Қоғам • 25 Мамыр, 2021

Армандар тоғысқанда

216 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде 500-ден ас­там жастар ресурстық орта­лығы бар. Жұ­мысына құлшына кіріскен жас­тардың қатарында Шамиль Дүйсенғазыұлы да жүр. Ол жетекшілік жасайтын Menin Armanym қоры санаулы уақыт ішінде айтарлықтай жетістіктерге жетті.

Армандар тоғысқанда

Шамиль Дүйсенғазыұлы Ал­маты қаласында дүниеге келген. Шаһардағы №173 мектеп-лицейді үздік тәмамдап, елордадағы KAZGUU университетіне түседі. Ортасынан ерен шығып, білім ордасындағы жастар ұйымын басқарады. Кейін­нен республика көлеміндегі «Сту­денттік ұйымдарды бағалау» жүйе­сін жаңғыртып, жаңа деңгейге кө­теруге ықпалын тигізеді. Одан өзге, Сулеймен Демирел атындағы университетте жастар комитетін қолға алып, алғашқылардың бірі болып Academic заң клиникасының негізін қалайды. Қазіргі таңда ол басшылық жасайтын Menin Armanym қоры ілгері қадамдар жасап жатыр. Соның дәлелі – аталған қор еріктілермен бірге онкологиялық ауруға шалдыққан 31 баланың арманын орындады. Жалпы, қор жұмысы арнайы тоқсанға бөлінген. Соның нәтижесінде, наурыз айына дейін 20 баланың, ал осы сәуір айында тағы 11 баланың арманын орындауға атсалысқан.

Қордың негізгі бағдары бүкіл республикаға бағытталған. Қазірдің өзінде Алматы қаласы және Түркістан, Батыс Қазақстан өңірлерінде ірі жобалар іске асты. Мұндай ауыр дертке шалдыққан балалаларды ем­дейтін ең ірі орталық Алматы қала­сында орналасқандықтан, басты ресурсты осы өңірге жұмсап отыр. Алматы қаласы бойынша 18 баланың, облыс бойынша 7 баланың қалауымен айтулы іс-шаралар жүзеге асырылды. Қалған балалар Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарынан болды.

Жуырда ұйым өкілдері мұхит асып, құпияға толы Мысыр еліне саяхаттап келді. Олар көне Мысырға Фариза есімді қыздың арманын орындауға барды. Сапар барысы қаншалықты қиын әрі қызық болғанын Шамиль Дүйсенғазыұлының өзі тарқатып берді.

«Бұл сапар – қордың мерейтойына тұспа-тұс келген 25-арманымыз. Неге десеңіз, еріктілермен бірге қысқа уақыт аралығында 7 жас пен 18 жас арасындағы балалардың арманын орындауға бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығарып келеміз. Фариза Сүлейменге тоқталсақ, ол – Қызылорда облысы Қазалы ауданы­ның тумасы. Сол ауылда оқып жүріп, онкологиялық аурумен ауырады. Қазалы ауданына әріптесім Олжас Еспанмен бірге барып қайттық. Фариза бүгінгі таңда мектептегі 11-сыныпта білім алып жүр. Оны елімізге танымал білікті хирург маман емдеген екен. Біз барған кезде денсаулығы біршама қалпына келген көрінеді. Себебі бұған дейін оның тіпті мектепке барып, сабақ оқуға да денсаулығы мүмкіндік бермеген», дейді қор директоры.

Шамиль Дүйсенғазыұлының ай­туынша, алыс сапарға отандық ту­ристік компания қолдау көрсеткен. Бұл арманды орындау өзге ар­мандарға қарағанда өте қиын болған көрінеді.

«Бұл арманды орындауға бір айдан аса уақыт кетті. Бұл кезде Фаризаның басында аппарат болғандықтан, көп шуылды көтере алмайтын еді. Соны білгеннен кейін оның дәрігерінен рұқ­сат алып, ата-анасынан қолхат ал­дық. Айтарлықтай тәуекелге бардық. Ең қуаныштысы, сапарымыз ойдағыдай болды. Басқа балалардың арманының орындалу уақыты бір күн болса, ал Фари­занікі төрт күнге созылды. Шарм әл-Шейх курорттық аймағына бардық. Енді осындай мерейтойлық сәттерді кең көлемде өткізуге тырысамыз», дейді Шамиль Дүйсенғазыұлы.

Қазіргі күні Menin Armanym қоры көлдің тамшысындай болса да, біраз асуды бағындырып жатыр. Басқа қорларға қарағанда, айтулы жетістіктері бар. АҚШ-тағы Make-A-Wish Foundation, көршілес Ресейдегі «Мечтай со мной» деген жобалар секіл­ді өз өміршеңдігін көрсету үстінде.