Өнер • 31 Мамыр, 2021

Суретті теріс салатын қыз

5271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Әке-шешесі әлгінде қонаққа кеткен. Үйде жалғыз еді. Жарықтың жалп етіп сөнгеніне де жарты сағаттан асып барады. Зеріге бастады. Ұйқы да келер емес. Ақыры ұялы телефонның жарығымен түртінектеп жүріп түрлі-түсті қарын­даштарын тауып алды. Ақ қағаз да қол созым жерден табылды. Ол сурет салу үшін үстелге келіп жайғасты. Бұл оның алғашқы туындысы болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Суретті теріс салатын қыз

Екібастұздық жас талапкер Мәдина Түсіпова сурет әлемінің есігін ойда-жоқта осылай ашты. 9-сыныптан кейін кол­леджге түсіп, музыкалық дарынын одан әрі шыңдаймын деп жүрген шақта бойда жасырылған жаңа қабілеті буырқанып сыртқа шықты.

Май шамның жарығымен қаракөлең­кеде салған суреті әйгілі «Мадагаскар» мультфильміндегі төрт кейіпкер болатын. Тәп-тәуір шыққан секілді. Суретті көрген сайын «мынаны мен салдым ба?» деп таңданып қояды. Әке-шешесіне көрсетіп еді, олар да аң-таң. Мәдинаның мұндай қабілеті барын бұрын байқамапты. Тұң­ғыш баланың алдағы тағдыры да сол түні шешілді.

– Музыканың оқуын қоя тұр, – деді әкесі.

– Сенен жақсы дизайнер шығады! – деп көтермелеп қойды шешесі.

Ақыры Екібастұздың гуманитар­лық-техникалық колледжін таңдады. Бұйырт­са «Дизайн және сурет» мамандығын меңгеріп шықпақ. Алайда оқу оңайға соқпады. Біріншіден, оқу орысша екен. Қаладағы қыздар гимназиясында тәлім алған Мәдина, орысшаға жүйрік болса да, саладағы терминдерді түсініп, қабылдауға келгенде қатты қиналатын. Екіншіден, жаңадан түскен студенттердің барлығы дерлік оқушы кезінен қаладағы көркемсурет мектептеріне барып, тәлім алғандар. Ең нашары Мәдина болып шықты. Бұл сурет салудың қарапайым техникаларының өзін білмейді екен. На­мысқа тырысып, тер төгуге тура келді.

– Ә дегенде белсенділік танытып, ­топ­тың «старостасы» атанған едім. Со­ным дұрыс болған екен. Өйткені біз оқи­тын бөлменің кілті үнемі менде жүреді. Са­бақтан кейін қалып, шеберлігіңді шың­дайтын орын бар. Шық, кілтті тапсыр деп ешкім тықақтамайды. Сөйтіп түске дейін сабаққа қатысып, түстен кейін бірге оқитын студенттерден байқап қалған артықшылықтарды үйренуге тырыстым. Кеш түсе қайтатын күндерім көп еді. Дәл осы жағдай колледжді тәмам­дағанша жалғасты, – дейді ол.

Колледжден кейін бірден Павлодар педагогикалық университетіне оқуға түсті. Биыл бітірмек. Енді ол көркемсурет пәнінің мұғалімі болмақ. Алдағы жос­парын да осы саламен байланыстырып отыр. Шәкірт тәрбиелеп, жеке орталығын ашқысы келеді.

Жалпы, Мәдинаның өнерін көптен бері бақылап жүрміз. Көпшілік оны «суретті теріс салатын қыз» деп те атайды. Бұл қабілетін отандық арналардың тікелей эфирінде көрермен қауымға талай мәрте көрсетті де.

– 2017 жылы «Екібастұз аруы» бай­қа­уында топ жардым. Бұған бұрын да екі мәрте қатысқан едім. Жолым болмады. Екі ретте де мәртебелі қазыларды му­зы­калық қабілетіммен таңғалдырғым келген. Алайда бұдан ештеңе шықпады. Оның үстіне қатысушылардың дені ән айту, аспапта ойнау, поэзия оқу секілді өнер түрлерін ұсынады екен. Ал мұнымен қазір ешкімді таңдандыра алмайсың. Үшінші мәрте қатысқанда ерекше бір дүние жасауды көздедім. Сөйтіп өз бе­тімше суретті теріс салу техникасын мең­гердім. Бұл өнер шетелде жақсы дамыған. Біздің елге енді-енді келіп жатыр. Суретті теріс салу – шоудың бір түрі. Оны екі-үш минуттың ішінде салып үлгеруің керек. Сонда ол көпшілікті бірден баурап ала­ды. Бұл жерде көп жаттығу талап еті­леді. Қолдың еске сақтау қабілетін жат­тықтыру керек, – дейді Мәдина.

Ол суретші ретінде байқау, фестиваль­дерге қатысуға аса құлық таныта бер­мейді. Дегенмен аз-кем жетістіктері де баршылық. Мәселен, 2018 жылы об­лыс көлемінде ұйымдастырылған «Еге­мен ел» байқауында топ жарған. 2019 жылы «Жастар жылы» аясында екі­бастұздықтарға жеке көрмесін ұсынды. Жұртшылық жылы қабылдады.

Мәдинаның осы күнге дейін аква­­рель, гуаш, қарындашпен салған су­реттерінің ұзын-саны 200-ден асады. Ал майлы ­бояумен салған суреттері бұдан әлдеқайда аз. Айтуынша, майлы бояумен бір суретті салуға кем дегенде жарты жыл уақыт кетеді екен. Мәдина барабанда, домбырада, гитара мен пианинода еркін ойнайды. Ән шырқайды. «Екібастұз аруы» деген атағы және бар. Облыстық «Павлодар аруы» байқауында да топ жарып, республикалық додаға жолдама алған. Қазір Екібастұз қалалық радиосын­да жаңалықтар жүргізеді. Бұйыртса, жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушы­ларына көркемсуреттің қыр-сырын үйре­туді жоспарлап отыр.

– Әзірше менің меңгергенім – ака­демиялық бағыт. Яғни суретті қолда­ныстағы ережелеріне, техникаларына бағына отырып саламын. Алдағы уақытта сурет әлеміндегі өз бағытымды тапқым келеді. Өзіме ғана тән ерекшеліктің бол­ғанын қалаймын, – дейді жас суретші.