– Ерекше балаларға арналған инклюзивті кабинет, Рудный қаласында біздің мектепте ғана бар. Кабинетке алдымен Елбасы қорынан келген жоспар мен дизайнға сәйкес жөндеу жүргізілді. Одан кейін «Самұрық-Қазынадан» бөлінген қаржыға көптеген заманауи арнайы оқу-тәрбие жабдықтары мен құрылғылар сатып алынды. Қазір мұнда психолог мамандар, тәжірибелі мұғалімдер мен олардың көмекшілері жұмыс істеп жатыр. Олар баланы сабақтың басынан аяғына дейін бақылап, қажет кезде көмектесіп отырады. Баланың сабақ тыңдауын, мұғалімнің сұрағына жауап беруін, сабақ үстіндегі көңіл күйін сырттай инклюзивті кабинет педагогы бақылап отырады. Ерекше бала, көбіне, сабақтан тез шаршап, тез жалығады. Сондықтан сабақ үстінде басқа нәрсеге көңіл аудара бастайды. Осы сәтте біз баланы жалпы сыныптан алып кетеміз де, инклюзивті кабинетке апарамыз. Келесі сабақ басталғанда да дәл осылай қайталаймыз, – деді Г.Кашбулина.
Мамандардың айтуынша, инклюзивті білім беру баланы емес, оқу жүйесін өзгертуді көздейді. Мұндай кабинеттердің жұмысы ерекше балалардың дамуына, айналамен қарым-қатынас жасауына өте қажет және уақтылы бағдарламаға негізделген.
Бүгінде инклюзивті мектепте «Қамқорлық» жобасының қолдауымен ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар оқып жатыр. Олардың бірі даярлық сыныпта, төртеуі бірінші, екеуі екінші, үшеуі үшінші сыныпта оқиды. Баласын оқытып жатқан ата-ананың бірі – Юлия Чикилева. Юлияның ұлы – Богданның диагнозы аса күрделі. Бала өздігінен қозғала алмайды.
– Біз Богданды үйде оқытуға дайындалып жүргенбіз. №17 мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы кабинет ашылыпты дегенді естіп, осындағы 1 «б» сыныбына алып келдім. Баламды мектепте педагог-ассистенттер күтіп алып, шешінуіне, кабинетке кіруіне көмектеседі. Одан кейін жалпы сыныптағы сабаққа апарады. Ұлым балалармен бірге жалпы сыныпта білім ала бастағалы өзімнің де көңілім жай тапқандай болды. Оған мектеп қабырғасында еш кедергі жоқ: кабинеттегі ойын, спорт, оқу алаңдарының қай-қайсына да жол ашық. Мектепте баламмен күнделікті логопед, дефектолог, психолог мамандар айналысады. Бұған дейін мұндай мамандарды өз ақшамызға жалдап келдік, кейде маман жалдауға қаржы табылмай қысылып қалып та жүрдік. Енді мұның барлығы тегін. Мемлекеттің қамқорлық-қолдауын сезіну – біздің де Богданның болашағына деген үмітімізді оятты. Богдан да бұрынғыдай емес, қазір белсенді, сергек, көңіл күйі де тамаша, – деді Ю.Чикилева.
Богданның өзі де мінезі ашық, сүйкімді бала екен. Тілі де біршама түсінікті: «Мен бірінші сыныпта оқимын. Сыныптас достарым күн сайын күтіп алады. Олар маған күртемді шешуге көмектеседі. Мектепте өте қызық. Наталья Борисовна сабағыма көмектеседі. Шаршап кетсем, екеуміз кабинетке барамыз, ойнаймыз. Мен пазлдар мен кубиктерді жинаймын. Суретке қарап әріп үйренемін. Массаж жасайтын жолмен жүремін, үлкен жұмсақ орындыққа жатып демаламын. Менің сыныптастарыммен бірге ойнағым келеді. Ол үшін жүріп үйренуім керек», дейді Богдан.
