28 Сәуір, 2010

САЯҚ

830 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін
Жазушы Адам Мекебаев 1940 жылғы сәуір айында Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Ақжар елді мекенінде туған. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң республикалық “Лениншіл жас” газетінде жұмыс істеп, “Қайнар”, “Жазушы” баспаларында редактор болды. Содан кейін “Жұлдыз”, “Қазақ әдебиеті” басылымдарында еңбек етіп, 1987 жылы Мәскеудегі Дүниежүзілік әдебиет институтын бітірді. “Аңызақ”, “Құпия қойма”, “Айтылмай қалған аңыз”, “Жер кіндігіндегі апат”, “Қазына сыры” және басқа да көптеген кітаптардың авторы, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Адам Мекебаев бұл күндері 70 жасқа толып отыр. Газетіміздің жанашыры әрі белсенді авторын осы мерейтойымен құттықтай отырып, төменде біз қаламгердің редакцияға жолдаған жаңа әңгімесін жариялап отырмыз. Құрбыларына ілесіп астық таситын арбаның темірмен құрсалған доңғалағы тереңдете ойып тастаған қасқа жолдың ақ шаңын бұрқылдата кешіп, шығысқа қарай беттеген Айзада егістіктен сәл ұзап, кісі омырауын қағатын жол езуіне шыққан қау бұта арасына енгені сол еді, өзімен қатар келе жатқан Ханшайым білегінен шап беріп ұстай алды. Онымен де қоймай жұлқа сүйрелеп табан жолдан жалт бұрылды. Айқыш-ұйқыш жыңғыл мен шеңгелдің бұтағын басымен сүзе ажыратып, қалың бұта арасына қарай енді. Артынша асығып-аптығып, алдындағы жердің топырағын қолымен бұрқылдатып қаза бастады. Ханшайымның не істегелі жатқаны енді ғана санасына жеткен Айзада: “Ең болмаса күн батып, қас қарайған кезде де емес, жарық кезінде мұнысы несі?” деп шошып кетті. Енді әне-міне де­генше бұта арасында жасырынып тұрған әл­дебіреу өздерін ұстап алып, жол үстіне сүйреп шы­ғарып: “Көр­дің­дер ме, мына екі қатын ұр­лықшы”, деп мас­қа­ра­лар­дай төбе құйқасы шы­мыр­лады. Бағана түс кезінде Ханшайым орақ орып жүріп: “Қайтарда қас қарайған шақта алып ке­­теміз”, деген соң бір уыс бидайдың масағын үгіп алғанына да, оны үйден дайындап әкелген сұқ қолдай қалтаға салғанына да, түскі үзіліс ке­зінде түзге шыққан болып, Ханшайымға ілесіп ке­ліп, онысын мына алдындағы ақ шеңгелдің тү­біне көмгеніне де өкіне бастады. Сосын далбасалап: – Таңдайым кеуіп, шөлдеп тұрғанымды қарашы, – деді сыбырлап. – Әдірам қалғыр, сүр ет жеп пе едің қата­лай­тын­­дай. – Ханшайым даусын қасақана көтере сөй­леп, иегімен бұтаның түбін нұсқады. – Қай­дағыны айт­­қанша, онан да анауыңды қазып ал, тезірек кетейік. – Қорқам, апатай. – Неден?.. Ұрлықтан ба, өкіметтен бе?.. Жоқ, әлде әкеңді итжеккенге айдатып, ағаңды қашқын еткен мына қу заманнан ба? – Апатай-ай, үрей шақырып қайдағыны айтпаңызшы, онан да тезірек кетейікші мына жерден. – Иә, сөйтсек, сөйтейік! Мен, міне, қал­там­ды келген бетте-ақ қазып алғанмын, сен де тез­дете ғой, аналар ұзап кетпей тұрғанда жетіп алайық. Онсыз да үрейі ұшып тұрған Айзада Хан­ша­йым­ның айтқанын тезірек орындаса ғана жаны жай табатындай, бұрын-соңды бойына жарасқан са­бырлылығынан жаңылып, оғаштау қимылдап, бұта түбіндегі қопсып жатқан топыраққа оң қо­лының саусақтарын көсе сұғып жіберді. Артынша сұқ қолдай қалтаны топырақ ішінен шығарып алып, шаң-шаң қалпы үстіндегі жұқа шапанның қалтасына сүңгіте салды. Сосын өзінен оншақты қадам ұзап кеткен Ханшайымның соңынан қуып жетті. Қуып жеткенмен жанын жеп, көңілін күпті еткен күдікті сыртқа қайта шығарып: – Біреу біздерді байқап қалмады ма екен деп қорқып келемін, – деді. – Кім білген. – Ханшайым екіұштылау жауап қатты. – Түймебайдың тыңшылары күндіз біздің әрекетімізден сезіктенсе, онда артымыздан қуғын­шы шығуы мүмкін. Ханшайымның мына жауабы – анау түні Талдыарық кешпесінің аузында өзіне қатер төндірген пәле сол жерге қайта жоласа-ақ бітті тағы да тасадан шығып, тарпа бассалардай тік­сін­тіп тастады. Сол түннен соң ешуақытта рұқсатсыз түйір дән алмасқа іштей ант еткендей еді. Бірақ, бүгін ертеңгісін үйде төсек тартып жатқан ұлының қырым етсіз құр сүлдерін көріп, тағы да