Байден Washington Post басылымында жарық көрген сапарға қатысты мәлімдемесінде «Ертеңіміз белгісіз елең-алаң кезеңде өмір сүріп жатқанымыз белгілі. Бұл – ғасырда бір кездесетін пандемия кезеңі. Сапар АҚШ-тың жаңа жоспарын жүзеге асыруға, бұл жолда серіктестер, жақтастармен бірлесуге, демократияның күші жаңа ғасырдың тосын сын-қатерлерін еңсеруге жететінін көрсетуге мүмкіндік ашады», деді.
Президент, ең алдымен, Британияда өтетін G7 саммитіне қатысады. Одан кейін Брюссельге НАТО жиналысына қатысуға аттанады. Бельгия астанасында Еуропа одағының көшбасшыларымен келіссөздер жоспарланған. Бұл іс-шара барысында АҚШ пен Еуропа одағының сыртқы саясаты талқыланады.
Орталық және Шығыс Еуропа да АҚШ-пен байланысын нығайта түсуге мүдделі. Германия да АҚШ делегациясын өз жерінде қарсы алуға дайын.
Франция қауіпсіздік мәселесіне келгенде АҚШ жақсы серіктес емес деген сенімінен алыстамақ рай танытпады. «Бесінші республика» үлкен стратегиялық жоспарда Еуропа одағы жеке-дара да жақсы нәтиже көрсете алады деген ойда.
Байден батысеуропалық әріптестерімен алдағы апта ішінде келісіп үлгеруі қажет. Өйткені Женевада өтетін конференция кезінде Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жоспарланған. Байден сонымен қатар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесу өткізуі керек. Бұл жиындардың талассыз өтпеуі мүмкін емес, дейді сарапшылар. Өйткені тараптар арасында тартысты мәселелер көп.
Негізі, бұл сапардан АҚШ жағы нақты нәтижеге қарағанда келіссөз бен әріптестікке кірісуді күтіп отыр. Байден бұл сапарында АҚШ-тың сыртқы саясатының бағыты өзгергенін, бұған дейінгі президент Дональд Трамп туғызған теріс көзқарасты өзгертуге тырыспақ.