Инклюзияны қолдау кабинетінің меңгерушісі Наталья Фролованың сөзінше, кабинетте әдістемелік кеңес бөлмесінен бөлек, баланы оқытатын, ойнататын, қозғалыс дағдыларын дамытатын бірнеше бөлме бар. Әдістемелік кеңес бөліміне кабинет меңгерушісі, әдіскер, психолог, логопед, дефектолог мамандар орналасқан. Кабинеттің оқу бөлмесінде балалардың жеке сабақтарына арнайы жабдықталған алты парта мен орындықтар, педагог-ассистенттің әдістемелік және көрнекі құралдарын пайдалануға керекті көпфункционалды жылжымалы стеллаж тұр. Ойын алаңы да тартымды. Мұнда неше түрлі дамыту сипатындағы танымдық ойындарға арналған ойыншықтар мен әдістемеліктер бар. Интерактивті тақтаны пайдалана отырып, жеке, топтық ойын сабақтарын да ұйымдастыруға болады. Ал қозғалыс бөлмесі баланың қозғалыс белсенділігін, демалыс және сенсорлы сергіту режімінің сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл бөлмеде жұмсақ төсеніштер мен жұмсақ орындықтар, терапевтік доптар, қалың көрпешелер мен массаж-кілемдер, гамак, батут және швед сатылары мен жұмсақ қабырға панелдерімен жабдықталған.
– Бізде жұмыс істеп жатқан педагог-ассистенттер «Балама» орталығында арнайы оқудан өткен. Баланың бастапқы дағдыларын анықтап, жеке жоспарын жасап, білім беру барысында дамудың әр сатысын қадағалап, бағалай алады. Бейімделген бағдарламаның бір ерекшелігі – мұнда ақпаратты игерудің жеке әдістері пайдаланылады. Яғни айрықша әдістеменің көмегімен өз сыныптастары алып жатқан білімді ерекше бала да ала алады. Ал сынып мұғалімі әр ерекше балаға лайықтап ерекше оқу бағдарламасын жасап, сынып сабақтарында, сондай-ақ инклюзивті кабинеттегі жеке жұмыс барысында жүзеге асырады. Бала оқу бағдарламасын игергісі келмеген жағдайда, мұғалімге педагог-ассистент көмекке келеді. Ол баланы инклюзияны қолдау кабинетіне апарып, білім мен ойынды араластыра отырып, қосымша сабақ өткізеді. Ал логопед, дефектолог, психолог мамандар баламен кестеге сәйкес жұмыс жүргізеді. Сабақ аяқталған соң, педагог-ассистент баланы үйіне шығарып салып, ата-анаға баланың бүгін мектепте қалай оқығанын, неге ықыласы болмағанын, неге қызығушылық танытқанын, нендей дағдыны игеріп, қандай тақырыпты меңгергенін, нені түсінбей қалғанын айтады, – дейді Н.Фролова.
Қостанай облысында бүгінде инклюзияны қолдайтын 4 кабинет, 1 орталық жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Елбасы қорының қолдауымен Рудный қаласы мен Қарасу ауданында ашылған екі кабинетте 16 бала тәрбиеленеді. Сондай-ақ, Қостанайдағы №29 мектепте аутизм дертімен ауыратын 10 бала білім алып жатыр. Мұндағы кабинет «Болашақ» корпоративті қорының қолдауымен ашылған. Мұның сыртында, «Дара» қорының қолдауымен облыс орталығындағы №22 мектепте зағип және көзі нашар көретін 7 бала оқиды. «Дара» қоры былтыр ғана Арқалық қаласындағы А.Құнанбайұлы орта мектебінде ресурстық орталық ашқан. Биыл Қостанайдағы №27 мектепте тағы бір ресурстық орталық ашуды жоспарлап отыр.
– Қостанай облысында ерекше қабілеті бар балаларға арнайы білім беретін 22 мекеме жұмыс істейді. Олардың ішінде 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес орталығы, 6 арнайы білім беретін мектеп, 12 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. Жекеменшік «Дара» қорымен бірлесе отырып Арқалық және Рудный қалаларында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін аштық. Бұл екі кабинетте 105 ерекше бала білікті логопед, дефектолог, психолог мамандардың көмегіне қол жеткізіп отыр, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.
Облыста бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады. Мысалы, биыл Бейімбет Майлин ауданында ерекше қажеттілігі бар 50-ден астам балаға арналған коррекция кабинеті пайдалануға берілетін болады.
Қостанай облысы