Руханият • 01 Маусым, 2021

Сөз сойыл

2016 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сөз сойыл

Айырма

Тәуелсіздік жылдарының басында республика парламентінде тілші болып істеп жүрген белгілі журналист Ма­рат Тоқашбаев пен ақын Ғафу Қайыр­беков көшеде әңгімелесіп келе жатады.

− Шүкіршілік, қазақ депутаттары да қазір сөз сөйлеуді үйреніп келеді, − дейді Марат. − Сөйлей-сөйлей шешен боларсың дегендей, осылардың арасынан билер де шығар деген үміттеміз.

Сонда Ғафағаң:

− Маратжан, сен бір нәрсені ескер­мей келесің... Бүгінгі депутат пен кешегі бидің айырмасы, кері­сінше, аз сөйлеуде болып тұр ғой! − депті.

 

Бата

1956 жылы ақын Қайнекей Жар­мағамбетов белгілі бір себептермен партиялық сөгіс алып қалады. Арада біраз уақыт өтіп, бірде қалбалақтап асығып көшеде келе жатса, алдынан ақын Мұзафар Әлімбаев кездесе кетеді.

 − Қайда асығып барасың? − дейді Мұзағаң. − Ойбай, атама... Баяғыдағы сөгісімді алдырайын деп обкомға безектеп бара жатырмын, − дейді Қайнекей.

− Ондай болса , қалтаңда ақшаң бар ма, бата берейін? – дейді Мұзағаң.

− Бар! − деп Қайнекей балаша қуанып кетіп, он сомдықты ұсына береді.

Сонда Мұзағаң қолын жайып, көшенің дәл ортасына тізерлеп отыра қалыпты да, сөгіс алған досына былай деп бата беріпті:

− Бердім саған батамды,

Кешірсін обком қатаңды.

Қатыныңды жылатып,

Пәмиләңді шулатып,

Көтере берме көрінен,

Кәрі аруақ атаңды,

Әумин!

 

Қолтаңба

Наурыз мейрамы кезі екен, соған орай Алматының бір алаңында ұлан-асыр той болып, кітап жәрмеңкесі өтіп жатады. Жәрмеңкеге бір топ ақын-жазушы шақырылып, оқыр­мандар олардан қолтаңба алумен болады. Дөңгелек жүзді аққұба бір жігіттің кімнен қолтаңба аларын білмей қысылып, ұзын үстелдің бірде арғы шетіне, бірде бергі шетіне шығып, именіп батпай жүргенін ақын Мұзафар Әлімбаев байқап қалады.

− Әй, балам, бері кел! − дейді Мұзағаң.

− Атың кім?

– Қабай.

– Дабай!

Солай дейді де, әлгі жігітке мынадай қолтаңба жазып беріпті:

«Ұсындым кітап Қабайға,

Бізді де оқып абайла.

Көңілімізді бермейміз,

Өзге түгіл − Абайға».

Әлібек АСҚАР

Нұр-Сұлтан

 

Шұлық

Ілдебай кіреберістегі қызмет­ші қызы:

– Сізге Пықып Асабас деген біреу кірмей кетпеймін деп отыр, – дегенде, бүйрегі бүлк ете қалды. Пықып – аталас та те­телес інісі. Шайпау, мінезі тік, тек­ төтесінен тартады. Марқұм әке­сі бұ­ның есейіп ержетуі ғана емес, біле білсе, осы лауазымды қыз­меттің «қызыл кірпішін» қалап бер­ген сол кісі. Баласының жолы бол­май жүнжіп жүретінін бі­летін. Неде болса, қолдан келсе кө­мек­тес­кенді парыз санап қабыл алды.

Аман-есендікті келте қайы­рып, інісіне:

– Қалың қалай? – деп ресми түрде төтесінен тартып еді:

– Тесік шұлық киіп жүрмін!.. – деп ол да төтесінен дүңк еткізді.

Ілдебай бір ауыз сөзбен беді­рейіп отырған інісіне сәл-пәл ақылын айтқан болып еді:

– Берсе қо­лынан, бермесе жолынан... Ақша мен биліктің заманы, қол жет­се, ұрыста тұрыс жоқ! – деп кү­жірейе күңк етіп көсемсіген соң:

– Бір қызметке қояйын, бай­қар­сың, – деп шығарып салды.

Інісі келесі келгенде де:

– Қалың қалай? – деп сұрағын келте қайырып еді:

– Шұлығым бүтінделді, ескі кө­лікпен тепеңдеп жүріп жатқан жайым бар... – деп қана жауап қатты.

Оған байқау керектігін, пәле аяқасты екендігін ескертіп, оны­сына: «Заманына қарай адамы», «Заманың түлкі болса, тазы­ болып шал» деген мәндегі тіркес­тер­ді естіп: «Пәле қайда деме, аяқас­ты» деген болып, тағы бір бүрі бар қызметті бұйыртты.

Інісі келмей кетеді, келсе те­гін келмейтінін білетін басы, бұл­ бас сұғуында:

– Е, қалың нешік? – деп сұра­ғындағы сөзді өзгерткен болды.

– Көлігіме көңілім толады. Тек тар үйден тынысым тарылып жүргені... – деп, бұрынғы бұқа мінез жоқ, айтарына сәл-пәл «қан жүгіріп» жуасығандай.

Ілдекең іштей мұнысына шүкірлік етіп, көздеп жүрген белді қызметін белден басып берді де жіберді.

