Қоғам • 31 Мамыр, 2021

Сот саласы да онлайн форматқа ауысты

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығының заңнамасы Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия, Кавказ, Батыс Қытай, Моңғолия мен Таяу Шығыс елдері үшін бірегей бизнес және қаржы орталығы, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сот саласы да онлайн форматқа ауысты

Қаржы орталығында қазіргі таңда China Development Bank, China Construction Bank Corporation, «Халық Финанс» АҚ, «Алтын банкі» АҚ, «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ, SkyBridge Invest А, Freedom Finance Global Plc., iKapitalist, Kazakhstan Energy Reinsurance Company, Unicorn секілді 792 шетелдік және отандық ірі компания жұмыс істеп жатыр.

Бүгінге дейін компаниялар АХҚО Соты және ХТО ескертпелерін пайдаланып 4 мыңнан астам келісімшарт жасасты. Аталған бизнес қатынастар ағылшын жалпы құқығы қағидаттары, нормалары мен прецеденттері, халықаралық қаржы орталықтарының стандарттары және АХҚО туралы Қазақстан Конституциялық заңына негізделген АХҚО заңнамасы арқылы реттеледі. Заңның сақталуына «Астана» халықаралық қаржы орталығының Соты мен Төрелік орталығы кепілдік береді.

АХҚО Сотының ең алғашқы төрағасы болып 2018 жылдың 1 қаңтарында Лорд Вульф тағайындалды. АХҚО Сотының құрылуы мен қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан судья зейнетке шыққаннан кейін оның орнына 2020 жылдың 1 ақпанында Лорд Манс тағайындалды. Лорд Манс Ұлыбритания Жоғарғы Соты президентінің орынбасары болып қызмет еткен. Сонымен қатар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Халықаралық төрелік орталығының төрағасы ретінде Барбара Доманн тағайындалды. Сот төрағасынан бөлек құрылымда 8 судья қызмет етеді. ХТО-да 39 арбитрдан тұратын төрешілер алқасы бар. 

АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының e-Justice платформасы және заманауи бейнебайланыс технологиялар сот отырысын онлайн өткізуге және бизнес қауымдастыққа әлемнің кез келген жерінен Сот және ХТО қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстандағы карантиндік шектеулер кезінде осынау онлайн технологиялар өз деңгейінде қызмет етіп, сот істерін, төрелік пен медиация қызметін атқаруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде қаралған істер саны 425-ке жетті. Оның 411-і Халықаралық төрелік орталықта, қалған 14-і АХҚО Сотында қаралды. АХҚО Соты мен ХТО енді ғана жұмыс істей бастағанын ескерсек, бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш. eJustice платформасының сонымен қатар сот менеджменті мен электронды құжат айналымын да жүргізуге жағдай жасайтынын айта кету қажет.

АХҚО Соты мен  Халықаралық төрелік орталығы 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін өтініштерді қабылдау, әкімшілік және тыңдау өткізу үшін төлемдерді алмайтынын естеріңізге саламыз. Аталған уақытқа дейін АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының ескертпелері бар келісімшарттарға Сот пен төрелік орталық қандай да бір дауды шешуге тегін қызмет етеді. АХҚО Соты барлық тараптарға өз құқығын қорғауға мүмкіндік береді.  Сотта 27 юрисдикциядан 271 заңгер қызмет етеді. Оның арасында отандық заңгерлер де бар.

Айта кетейік, АХҚО Соты тәуелсіз орган және Англия мен Уэльстің жалпы құқық қағидаттарына және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген. АХҚО Соты бірінші сатыдағы соттан және апелляциялық соттан тұрады. Күрделілігі мен сомасы бойынша болмашы дауларды жедел шешуді қамтамасыз ету үшін бірінші сатыдағы сотқа ұсақ дау-дамайлар соты кіреді. АХҚО Соты әкімшілік және қылмыстық сот ісін жүргізуді жүзеге асырмайды және қатысушылар, АХҚО органдары арасындағы дауларды және АХҚО құқығына сәйкес АХҚО-да жүзеге асырылған операциялар бойынша дауларды шешуді қамтамасыз ету үшін айрықша юрисдикциясына ие. Сонымен қатар, АХҚО соты тараптардың келісімі бойынша АХҚО сотына берілген дауларды қарай алады.

АХҚО Халықаралық төрелік орталығы тәуелсіз орган болып табылады және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына сәйкес құрылған. ХТО төрешілерінің құрамына жер қойнауын пайдалану, сауда, мұнай-газ секторы, құрылыс, энергетика, ислам қаржысы, банкинг, зияткерлік құқық салаларында және коммерциялық және азаматтық құқықтың басқа да салаларында төрелік бойынша көп жылдық тәжірибесі бар жетекші халықаралық төрешілер кіреді.