Аймақтар • 25 Мамыр, 2021

Жазғы демалыс маусымын қалай өткіземіз?

1334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқу жылын аяқтаған оқушылардың бәрі де жаз мезгілін ойдағыдай өткізгісі келе­ді. Бүгінде олардың жазғы маусымын тиімді өткізу мақсатында Жамбыл облыстық білім басқармасы тиісті жұмыстар жүргізуде. Бұл ретте орын алып отырған ахуалға байланысты санитарлық талаптар мейлінше сақта­латын болады.

Жазғы демалыс маусымын қалай өткіземіз?

Биылғы жазғы демалыс маусымында өңірдегі 1 және 10-сынып арасындағы 223 432 оқушыны толық сауықтырумен қамту жоспарланып отыр. Оның 70,3 пайызы жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен, ал 30,7 пайызы еңбекпен және демалыс шараларымен қамтылады деп жоспарланған.

«Осы мақсатта көпбалалы, сондай-ақ аз қамтылған отбасы балаларының жазғы сауықтыру демалысына жергілікті бюджеттен 555 млн 877 мың теңге қарастырылған. Облыс бойынша қала сыртындағы 11 сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде балаларды демалыспен қамту мақсатындағы конкурс жарияланды. Сонымен қатар жаз уақытында санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып, туристік саяхаттар мен экскурсияларды және спорттық жиындарды ұйымдастыру жоспарлануда. Оған шамамен 22 мыңға жуық оқушыны қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова.

Сондай-ақ бүгінде облыстағы мектептер мен мектептен тыс білім мекемелеріндегі тіл үйрену, өнер және техника бағыттары бойынша үйірмелеріне 6 мыңға жуық балаларды тарту көзделген.

Ал жергілікті әкімдіктер мен тиісті мекемелерге қарасты аула клубтарында 31 мыңнан астам баланы қызығушылықтары бойынша қамту жоспарланған. Басқарма басшысы жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ қамқорлыққа алынған және патронаттағы 1 012 баланы, 41 289 аз қамтылған отбасылардың балаларын, мүмкіндігі шектеулі 915 баланы, диагноздарына байланысты және девиантты мінез-құлықты 1 136 баланы жергілікті ахуалға байланысты жазғы демалыспен қамту жоспарланып отырғанын да жеткізді.

«Бүгінде жалпы білім беретін мектептер «Жазғы демалыс кезінде сауықтыруды, демалысты және жұмыспен қамтуды ұйымдастырудың өзекті мәселелері» тақырыбында ағымдағы жылғы 16 сәуір күні өткен республикалық кеңестің ұсынымдары бойынша жұмыстар жүргізуде», дейді ол.