бір рет тәуекел етуді жөн санаған. Әдепкі кезде осы бір ауру баласының бүйірін шығарып аталаға тойғызу үшін амалсыздан жасаған әрекеті өзіне кешірімді сияқты да көрінген. Оның ойын Ханшайым бірінші бұзып: – Асылы, адам баласының еті үйренбейтін қияметі болмайды деуші еді үлкендер, – деді өзімен-өзі сөйлесіп келе жатқандай, ешкімнің бетіне қарамай басын төмен салған қалпы. – Сол рас шығар. Мен бүгін жұмыстан қайтқан кездегі жоқтау салатын қатындардың азалы даусын іздеп келе жатқандаймын. – Әсіресе, соңғы күндері ертеңгілік, кешкілік Күнжан салған жоқтаудан кейін мен өзімді біразға дейін қоярға жер таппай қиналатын күйге ұшырадым. Кейде осы қатын өлген байын жоқтаймын деп бала-шағасын қырып алмаса жа­рар еді деп қорқатын болдым, – деді арық де­нелі, ұзын бойлы, бидай өңді Шәрипа. – Жұрт құ­сап тіршілік қамын ойлаумен де шаруасы шамалы. – Күнжанды айтасың ба? – Сөзге Сәлима араласты. – Мен де бағана бұл ауылда байынан қарақағаз алған жалғыз сен емес, мына қаптап жүрген қатынның жартысынан көбі байынан айрылғандар. Олар да жылаған, бірақ қойған. Енді сен де көз жасыңды көлдете бермей, тый. Есесіне балаларыңа талғажау қылатын төрт-бес тал бидай масағын үгітіп алып қайт үйіңе дегенмін. – Келісті ме? – деп сұрады мына сөзге ерекше көңіл аударған Айзада. – Тіс жарған жоқ. – Сәлима ауыр күрсінді. – Байғұстың онысы қиын екен. – Шәрипа қайтадан сөзге араласты. – Балалары сорлап жүр десейші. Қазір өзің тырбанбай, өкіметке сенсең арам қатасың. Маңдайтерді сыпырып бозала таңнан күн батқанша еңбек еткеніңмен Жұмагүл мен Түймебайдың әзірге бізге берері жоқ. Айтатын сылтаулары – қан кешіп майданда жүргендерге жөнелтейік астықты, біздер шыдай тұрайық. Онысы жөн де шығар. Бірақ еңбекақыға жарты түйір дән бермегендеріне жарты жылдан асып барады_емес пе. Сонда олардың мұнысын қалай түсінеміз, отбасындағы кәрі-құртаң, бала-шаға құм қапсын дегендері ме бұл. – Рас айтасың, – деді Ханшайым Шәрипаны қолдап. – Кейде осы мына тозақтан бетер азапты көргенше, өле қалғым келетін кезім де ұшырасады. Әттең, балаларымды ойлап, өзімді-өзім тоқтатам. Әкесі соғыста, мен көз жұмсам кім қарайды оларға. – Солар жүрек жалғаса екен деп емес пе өлген-тірілгенімізге қарамай, қайтсек түйір дән алып қай­та­мыз деп жанталасатынымыз. – Сәлима жаси сөйледі. – Әй, бикештер-ау, осы сендер нені байқап келе­сіңдер? – деп Ханшайым әңгімені сұраққа ұластырды. – Жайшылық па? – Ханшайымның сауалына басқадан бұрын бірінші болып Сәлима көңіл бөлді. – Бірдеңе есітсең, жұмбақтамай-ақ айта берсейші. – Менің айтайын дегенім, өсек емес, өз күдігім. – Қандай күдік? – Шәрипа қойған сұраққа басқалары да ерекше көңіл аударатындарын аңғартып, Ханшайымның бетіне тесіле қарап еді ол: – Күнге қараңдаршы, жарты жолға жетсек те әлі жарқырап тұр емес пе, – деді. – Бұрын бұл маңға ымырт үйірілген кезде ғана жетпейтін бе едік, бүгін Шақар біз төртеуімізді ала-бөле жа­рыл­қап, неғып ерте қайтарды екен деп ойлап келемін. Айзада Ханшайым иек көтерген батыс жаққа жалт қарап еді, әлгіде ғана өздері артқа тастаған Кө­киін арығының жағасына жалдана шыққан нар­қамысқа иек артқан күн мына жер бетіндегі мүс­кіндердің майда тірлігін бақылап тұрған тә­ңі­рі­нің көзіндей жарқырап тұр екен. *** Ұйқылы-ояу манаурап жатқан Байменәлі кісі дауысын есіткен бойда бірден жанындағы мыл­тыққа жармасты. Бірақ артынша, әнеукүні ай­қастан соң қараңғы түнді пайдаланып жаға­ларына жармасып жүрген жанның кім екенін анық­тау үшін-ақ қыбыр еткен шөп басын ба­қылайтындардың бар екенін де біледі. Деген­мен, өзі бірнеше күннен бері бас сұғатын баспанаға ай­налдырып алған, жабайы шошқадан басқа із салмаған қалың қорыстың арасына – жанынан безген біреу болмаса, оңайлықпен тірі пенденің келе қоймайтынын есіне алып, сабырға келді. Төбесін шеңгелдің күлтелі басы мен қалың өскен шырмауық тұтаса жапқан от орнындай көлеңкелі қуыста тікейіп отырды. Демін ішіне тартып, қыбыр етпей қайтадан тың тыңдады. Сөйтсе, жаңылыспапты. Шынында да