуіне жол бермеу, деді және сәуірдің 28-29-ы күндері болатын форумға қатысуға шақырды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.