Қазақстан • 28 Мамыр, 2021

Қазақстанда егін егу науқаны аяқталуға жақын – АШМ

1030 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республиканың бірқатар аймақтарындағы фермерлер көктемгі егін егу жұмыстарын аяқтауға жақын. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда егін егу науқаны аяқталуға жақын –  АШМ

Оның айтуынша, биыл көктемгі дала жұмыстары штаттық режимде және тиімді мерзімде жүргізілуде. Фермерлер ылғалды жабу, егіс алқаптарын өңдеу және көктемгі жер жырту жұмыстарын уақтылы атқарды.

«Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстары республиканың барлық өңірлерінде жүргізілуде. Атап айтқанда, бүгінгі күні жалпы егіс алаңынан 16,7 млн га немесе 88,5% егілді, бұл өткен жылдан 1,5 млн гектарға артық. Соның ішінде: дәнді дақылдар - 13,1 млн га (87,2%), майлы дақылдар 2,7 млн га (93,6%), 1 млн га (92%) басқа да дақылдар себілді»,  деді А.Сапаров.

Негізгі астық егетін облыстар мамыр айының ортасынан бастап егіс науқанына кірісті, бұл ретте Ақтөбе, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында егіс жұмыстары аяқталды. Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарында аяқталу сатысында.

Биыл 22,8 млн гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Егіс алқаптарының құрылымын қалыптастыру кезінде әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар дақылдардың егіс алқаптарын кеңейтуге назар аудару ұсынылған болатын. Бұл қатарда картоп, қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және жем-шөп дақылдары бар.

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша егін егу жұмыстарын 3 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Биыл көктемгі егін егу жұмыстарына 128 млрд теңге қаржы жұмсалды.