сонау бір ту алыста әлдебіреулердің сөйлесетіндері рас екен. “Бұл қалай? – деп ойлады. – Жұмыстан қайтатын колхозшылардың бұл маңға жете қоятын мезгілі әлі бола қойған жоқ қой”. Бәрібір Байменәлі байыз тауып бір орнында отыра алмады. Орнынан асығыс көтеріліп, мылтықты иығына асты. Сонан соң бір кісі екі бүктетілгенде әзер сиятын інге ұқсаған қоянжымы соқыр соқпақпен – төбесін тікенді бұтаға жырғызып алмас үшін барынша еңкейіп сыртқа қарай ұмтылды. Егер шынында да бір себептермен егіншілерді үйіне ерте қайтарған болса, онда тағы да қарындасы Айзаданы көре алмай қалатындай асықты. Байменәлі жабайы шошқа салған сүрлеуді артта қал­дырып барып еңсе жазды. Енді бұрынғыдай бүге­жек­те­мей, көптен мал тұяғы тиіп, адам аяғы баспаған қалың қауөды омыраулай кимелеп, ара-тұра ұшырасқан сортаңды жердің кебірін борпылдата кешіп жортақтады. Ол аштықтан ащы ішектері шұрқырап келе жат­қа­нына қара­мастан, нәпақа боларлық – бұтаны сылт еткізіп таңы жар­­қырап тұра қашқан қоянға да, ойда жоқта пыр етіп ұшқан қырғауылға да мылтық кезеніп уақыт оздырып жатпады. Байменәлі егер колхозшылар Талдыарыққа әдет­те­гі­дей ымырт үйрілгенде жететін көпірден қара түннің құ­ша­ғына еніп қара сұлбаға айналғанда тағы да қарындасы Айзаданы басқалардан ажырата алмай қалар ма екенмін деп қауіптене бастады. Тек сонан жақын маңнан да­бырласа сөйлескен бірнеше кісінің даусы қатар шыққанда ғана барып, олардың әне-міне дегенше жарық кезінде жетіп үлгеретіндерін іші сезіп, көңілі жай таба бастады. Елегізіп әзер тұрған Байменәлі кенет жылқының пысқырғанын естіп елең ете қалды. Байқаусызда біреудің көзіне түсіп қалмас үшін сақтық жасап, өзін қоршаған қалың арасына бұқты. Ізінше бауы иығынан сыпырылып бара жатқан мылтықты таяныш етіп, бұта арасынан бас қылтитып еді, Талдыарықтың төменгі жағынан ат желдірткен қараға көзі түсті. Әдепкі қарқында жыға танымағанымен ер үстіндегі бір тұтам тұрқына қарап Шақар екенін білді. Ол әне-міне дегенше қалың бұта арасын қиялай кесіп өтіп, үлкен жолға түсіп, Талдыарықты бетке алды. Бейне артында қуғыншысы бар кісідей, тақымындағы міністен әбден қажыған жануардың қос өкпесін сартылдата теуіп қояр емес. Байменәлі әдепкіде оның суыт жүрісіне қарап, шамасы алған бетің жайлау шығар деп топшылау жасаған. Бірақ Талдыарықтың суын кешіп, арықтың шығыс бетіндегі отыны шабылған жерге жеткен бойда тізгінді шірене тартып, көлігін тоқтатып, жерге қарғып түскенін көргеннен кейін өз жорамалының қате екенін бірден түсінді. Шақар табаны жерге тиген бойда атты шыл­бы­ры­нан жетектеп, шеңгел арасына барып енді. Қолына ақ сапты айырды ұстап қайта оралды. Әлгі айырмен ша­былған отынды ортасынан он екі қанат үй сиятындай ашық жер қалдырып, дөңгелектеп жинай бастады. Оның жан алып, жан берген әрекетіне караған Байменәлі: “Отын бұған не үшін қажет болды екен?” деп ойлай бастап еді, батыс беттегі үлкен жолдың бұрылысынан шыға келген ақ жаулылықтарды көріп, көңілі бөлініп кетті. Солардың жақындап қалғанын көзі шалған Шақар да қолындағы айырды асығыс тікесінен жерге қадай салып, бүкшеңдей бұғып арықтың жағасындағы майда қамыстың ішіне барып енді. Оның, кеудесінен аяғы ұзын сұлбасы селдіреген қамыс арасынан Байменәліге қарайып көрініп тұрды. *** Талдыарықтың кешпесіне әңгімелесіп қалай жеткендерін білмей қалған келіншектер арасынан басқалардың сөзін бөліп тоқтай қалған Сәлима: – Жылқы пысқырады, – деді. – Жақын жерде біреу жүр. Үздік-создық келе жатқан үш қатын мына сөзден сескенгендей, үрпиісіп Сәлиманың төңірегіне топталды. – Бұл төңіректе ау артары бар тек колхоз бастық пен оның орынбасары, сосын бригадир ғана емес пе. – Шәрипа қатты сөйлеуден сескенетіндей, жан-жағына жалтақтай қарап, сыбырлап қана тіл қатты. Сәлима: – Қорыққанға қос көрінеді, – дей беріп еді, оның айтарын аяқтатпай сөзге киліккен Ханшайым: – Құрыдық, алдымызда аңдушы бар, – деді аптығып. – Қазір тінту басталады. Бидай салған қалталарың бар болса, қарасын батырыңдар тездетіп. Бағана сонау