Спорт • 09 Маусым, 2021

Чемпиондарды үлкен өмірге жетелейтін мектеп

420 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет қолдауының арқасында бүгінде Қазақ елінің спортшылары халықаралық ареналарда топ жарып жүргені белгілі. Тәуелсіз ел болған 30 жыл ішінде сайыпқырандарымыз Олимпиададан жалпы жиынтығы 64 медаль, оның ішінде 15 алтын, 21 күміс және 28 қола медаль қанжығаға байласа, әлем чемпионаттарында спортшыларымыз 46 алтын, 52 күміс және 101 қола медаль жеңіп алды.

Чемпиондарды үлкен өмірге жетелейтін мектеп

Өткен жылы Шымкент қаласында бокстан Қазақстан Республикасының біріншілігі өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 190 спортшы қатысты. Байқағанымыз, аталған турнирде Ұлттық ұланның спорттық-штаттық командасының мүшелері атой салды. Атап айтқанда, әйелдер арасында ефрейтор Назым Қызайбай, қатардағы жауынгер Надежда Рябец, ерлер арасында қатардағы жауынгер Бекзат Нұрдәулетов өз салмақ дәрежесінде бас жүлдеге ие болды.

Осы жерде заңды сұрақ туады. Әр облыс­тың намысын қорғап жүрген спортшылар қалайша Ұлттық ұлан спорт командасын даярлау орталығының сапында өнер көрсетеді? Орталыққа қалай қабылданады және қандай қолдау көрсетіледі? Осы және өзге де сауалдың жауабын білмекке біз Ұлттық ұлан спорт командасын даярлау орталығының бастығы, полковник Сәтжан Әбішевті сөзге тартқан едік.

– Былтыр өткен бокстан Қазақстан чемпионатында сіз атап көрсеткен спортшылардан бөлек, ефрейтор Абылайхан Жүсіпов пен қатардағы жауынгер Серік Теміржанов өз салмақтарында чемпион атанды. Ефрейтор Ілияс Сүлейменов үшінші орын алды, – деп бас­тады өз әңгімесін полковник Сәтжан Әбішев. – Жылдық жоспарға сәйкес бокстан Қазақстан біріншілігіне барып, спортшыларымызға қолдау көрсеттік. Олардың психологиялық жағдайын, дене даярлығын байқадық. Бұдан бөлек, біз күрес түрлері бойынша командаға да көңіл бөлудеміз. Жуырда дзюдодан ұландық спортшы Елдос Сметов Ташкентте өткен турнирде күміс медальды жеңіп алды. Сондай-ақ грек-рим күресінен 67 кило салмақта Алмат Кебісбаев пен 77 кило салмақ дәрежесінде Темірлан Шадукаев әлем біріншілігінде           (U-23) қола жүлдегер атанды. Юлия Галышева могул спорты бойынша әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Бұл – ұлан спорты ғана емес, жалпы еліміздің спорты үшін де үлкен жетістік.

– Үлкен жетістік екені рас. Бірақ сіз атын атаған спортшылар – тек Ұлттық ұлан әскерінің ғана емес, еліміздің де мақ­таныштары. Оқырмандарымызға тү­сінікті болу үшін спортшылардың ұлан­дықтардың қатарына қалай қосылатыны туралы айта кетсеңіз.

– Спорттық-штаттық команда 1993 жылы қараша айында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен құрылды. Біз Ішкі істер органдарының құрамдас бөлігі болғандықтан, еліміздегі «Динамо» дене шынықтыру және спорттық қоғамымен тығыз байланыс орнатқанбыз. Олардың құрамына жас спортшылар қабылданады. Әскерге шақыру науқаны басталғанда қоғамдастық бізге спортшылардың тізімін ұсынады. Біз олардан Әскери ант қабылдап, мерзімді әскери қызметшілердің қатарына қосамыз. Осылайша, олар біздің спорттық команда құрамына енеді. Әрі қарай спорттық және әскери мансаптарын Ұлттық ұлан қатарында жалғастырады.

Биыл біздің қатарымызға бокс спорт түрінен ағайынды Айбек, Нұрбек Оралбаевтар, Санатәлі, Саматәлі Төлтаевтар, еркін күрестен Ерғали Әлішеров, грек-рим күресінен Адай Құрмансейітов, жеңіл атлетикадан Руслан Никитин, ауыр атлетикадан Нұрғиса Әділет, ескек есуден Иван Лукьянов секілді жастар келіп қосылды. Олар бүгінде спорттық және әскери мансаптарының бастауында тұр. Ұлт­тық ұланның спорттық-штаттық командасы болашақ чемпиондарды үлкен өмірге же­те­лей­тін ерлік пен елжандылықтың мектебі іспетті.

– Сонда халықаралық ареналарда немесе ел біріншіліктерінде енді таныла бастаған спортшыларды қабылдап, қолдау көр­сететін болып тұрсыздар ғой. Бұл кімге тиімді?

– Бұл – баршаға тиімді. Себебі спортшы Әскери ант қабылдаған соң, мерзімді әскери қызметшілердің қатарына қосыла отырып, спорттық карьерасын әрі қарай жалғастыра береді. Жоғарыда аты аталған спортшылармен қатар, қатарымызда жүзуші Дмитрий Баландин, қысқы спорт түрінен сержант Роман Креч, кіші сержант Дмитрий Рейхерд, лейтенант Юлия Галышева, ефрейтор Екатерина Аидова, аға лейтенант Галина Вишневская секілді көптеген әйгілі де танымал спортшылар бар. Одан бөлек, біздің спорт командамыздың құрамында әлемге аттары мәшһүр спортшыларымыз Генадий Головкин, Серік Елеуов, Бақыт Сәрсекбаев және марқұм, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен болған. Кезінде барлығы Ұлттық ұлан қатарында Отан алдында ант қабылдаған.

– Осы уақытқа дейін спортшыларымыз қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– Байрақты бәсекелерде топ жарып, ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларымыз жайында ауыз толтырып айта аламыз. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпия ойындарынан еліміздің спортшылары зор табыспен оралды. Сол әлемдік сайысқа Ұлттық ұлан спорт командасының құрамынан спорттың 8 түрінен 25 спортшы қатысты. Саңлақтарымыз додада ел қанжығасына 6 медаль (1 алтын, 3 күміс, 2 қола) салды. Бұл сол әлемдік бай­рақты бәсекеде еліміздің барлық спортшысы еншілеген жүлделердің 35%-ын құрайды. Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері ұлан­дық спортшылар Олимпия ойындарында – 32 медаль (8 алтын, 13 күміс, 11 қола), әлем чемпио­наттарында – 60 медаль (27 алтын, 16 күміс, 17 қола), Азия чемпионаттарында 250-ден астам медаль жеңіп алыпты.