Жоғалып кетіп, келесі келге­нін­де:

– Қалайсың? – деп сынай қа­рады.

– Үйді үлкейткенмін, келініңіз риза! Тек пәлекеттің айтары біте ме, жер алып ел сияқты саяжайда тұрғанға не жетсін дейді, – деп күміл­жіген болды.

Қолдан келері қызмет, тағы да беделді салып, белден басуға тура келді.

Содан, інісі ізім-қайым, бетін аулақ... енді-енді іздеу салайын деп жүргенінде, өзі емес, келін келіп отыр.

 Бірден:

– Інім қалай? – деп еді, кү­міл­жи парақ қағазды алды­на қойды. Көз жүгіртіп еді: «Түр­медемін... шұ­лық то­қып жүр­мін... тоқып бас­тап, жа­қында шұлық цехының шебе­ріне көтерілдім. Көке, көмек­те­­сіңіз, адал еңбектің не еке­нін ұқ­тым. Шыққан бойда бар кә­сіпті тәрк етіп, тек шұлық то­қу­мен айналысамын», деп келте қайырыпты.

 

Берік САДЫР,

Нұр-Сұлтан

 

«Алыстан» оқуға алаңдау

Әдіс көп екен әр талай,

Батыста бұлар бар талай...

Дайындықсыз ал бізде,

Ақыры мұның әрқалай...

 

«Жаңалық» іске таң талай,

Сауалдар көп сан талай...

«Көксандықтан» берілген,

Бола ма білім, қалқам-ай?!

 

Белгілеп бір сағатты,

Сыныпта ұстаз сабақты,

Беруші еді шаршамай...

 

Отырып сабақ оқуға,

Білімді бойға тоқуға,

Бола ма диван партадай?!

 

Жемқордың жөн ұққаны!

Жемқорлық індет шыққалы,

Болды бұл да жұқпалы...

қауіпті боп тұр қоғамға,

Қаржыға қол сұққаны...

Тінтігенмен солардың,

«Табылмай» қойды тыққаны.

Арасында баршылық,

Шетел асып ыққаны...

Мырғай болып әлі жоқ,

«Мүйізінің» шыққаны.

Жалпы жұртпен ойнамай,

Жеке басын ойламай,

Алтын тойын тойламай,

Халықтың да жағдайын,

Жемқордың жөн ұққаны!

Әй, бірақ...

 

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,

Қызылорда

 

Әзіл-әжуа «аң-құс» ауылында

Бір бай жігіт алтын балық ұстап алады да:

– Менің төрт әйелім бар. Бір-бірімен сыйыспайды, соларды бір жөнге келтіріп берсең... – дейді.

– Ол қиын нәрсе екен, басқа өтініш айтшы.

– Жарайды, үлестегі үйімді алып беріп, несиелерімді жауып берші.

– Одан да әйелдеріңді татулас­тыра салайыншы...

* * *

Бір жігіт аңға шығып, көңілсіз оралады. Одан көршісі сұрап тұр:

– Түрің бұзылып кетіпті ғой?

– Қабан аулаймыз деп орманға барғанбыз. Бірақ күні бойы жүріп, ізіне де түсе алмадық. Сосын оқтың бәрін әрі атып, бері атып, құртып тастаған кезде үлкен екі қабан қасымызға келе қалмасы бар ма!

– Сосын?

 – Сосын қаштық...

* * *

 Әріптестер әңгімесінен:

 – Мен балыққа баламды да ертіп барып жүрмін.

 – Ол да іше ме?

 

Деген екен

 

Кішкентай сайтанға әкесі түсіндіріп отыр:

– Балам, анау жайылып жүргенді жылқы дейді. Мінсең – тұлпар, жесең – ас.

– Ал анау ше?

– Ол – сиыр. Ішсең – сүт, жесең – ет.

– Ал анау екі аяқты ше?

– Оған мүлде жолаушы болма. Олар адамдар: ішеді, жей­ді, бәрін бүлдіреді... Содан соң «сай­тан түртті» деп бәрін біз­ге жаба салады.

* * *

Бір жас бала мен кейуана автобуста қатар отырып қа­лады. Бала әжейдің бетіне қарап отырып, үздіксіз сағыз шайнаумен болады. Бір кезде әжей жас балаға еңкейіңкіреп:

– Өзің жас та болсаң, ақ­жар­қын, әңгімешіл бала көрі­несің. Бірақ, өкінішке қарай, ме­­нің екі құлағым да есті­мей­ді, – деген екен.

* * *

Нағашы мен жиен жие­ні­нің үйіне тоңазытқыш алып ке­ле жатады. Жиені 15-ші қа­батта тұрады екен. Наға­шы­сы тоңазытқыштың ауыр жа­ғын көтеріп келе жатса керек, шаршап кетіп:

– Жиен, демалып алайық. Айтпақшы, қай қабатқа кел­дік? – деп сұрайды.

Сонда жиені:

– Екі жаңалығым бар, бірі жақсы, бірі жаман... Қайсы­сынан бастайын?

– Жақсысынан басташы.

– Жақсысы – 13-ші қабат­қа келдік.

 – Жаманы ше?

 – Біз басқа подъезге кіріп кетіппіз...

* * *

Әйелі күйеуіне:

– 500 теңге берем, қызыңды балабақшаға өзің апара салшы!

– Қойшы, ерініп тұрмын.

Қызы:

– Әкел, мың теңге – өзім бара­мын!