Боздағы егістіктен шыға бере-ақ шайтанның азғырғанына еріп, қу құлқынның қамын жеген өзін іштей күстәналап келе жатқан Айзада мына сөзден кейін мүлде есеңгіреп қалды. Дегбірінен адасқан қалпы Ханшайымға жанасып кеп: – Айтыңызшы, мен не істейін? – деп ақырын ғана жалынышты үнмен сыбырлап еді, оның жауабы: – Ойбай, көзін құрт, тездетіп лақтыр, – болды. Айзада енді Ханшайымның айтқанын тыңдамай сәл мүдірсе-ақ, біткені әлде біреудің қарулы саусағы білегін қақпандай қауып сарт ете түсердей, жанталаса бастады. Асығып-аптығып шапанының жанқалтасына қол жүгіртіп, сұқ қолдай бидай салған шүберек қалтаны сыртқа шығарып алды да жанындағы бұтаға қарай лақтырып кеп жіберді. Бірақ, шиырыла ұшқан қалта қас қылғандай бұтаның арасына емес, өзінен қол созым қашықтықтағы шеңгелдің жол жақ бетіндегі тікенектің бұтағына ілініп, шайқалып тұрып қалды. Бір сәтке кейін қарай жүгіріп барып қалтаны қайтадан басқа жерге жасырудың да немесе ешнәрсе болмаған кісіше артына қайырылмай кете берудің де есебін таппай, Айзада әрі-сәрі күйде сілейіп тұр еді, нақ бір сол сәтін көріп қойғандай, арықтың келесі бетіндегі жағалаудағы қамыс арасынан бас қылтитқан Шақар: – Неғып иіріле қалдыңдар?! – деп дауыстады. – Ұрлығымызды қалай жасырамыз деп ойланып тұрсыңдар ма? Әуре болмаңдар, бітті бәрі! Енді ешқайда қашып құтылмайсыңдар менен! – Әдірам қалғыр, бұл бүкір де бізді қорқытқысы келеді. – Ханшайым ұнжырғасы түсіп кеткен қатар-құрбыларына дем бергісі келіп, қасақана қатқылдау тіл қатты. – Қолдаушысы колхоз бастықтың орынбасары болған соң аузына келгенін оттап тұр ғой. Майданға кеткен азаматтар ауылда жүрсе, көрер ем бұл құныстың қалай сайрағанын. – Осындайлардың айы оңынан туған заман емес пе?! – Шәрипа тістене сыбырлады. – “Ит жоқ жерде шошқа үредінің” кері келіп, кедей-кепшік, кем-кетік ел тізгінін қолға алған соң халықта не береке қалсын. Бір сәтке өзі лақтырған қалтаны Шақар көріп қалып қыр көрсетіп тұрғандай зәресі ұшқан Айзада енді кейін шегінуге болмайтынын сезіп, жаңа ғана жанында тұрған серіктерінің үлкен жолдан жырылып, Талдыарықтың көпіріне алып баратын жалғызаяқ соқпақпен кетіп бара жатқандарын көріп соңдарынан ерді. Солардың қарасына ілесіп, көпірден өтті. Со­лармен бірге бұтасы бүгін ғана шабылып жала­ңаш­та­нып қалған алаңға қарай жүрді. Солармен бірге жолды кес-кестеген Шақардың: – Тоқтаңдар! Қозғалмаңдар орындарыңнан! – деп қылғына шәңкілдеген даусын естіді. – Шақар-ау, біздерді әурелеп қайтесің, онан да жолдан қалдырмай ертерек жібер. Жарық кезінде бала-шағамызға жетейік. – Сәлима бригадирдің ашуын жұмсартқысы келгендей, биязы үнмен жағына сөйлеп көріп еді, Шақар бұрынғыдан бетер өршеленіп: – Айтпа деймін, айтпа ондайды, сен қатын, – деп ышқынды. – Өлсеңдер де жібермеймін, жіберме деген... – Кім?.. – Қалайша, кім? – Шақар Шәрипадан жүзін аударып сұрақ қойған Сәлимаға жалт қарады. Артынша абайламай сөйлегені есіне түсіп, қалайда сол қателігін жөндегісі келгендей, – әрине мен, мен өзім, – деді. – Мен қылмысты екендеріңді мойын­дат­тырам. Иә, сөйтемін. Ал кәні, сен қатын бастап айта қойшы, бидайды қай жеріңе тықтың. – Мұнымен не демекшісің, – деді Сәлима жақтыр­май. – Өтірік шошынамын де... Жасырам де... Сендерде жасыратын жердің көп екенін білемін. Бері жақында көрсетейін. Міне, мына жерге, мына жерге де... – Сәлиманың кеудесінен бастап бүкіл денесін сипалап шыққан Шақар дым таппағанына таңырқап сәл тұрып, – зытырып үлгердім де! Сендер таба алмайтын жерге жа­сырдым де! – Ол оң қолының сұқ саусағын ке­лін­шек­тің маңдайына тақай безеп, – бәрібір таппай қой­май­мын. Кетпе, ана жерге барып тұр. Келгенше кү­тесің... Бірде-біріңді жібермеймін. Жіберме деген... Кәні, кәні, енді сен қатын бері келе ғойшы. Хан­ша­йым, са­ған айтам. Білемін, сенде тығатын жер жетерлік. Бірақ, мына жерде ештеңе жоқ екен, ал мына жерде ше? – Әй, көр­ген­сіз жүгіртпе қо­лыңды ол жаққа! – деді денесін Ша­қардан имене ала қашқан Хан­ша­йым. – Ұят бар ма өзіңде. – Өйтіп сөкпе мені, сен қатын. Түк қалдырмай тін­ті, көрші кол­хоз­да бидай салған қал­таны дам­ба­лы­ның ішіне байлап ұрлық жасаған қа­тынды ұстапты деген. – Айлап, жыл­дап еңбекақы бер­месе, үйінде бала-шағасы аштан қақ­тығысып отырса, енді қайтсін, байғұстар, – деп Шәрипа оларды ақтай бастап еді, Шақар баж ете қалды: – Немене сен қатын, өкіметтің астығын жырымшылағандарды ақтағың келіп тұр ма?! Заман тынышта маңынан жүргізбейтін құныстың енді тінтуді сылтауратып, бөксе жағына қол жүгірткенін іштей дық көріп қалған Ханшайым қасақана әңгімеге килігіп: – Жоқ, ол сұғанақтарды ақтап тұрған жоқ. Азаматтары азған елде өмір сүріп жүргенін айтып тұр, – деді. – Тоқтат! – Шақар Ханшайым аузынан шыққан мына сөзді естігенде шаян шаққандай шар ете қалды. – Ойбай, тоқтат! Өкіметке тіл тигізбе қарабет. – Кенет ол тұтыға тұншығып, батысқа қарай қос қолын бірдей созып, – Түке, ағатай, мына қатын кеңес өкіметіне кісінің аузы бармайтын жаман сөз айтты, – деді де өкіріп жылап жіберді. *** Айзада келіншектерге ілесіп, Боздағы егістіктен ұзап бара жатып бригадир Шақардың қырман жанындағы жыңғылдың көлеңкесіне бекіткен атының маңында жүргенін көзі шалып еді. Енді сол кісінің аспаннан түскендей болып, тұп-тура қарсы алдындағы Талдыарық жағасындағы қамыс арасынан шыға келгенін көрген сәт өз көзіне өзі сенбей шошып кетті. Құдайдың әмірімен әлгінде Ханшайым шалымдылық жасап, қылмысты екенін бұлтартпайтын айғақтан құтылуға кеңес бермегенде өзінің темір тордың аржағынан бір-ақ шығатынын ойлады. Ондайда өзін қойшы, тиісті жазаны тартар-ау. Бәлки қиналар, қиналғанмен шыдар еді. Ал сондайда үйде қалатын қызылқарын балалары мен төрінен көрі жақын енесі қайтпек? Түрлі ой торына шырмалған Айзада тіс жармай үнсіз тұрған. Күтпеген жерден Шақардың жылағанынан шошынып, ол қол созған жаққа еріксіз мойын бұрып еді, батыс беттегі үлкен жолдың үстінде ақшам шақтың көлкіген сүт сәулесін қақ жарып, қасқа күреңді тайпалта жорғалатып келе жатқан Түймебайды көрді. Ал онан беріректе өзінің жаңа біразда ғана лақтырған бидай салған қалтасы бұтаға асылып өркен жайған қиярдың түйнегінше, жолдың жиегіне қарай қарауыта салбырап тұр екен. Әдепкіде қалтаның соншалықты көзге ап-айқын түсетіндей жерде қалғанына сенбейтінге ұқсас бірнәрсе миында жылт еткенімен ізінше мазаңдықтан бөлек нағыз үрейдің тегеурінді шеңгелі алқымына жармасқандай қаны басына шауып, көз алды бұлдырады. Бейне жер апшысын қуырып лыпылдаған Түймебай мінген күрең айғырдың тұяғының дүбірінше жүрегі өрекпи соғып, құлағы шыңылдады. Ал, Түймебай Айзаданың көз алдында желкем күнгі көлдей көлкіп, сағымдай сусып көшіп тұрған мына жарық дүниені місе тұтпай, басқа әлемге қарай көктей өтіп кеткісі келетіндей, ат басын тежейтін сыңай танытпады. Тек сонан Түймебай арыққа жетуге таяқ тастамдай қашықтық қалғанда барып, ерден сәл ауа еңкейіп, қолын төмен қарай соза ұмтылып, қалтаны іліп әкетті де ер үстіне қайта түзеліп отырды. Сосын сол екпіндеген қалпын өзгертпестен Талдыарықтың кешпесіне жетіп ағын суға күмп қойды. Арықтың тік жар жағына қарай тайғанақтай тырмысқан көлігін нұқи тебініп екінші бетіне шықты. *** Сүт пісірімдей уақыт бойы әлсін-әлі бұта арасынан сығалап, алға қарай мойын созған Байменәлі намазшам әлетінде Талдыарықтың батыс бетіндегі үлкен жолдың бұрылысынан шыға келген төрт келіншектің талдырмаш денелісін Айзадаға ұқсатты. Дегенмен, өзіне сонау бала кезінен таныс оның еркін қимылдайтын мінезіне келмейтін, аттаған сайын аяғын имене басатынына қарап, әйтеуір бірнәр­се­лер­ден сескеніп келе жатқанын байқады. Ал Тал­ды­арық­тың жағасындағы қамыс ара­сына жасырынған Шақар шыға келген сәт Айзаданың мүлде абдырап, кібіртіктеп қалғанын байқады. Байменәлі бір замандарда үлде мен бүлдеге оранып өскен қарындасының үстіндегі жұпыны киімі мен жүдеу өңін көріп, жүрегі сыздап кетті. Сосын мына жарық дүниенің астан-кестеңі шыққан шағында ет-бауыры қарындасына қамқорлық жасап, ағалық парызын өтеуі былай тұрсын, ең болмаса, жарық