Коронавирус • 28 Мамыр, 2021

Вакцина – тажалды тежеу тәсілі

254 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өзге өңірлер секілді Атырауда да 26 сәуірде Аshyq жобасы іске қо­сылды. Облыстық бас санитар дәрігерінің орынбасары Гүлназ Ерба­тырованың айтуынша, қазір 225 кәсіпкерлік нысанның иесі атал­ған жобаға қосылуға ниет білдіріп отыр. Ал 184 нысан QR-кодпен жұ­мыс істеуді бастады. Оның ішінде 34 нысанда сынақ режімінде қол­данылуда.

Вакцина – тажалды тежеу тәсілі

Дегенмен «қызыл аймақтағы» өңірде әлі де коронавирус инфекциясын жұқтырушылар қатары то­лас­тамай тұр. Мәселен, облыстық ден­саулық сақтау басқармасы бас­пасөз қызметінің мәліметіне сүйен­сек, 26 мамырда 75 адамнан қауіпті вирустың белгісі табылды. Нау­­­қас­тардың арасында Атырау қала­сы­нан 51 адам болса, Теңіз кені­шін­дегі мердігер мекемелердің 6 жұ­мысшысы да бар. Сондай-ақ Жылы­ой ауданында 10 тұрғын коронави­рус инфекциясын жұқтырыпты. Құрман­ғазы ауданында – 4, Индерде – 1, Иса­тайда 3 адам аталған дертке шал­ды­ғып отыр.

«Қазір үй жағдайында 535 науқас ем­деліп жатыр. Ал модульдік ауруханада – 153, №2 облыстық аурухана­да – 128, фтизиопульмонология орта­лы­ғында – 44, аудандардағы стацио­нар­ларда 127 пациент хаттамаға сәйкес ем алуда. Сондай-ақ Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда 58 науқас ем қабылдау үшін оқшауланды», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Инфекциялық стационарға жүкті әйелдер де түсіп жатыр. Соның бірі  бес балалы ана Нұргүл Оңғарбаева инфекциялық стационарға жүк­ті­лік­тің 35-аптасында түскен.

– Алғашқыда ағзамда әлсіреу байқалып, денем қатты қалтырады. Үрейге бой алдырмау үшін мобильді топты үйге шақырып, коронавирус инфекциясына қарсы ПТР-сы­на­масын тапсырдым. Үш күн үйде амбу­ла­торлық ем қабылдадым. Төр­тін­ші күні дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілді. Содан кейін жедел жәрдем бригадасын шақыруға тура келді, – дейді Н.Оңғарбаева.

Ол №2 облыстық ауруханадағы инфекциялық стационардың босандыру залында алтыншы перзентін өмірге әкелді. Дәрігерлер ана мен сәбиді аман сақтап қалу үшін кесарь тілігі арқылы ота жасаған.

– Бұрын қауіпті вирустың барына сенбеуші едім. Ауруханаға жат­қан соң бастапқыда оттегі концентра­то­рын пайдаланғым келмеді. Бірақ жансақтау бөліміне түскеннен кейін оның қажеттігіне көндіктім. Мұн­да дәрігерлер мен медбикелер тәу­лік бойы науқастардың өміріне араша бо­лып жүргенін көрдім. Бірауыз жылы сөзімен де, хаттамада көр­се­тіл­ген емімен де науқастарға мейі­рі­мін төккен ақ халатты жан­дар­­дың құрметіне қызымыздың есі­мін Мейірім атадық, – дейді Н.Оңғар­ба­ева.

Басқарманың баспасөз қызметі ұсын­ған ақпаратқа қарағанда, ин­фек­ция­лық стационарда жыл басынан бері 51 сәби дүниеге келіпті. Қазір бұл стационарда босанған 8 әйел емделіп жатыр. Ал 43 ана сәбиі­мен бірге үйіне шығарылған. Сәби­лер­дің ешқайсысынан коронавирус инфекциясы анықталған жоқ.

Әрине, тажалды тоқтатудың бас­ты тәсілі – вакцина салдыру. Осыған байланысты деректі тарқатар болсақ, 26 мамырда Спутник V, QazVac және Hayat-Vax вакциналарының бі­рінші компонентін жергілікті 849 тұр­ғын салдырыпты. Ал 1 ақпан мен 26 мамыр аралығында вакцина салдырғандар саны 52 354 адамға жетіп отыр. Вакциналардың екінші компонентін 21 144 адам алған.

Бірақ мұны дәрігерлер тұрғындар белсенділігінің төмендігімен байланыстырып отыр. Сол себептен вакцина салдырудың маңызын түсін­ді­ре­тін мобильді топ құрылды. Оның құ­рамында облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев, өңірдің бас мемле­кет­тік санитар дәрігері Мәдениет Танауов, сондай-ақ облыстық Білім бас­қар­масының басшысы Сәтқан Есенғалиев бар. Бұл топ мүшелері алды­мен С.Мұқашев атындағы кол­лед­ж­дің ұжымымен кездесу өткізді.

– Атырау облысына 1 ақпан мен 26 мамыр аралығында 74 200 доза вакцина жеткізілді. Ақпараттық-түсіндіру жұ­мыстарының нәтижесінде вакцина дозаларының тең жартысы игерілді. Тұрғындар арасында вакцина салдырудың маңызын түсіндіру қажет. Өйткені тұрғындар вакциналау туралы барлық ақпаратты тиісті басқармалар бсшыларының өзінен естігісі келеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуәлиев.