Кісі ақысын жеу – жолы зіл батпан, ауыр күнәлардың бірі. Біреуден қарыз алып, оны қайтармай кету де кісі ақысын жегенге жатады. Қарызы бар адамның берген садақасы да қабыл болмайды дейді исламда. Бірақ моральдық тұрғыдағы мұндай ырым-тыйымдардан тайсалмай, берешекке белшесінен батып жүргендер баршылық. Өткенде әлеуметтік желіде бір азамат «ақшалай қарызымды қайтармағандардың жаназасын күтіп жүрмін, өлгеннен кейін арнайы барып, «бұл кісі маған қарыз» деп туған-туыстарынан өндіріп аламын» деп жазыпты. Жүрегіңді осып өтетін-ақ сөз. Бірақ автор қайбір жетіскеннен жазды дейсіз. Ақшасын қайтарып ала алмай, әбден күйінгеннен кейін айтқаны анық.
Қазақта «қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген сөз бар. Бірақ соңғы кезде қарыздар «жылап та» қайтпайтын болған сыңайлы. Статистикаға сүйенсек, қарызға алынған ақшаның 50%-ы иесіне қайтарылмайды екен. Сондықтан дос-жаранға, туған-туысқа қарызға ақшаны ойланып берген артық болмайды.
Заңгер Айшат Уәлиолланың айтуынша, қарыз жақындардың, етене таныс жандардың, әріптестердің арасында жүреді. Бірақ бір-бірімен аралас-құралас болып жүрген жақындардың қаржылық міндеттемелерінің өзі күтпеген жағдаймен аяқталуы мүмкін. Өйткені адамның көбі жақындарынан қарыз алғанда оны қайтаруға асықпайды. Тіпті «қарыз қайда қашады дейсіз, бір ақша түскенде беремін ғой» деп, достығын, туыстығын бұлдап жүре береді екен. «Зерттеулерге сүйенсек, қарыз алған достардың 75%-ы араздасатын көрінеді. Әсіресе жігіттер алған ақшасын қайтармас үшін достарынан қол үзгенін айтады. Сондықтан біреуге қарыз бермес үшін алдымен сол ақша араздыққа әкелмей ме, қарыз қайтарылмаған жағдайда достыққа сызат түспей ме?» дегенді ойланып алған жөн», дейді А.Уәлиолла.
Заңгерлердің кеңесіне жүгінсек, басқаға, мейлі ол жақын туысың, досың болса да қарызды қай күні қайтаратынын нақтылап алған абзал. Бұл қарыз берушіге уәделі күні ақшасын сұрауға жеңіл болады. Әйтпесе көбі етене араласатын адамына ақшаны қарызға беріп алса да сұрауға ыңғайсызданып, уақытты созып алады. Ал қарыз алушы да оны мерзімінде қайтара қоймайды. Осыдан келіп, араздық туындайды.
Заңгерлер нотариус растаған қолхат алу керек дейді. Бірақ бұл – уақытты және шығынды талап ететін жұмыс. Оның үстіне досыңа немесе туысыңа нотариусты айтып, сенімсіздік таныту тағы ыңғайсыз. Қайтармайтын адам сотқа жүгінсең де қайтармайды. Ақшаға бола араздасып, істің соңы насырға шауып, сотқа дейін жеткен оқиғалар баршылық. Бірақ соттың шешімінен кейін бірден берешегін берген адам аз. Сот қарыз алушының да құқын ескеретінін естен шығармаған жөн. Оның қарызын әр айға бөліп тастаса, ай сайын мардымсыз сома алып отыруға тура келеді.
Ал психологтардың айтуынша, ең дұрысы – ешкімге қарыз бермеу екен. Берген күннің өзінде моральдық тұрғыдан қоштаса алатындай, өкініп қалмайтындай соманы ұстату қажет. Аз мөлшердегі ақшаны туысыңызға берерде «сұрауы жоқ» деп, өз-өзіңізді іштей дайындап берсеңіз, ұйқыңыз да, жүйкеңіз де тыныш болады, дейді мамандар. Ал біреуге берген азды-көпті қарызын күндіз-түні ойлап, жүрегінен өткізіп, қиналатын адамдар мейлінше қарыз бермеуге тырысуы керек.
Кейде сұраған адамға қарыз бере беретін ақкөңіл адамдар да болады. Біреудің көңілін қимай, қарыз бере беретін мұндай жандар «психологиялық жағынан әлсіз адамдар тобына» жатқызылады екен. «Сұраған адам» демекші, қазір әлеуметтік желілер арқылы қарызға ақша сұрайтындар көбейіп кетті. Беттің арын белге түйіп, бейтаныс адамнан ақша сұрайтын мұндай жандардың да көңілін қимай, ақша беретіндер бар. Адам қалай көзімен көрмеген, білмеген адамның сөзіне иланып, қарыз бере салады?! Әрі қазір адамның аяушылық сезімін асыра пайдаланып, алдап кететін небір қулар бар, соны да ескеру керек.
Сондықтан әркім оң мен солына қарап, қарыз бен парызға абай болғаны жөн. Әлбетте, материалдық тұрғыдан да, адамгершілік-моральдық жағынан да ешкімге қарыз болмаған жақсы-ақ.