дүниеде жер басып тірі жүргенін де сездіре алмаған өзінің мүсәпіршілік халіне өкініп, қара тастай үгілді. Сөйтіп тұрып Байменәлі Шақардың келіншектерді бидайдай қуырып шәңкілдеген даусын есітті. Сөйтіп тұрғанда аспаннан күткені жерден шыққандай әлдеқайдан ат сабылтып Түймебай жетті. Байменәлі әдепкіде кідірместен ежелгі дұшпаны – Түймебайды қақ маңдайдан қақырата атып сұлата салғысы келгенмен, артынша сақтықты ойлап, райынан тез қайтты. *** Талдыарықты кешіп өтіп тізгін тартқан Түймебай астындағы аты бауырының сорықпаған суын жан-жағына сіркірете шашыратып сілкініп болғанша тіс жарған жоқ. Сонан кейін ғана өзіне қарай зарлана қарсы ұмтылған Шақарға: – Не боп қалды, жайшылық па? – деп қатқылдау тіл қатты. – Ағатай-ай, саяси қате сөз айтты. – Не деп? – Айтуға кісінің аузы бармайды. Бетсіз неме, кеңес өкіметін азған елге теңеді. Түймебай астындағы тыпыршыған көліктің басымен арпалысып тұрып: – Кім? – деп сыздана сұрады. – Қайсысы? – Мына қатын, Түке. – Шақар бір уыс бет-аузын онан сайын кішірейте тыржитып, шексіз бір өшпен­ділікпен сұқ саусағын Ханшайым жаққа шошайтты. Түймебай Ханшайымға ат үстінен ошарыла еңкейіп: – Сен, шынымен де солай дедің бе? – деп еді, есіткен жауабы: – Қайнаға, жаны күйген кісі не демейді, құдайын да қарғамай ма, – болды. – Солай де! Бұл сенің кеңес өкіметіне тіл тигізгенімді жасырмаймын, сендерден айылымды да жимаймын дегенің бе? – Мендей салпы етек қатын айылын жимағанда кімді шауып алар деп қорқып тұрсыз. Онан да шегірткенің айғырынша шіңкілдеген бригадирді тыйыңыз. – Ханшайым Шақардың Түймебайға туыс­тығы барын білсе де, аузына келген сөзді айтпай іркіп қалғысы келмеді. – Жұмыстан өлейін деп шықсақ, тінту басталады. Тіпті қолын сумаңдатып кісі денесінде ұстамайтын жері жоқ. Айтатын екі сөзінің бірі: “Сендер ұрысыңдар”. – Ойбай-ай, Түке, мына қатын мені шегірткенің айғыры деп қорлап тұр ғой. Соттат бұл жүзіқараны. Абақ­тыға жапқыз. Итжеккенге айдат! – Шақар қылғына бажылдап Түймебай жаққа қарай бір-екі аттап еді, күрең қасқа үркіп осқырына шегіне берген соң қайтадан Хан­шайымға бұрылды. – Мен тінтісем, сендердің бидай ма­са­ғын уқалағандарыңды басқа жұрт жеткізген соң тінтем... – Жарайды, – деді ауыр күрсінген Сәлима. – Оныңа да көндік қой, енді бізді босатыңыздаршы, үйімізге жетейік. – Жоқ! – деп Шақар онан сайын ышқынды. – Кетпейсіңдер! Жібермеймін, сендер ұрысыңдар. – Әй, бригадир, – деді Шәрипа. – Бізді босқа күйдіргенше, онда бар болса, жаңа тінтігенде тапқандарыңды көрсетпейсіңдер ме бізге. – Тапқандарыңды дейсің бе?! Міне, көргілерің келсе! Айзада мына сөздің өзіне қатысы барын іші сезіп, көзінің астымен Түймебайға ұрлана қарап еді, шынында да ол әлгінде шеңгел басына ілініп қалған бидай салған қалтаны ат үстінен қолын ілгері созып, Шәрипаның маңдай алдына тосып тұр екен. Қаһарына мініп, жан алатын әзірейілше төбесінен төнген Түймебайға не деп жауап қайтарарын білмей аңыра қарап тұрып қалған Шәрипаға енді тез арада жәрдемдесіп, өздерін арашалайтындай бірдеңелер айтпаса, түптің-түбі мына қалтаның қай-қайсына да жала жабуға таптырмайтын сылтау боларын іші сезген Сәлима: – Бізге оның қандай қатысы бар? – деді. Бірақ онан әрі сөз таластыруға қаймығып тоқтап қалды. – Сонда мұны аспаннан түскен демексің бе? – деді Түймебай жүзін Шәрипадан Сәлимаға қарай аударып. – Ал мен айтсам, қалта осы тұрған әйтеуір біреуіңдікі екеніне күмәнсізбін. Неге үндемейсіңдер? Онда мейлі, өз обалдарың өздеріңе. Шақар, бері жақында! Саған тапсырма, қалайда мына қалтаның иесін тап қазір маған анықтап бер.