«Шынында да, біздің алдымызда осындай міндет тұр. Ең алдымен, Nazarbayev University типі бойынша алдыңғы қатарлы екі жоғары оқу орнын құру. Екіншісі – 20 академиялық артықшылық орталықтарын құру. Бұл – еліміздің жоғары білім беру жүйесі үшін өте маңызды жобалар.
Академиялық артықшылық орталықтары бойынша жұмыстар басталды. Орталықтар жұмыс істеп тұрған ЖОО-лар базасында олардың әлеуетін, материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру бағдарламаларын жақсарту, профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру үшін құрылмақ», деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ал озық жоғары оқу орындарын ашуға Шымкент және Петропавл қалалары таңдалған. «Алдын ала екі өңір анықталды: Шымкент және Петропавл қалалары. Қазір жобалық құжаттаманы дайындап жатырмыз. Әзірше бұл ЖОО-лар жұмыс істеп тұрған университеттердің жанынан еншілес ұйымдар ретінде құрылады. Бірақ олар заңды тұлғалар болады.
Біздің пайымдауымызша, оларды бірдей академиялық дәстүрі бар ЖОО ретінде емес, жеке-жеке заңды тұлға, қызметкерлер жинау, мәдениет пен дәстүрін қалыптастыру маңызды. Олардың білім беру бағдарламасын халықаралық серіктестермен Nazarbayev University үлгісінде құруды жоспарлап отырмыз. Арнайы корпустар ашу жоспарланған, оған қаражат бөлек бөлінеді. Қазір екі өңірдің әкімдіктері жер телімдерін бөлу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, осы ЖОО-лар даярлайтын негізгі бағыттарды анықталып жатыр. Сондықтан, жалпы Nazarbayev University жұмысының тәжірибесі пайдаланылады», деді Асхат Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, сапа Nazarbayev University типі бойынша болады. Ол үшін шетелдік әріптестер тартылады, халықаралық бағдарламаларды аккредиттеу жүргізіледі.