Ұры ертеңнен қалмай, аудан орталығына айдалатын болсын. Суға батыр, отқа жақ, халық жауының ешқайсысын аяма. Түймебайдың тапсырмасын естіген бойда Шақар: – Табам, Түке, табамын. Кеше өзіңіз айтқандай қып тәубасына келтіремін, – деді лепіре желпініп, артынша белдігіне екі бүктеп қыстырған қамшыны суырып алып, бос ауаны оңды-солды ысқырта осқылай бастады. – Сендер Түкеңнің не дегенін естідіңдер ме? Шындарыңды айтпасаңдар, біттіңдер! Бәріңді тегіс құртпай тынбаймын! Тез, кіріңдер мына қоршауға! – Ол сол қолының сұқ саусағын бұтасы шабылып жалаңашталып қалған алаңға жиналған отынның ортасына қарай шошайтты. – Бұл неменесі тағы да, – деп шошына күңкілдеген Сәлимаға Шәрипа: – Құрсын, үндеме, – деді. – Әңгіменің беті жамандыққа қарай ауып кетпей тұрғанда айтқандарын істейік. Мүмкін аяп үйімізге ертерек жіберер. – Мен білсем, бұл олардың біздерге да­йын­даған абақтысы. Қашаңғы ұстар екен оны да кө­рейік, жүріңдер, – деп өзінше топшылау жасап, сөз­ге араласқан Ханшайым жол бастап ілгері қарай аттады. Сәлима бір жамандықты іші сезетіндей, өздеріне ермей тартыншақтап кейін қалып бара жатқан. – Сен қатын немене, айтқанға көнгің келмей ме?! Шаян шаққандай шар ете қалған дауыс шыққан жаққа назар салған Айзада Сәлимаға қарай Шақардың қамшысын көтере ұмтылғанын көзі шалып, соққы нақ бір өз арқасына тиетіндей алақанымен бетін баса қойды. Сосын бар даусымен айқайлап: “Тоқтат, оған тиме!” дегісі келген. “Қалтаның иесі мен, басқаларды жә­бір­леме”, демекші де болған. Бірақ әлде шынымен-ақ құдайдың кәріне ұшырап, тілі байланып қалды, әлде о бастан-ақ жігерсіз жасық жаралған жан, әйтеуір қанша тырысқанмен үні шықпай-ақ қойды. Енді қалайда әлгі миында жаңғырығып тұрған сөздерді сыртқа шығару үшін көк иесі тәңіріден жәрдем сұрағалы аспанға алақан жайып жаратушы иеге мұңын шаққалы әрекеттеніп те көріп еді, бәрібір тіс жара алмады. Есесіне аспан мен жердің арасын дүрліктірген әлде бір әлеуетті үн өзінің жан-дүниесінен күңірене шығып жатқандай екен. Сөйтсе әлгі дауыс нақ бір өзінің айта алмай кеу­десінде тұншыққан көкейкесті арманын қайталап: “Жасаған ием, мен үйдегілердің қарны ашқанын сылтауратып, қу құлқынның қамымен, ақ жолынан тайған күнәһар пендемін”, дейді екен. “Мен кінәсін мойындап басқаларды азаптан құтқаруға дәрмені жетпейтін бишара жанмын”, дейді екен. “Мына мен мойындасам сотталып, үндемесем жазықсыздарға қасірет шеккізетін сорлы болдым, ендігі кесіміңді өзің шығар, не істейін?” дейді екен. Басқадан емес, осы бір күңіренген үннен басы айналған Айзада, міне, қара көлеңкедей қалбаңдап, дөңгелектеп жиналған отынның ортасына кіре бастағандай. Міне, жұбы жазылса-ақ болғаны майып болатынын білетін жанша, құрбыларымен құшақтасып тұрғандай. Міне, құрбылары да әлденеден қорқып, әлдекімге жалбарынып, сыңсып жылайтындай. Міне: “Қалта кімдікі екенін айтпасаңдар, сендерді өртеймін! Сендер кеңес өкіметінің астығын талан-таражға ұшыратқан қылмыс­ты­сың­дар”, дейтіндей. Міне, Шақар қалтасынан оттық шығарып жанталаса жүгіріп өздерін ай­налдыра қоршаған отынға от қойып жүргендей. Міне, шырпының әдепкі мардымсыз жалынынан бастау алып, бірте-бірте түн қараңғылығын жарқыратып от бейнелі шайтандар өздерін дөңгелене қоршап билей бастағандай. Міне, Түймебай ат үстінде отырып Шақарға бұйрық беріп жатқандай. Міне, осы сәтте қараңғылықты қақ жарып, өзіне қарай өршелене ұмтылған сұрапылдан құтқару үшін ақбоз атпен аспаннан әкесі түсіп келе жатқандай. Міне, ол өзін іздеп таба алмай, атын атап айқайлап та жатқандай.                – Әке, жан әке, мен мұн­да­мын! Өртеніп кетпей тұрғанда сорлы қызыңды құтқара гөр, жан әке! Айзада қалай жақ ашып тілге келгенін білген жоқ. Бірақ, күңірене шыққан үнінің әке құлағына жеткенін, ал оның қол ұстаса дөңгеленіп қамауға алып, тайраңдай билеп, өзін аймалай бастаған от бейнелі шайтандар қоршауынан ажыратып алуға ұмтылғанын көріп, өзі де солай қарай өкіре жылап жүгіре жөнелді. *** Намазшам әлетінен бері қарай масаға таланып, бұта арасында жасырынып отырған Байменәлі Түймебай мен Шақардың келін­шек­терге әлдене айтып шаңқылдасқандарын ұзақ тыңдаған. Ымырт үйірілген шақта Талдыарық кешпесінің шығыс бетіндегі бұтасы шабылған алаңның әр жер-әр жерінен от жылтылдай бастағанын көрді. Әдепкі кезде әлсіз сықсиған жарық бірте-бірте ұлғайып, бір-біріне ұласып шеңбер жасап, дөңгелене тұтасып бара жатты. Сәлден соң шексіз даланың еңсесін басқан ымырт қараңғылығын – алқызыл алауымен іш­тен үңгіп ығыстырған азғантай кеңістіктің ор­тасынан  шығатын саңлау таппай, жанұшыра қар­баласып, жалын шарпыған беттерін жең­дерімен басып, әйтеуір бір белгісіз біреулерден жәр­дем сұрап ышқына дауыстаған үш-төрт ақ жаулықтыны көрді. Солардың арасынан – аспан асты, жер үстін тітірете тіл қатқан жанның Айзада екенін бірден білді. Ол сонау бір жылдағыдай тағы да: “Әке, жан әке, мен мұндамын! Сорлы қызыңды құтқара гөр, жан әке!” – дейтіндей. Байменәлі өзіне қашаннан таныс дауысты естіген бойда-ақ жан-дүниесі бордай үгіліп, көз жасына ие бола алмай борша-боршасы шығып, көмекке әлдеқашан көз жұмған әкесін емес, жер басып тірі жүрген өзін шақырып жатқандай бір сәтке қашып жүргенін де ұмытып, оқ шы­ға­рынан ұстап сүйеніш етіп тұрған мылтықты жо­ғары көтерді. Кеудесін өртеген аяныш сезім мен ызадан тұлабойының безгегі ұстаған кісіше қал­шылдап, саусақтарының жуыспай тұрғанына қара­мастан, құлағын қайырды. Енді мұнан әрі ке­шеуілдесе, ана алаулаған от ортасында азап шек­кен Айзадаға қол ұшын бере алмай мәңгі шер­мен­де күйде қалатындай бір сезіммен қаһарлы қарудың дүмін иығына тіреді. Қалайда алдымен қаныпезер қас жауының көзін жою ниетімен мылтық ұңғысын қараңғылық ішіне қыдыртып, ат үстіндегі Түймебайды іздеді. Көп кешікпей тапты да. Қақ маңдайын көздеп қарауылға байлады да. Нақ сол сәт жалыны қап-қара жұл­дызды аспанға қарай өршелене шапшыған шеңбер ішінен көйлегінің етегін отқа шалдырған бірнеше ақ жаулықтының бірінен соң бірінің атып шығып жатқандарын көзі шалды да. Жүгіріп бара жатып, жалын жарығымен сабы ағараң тартқан – жерге шаншулы айырды ала салып, Шақарға қарай тұра жүгірген бір ақ жау­лықтыны көзі шалды да. Бірақ бәрібір Байменәлі жанын жеген қыжылдың әмірімен басталып кеткен қарбалас қимылын тежеп үлгере алмады. Біраздан бері қармақша бүгіліп қажетті сәтті күткен сұқ саусағы шүріппені тартып қалды. – Ойбай, өлдім! Аузынан от құсқан сұсты қарудың түнгі даланы дүр сілкіндірген даусымен қосарлана шыққан әлдекімнің жан ұшырған жалынышты үні құлағына жеткен Байменәлі әлгіде ғана бойын кернеген ашу-ыза бірден бұрқ етіп атылған оқпен бірге ғайыпқа ұшып кеткендей, есін тез жиып алды. “Не бүлдірдім, абайламай жазықсыз біреуді жазым етіп алған жоқпын ба?” деген күдікті ойдан жүрегі шым-шым ауырып, өзі кішірейе шөгіп, бұта арасына жүрелеп отыра кетті.        Жүрелеп оты­­­рып әуелі біреуі, оған ілесе екіншісі дүсірлете шауып, Талдыарықтан ұзай түскен ат тұяғының дыбысын құлағы шалып. “Қашып барады, – деп ойлады. – Түймебай мен Шақар қашып барады. Олар тірі”. Байменәлі біраздан кейін ғана әл жинап аяғына қайта мінді. Қыбырсыз тікесінен тік тұрып тың тыңдады. Өзін төңіректеп ұшқан сары масаның сыңсыған ызыңын, жақын маңда шы­қы­лықтап қырғауылдың бірін-бірі шақырғанын, торайын шұбыртып қалыңды кезген жабайы шошқаның қорсылдағанын құлағы шалды. Басқа кісі елейтіндей сыбыс естіген жоқ. Осыдан кейін ғана өзі тұрған жерден қол созым қашықтықтағы Талдыарықтың суатына қарай жылжыды. Жетті. Алдымен бағана алаулай жанған оттың орнындағы шеңбер сызығы бойымен қызара дөңгеленіп жатқан қып-қызыл шоқты көрді. Басқа бейсаубет қыбыр еткен тіршілік белгісін байқай алмады. Дегенмен, енді бұл төңіректен тездетіп қарасын батырмаса, күні ертең Түймебайдың хабарлауымен аудан орталығынан қаптаған қуғыншы шығатынын да ұмытпады. Олардың қолына түссе, саяқ жүрген қалған өмірінің қараң қаларын да түсінді. Сонан соң тез жиналып, бұл төңіректен тезірек қарасын батыру ниетімен орнынан қозғалды. Сол сол-ақ жылдар бойы бір көрсем деп армандаған жай­лаудағы қарт әжесіне де, жаңа біразда ғана өзі­нен бар-жоғы қол созым қашықтықтан өтіп кеткен қарындасы Айзадамен де енді дидар­ласудың сәті түспейтінін ойлап еді, тағы да айдалада жалғыз қалғаны есіне түсіп көңілінің құлазып кеткені сондай, түнгі қара аспанды қақырата бар даусымен айқайлады кеп, айқайлады: Әже, Айзада мен сендерді сағындым! Сағындым! Адам МЕКЕБАЕВ.