Аймақтар • 15 Маусым, 2021

«Сары аймаққа» да сақтық керек

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңір «қызыл аймақтың» құрсауынан шығып, «сары аймақтың» санатына енсе де, карантин талаптарын бұлжытпай сақтаған ләзім. Облыста жыл басынан бері 228 мобильді топ жіті жұмыс істеді. Жыл басынан мамыр айының соңына дейін 19 217 нысанды тексеріп, карантин талаптарын бұзудың 364 оқиғасын анықтап, 56 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

«Сары аймаққа» да сақтық керек

Өткен бір айдың ішінде 3 578 нысанға мониторинг жүргізілген кезде карантин талаптарын бұзудың 59 фактісі анықталған. Неше рет құлақтандырып, әлденеше рет ескерту жасалса да ел әлі күнге дейін айы­­лын жияр емес. Бәлкім «қызыл ай­мақ­тың» құрсауында табандатқан екі айдан астам уақыт болуымыздың бір себебі осында жатқан-ақ шығар. Бір­д­ен айта кетейік, бұл – көзге түсіп, анық­талғаны ғана. Ал жасырын өт­кізіл­ген шаралардың әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін.

Мамыр айында 3 578 нысанға мониторинг жүргізіліп, карантин талаптарын бұзудың бақандай 59 фактісі анықталып отыр. Тәртіп бұзғандарға 11 млн 921 530 теңге көлемінде айыппұл салынған. Соттың қарауына бір материал жіберіліпті. Облыс орта­лы­ғының өзінде мамыр айының ішінде 756 нысанға мониторинг жүргізіліп, карантин талаптарын бұзудың 18 оқиғасы орын алғаны белгілі болды. Тәртіп бұзушылардың дені қоғамдық тамақтандыру орындары екенін айта кетелік. Әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан құдалық та, ас беру де – осы жерде. Жұмыс тәртібін бұзғаны үшін 5 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Қазір дәмханалар қулыққа көшкен. Былайғы жұрт байқамас үшін есік-терезесін тұмшалап, ел көзінен жасырып қызмет көрсетеді. Мәселен, «Меруерт» мейрамханасы көп адам жинап ас берген. Тәртіп бұзғаны үшін мейрамхана иесіне 379 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Мұндай мысалдар аудандарда да аз емес. Мәселен, Жарқайың ауда­нындағы 367 нысанға мониторинг жүргізілген кезде 8 тәртіп бұзу­шы­лық белгілі болған. Оның ішіне «Ласточка», көкөніс дүкендері, «Ишим» қонақүйі, автобөлшектер дүкені маска тағу режімін сақта­маған. Аудан бойынша талап бұз­ған­дарды тәртіпке шақырып, 350 мың теңгеден астам әкімшілік айып­пұл салынған. Ескертуді құла­ғы­на қыстырмай, кәсібін дөң­ге­ле­тіп жатқандар Бурабай ауданында жиі кездеседі. Қонақүйлер мен қоғамдық тамақтандыру орын­да­рының жалпыға ортақ тәртіпті бұзып отырғанынан осындай ой түюге болады. Дауасыз дерттің өршуі­не себеп болып, талапты орын­дау қажеттігін қаперіне іле бермейтіндерге 1 млн 341 мың теңге айыппұл салынған. Бұл жерде маска тағу режімін сақтамаудың көрінісі де жиі кездеседі. Келімді-ке­тімді кісі көп болғандықтан, қа­уіп-қатер де мол. Жергілікті жұрт та жаман тұмаудың өршіп кетерін ескере бермей, той тойлап жүр. Мәселен, Щучинск қаласындағы «Мерей», «Ақнұр» дәмханалары көп адамдардың қатысуымен отбасылық іс-шаралар өткізген.

Мұндай мысал Целиноград ауданында орын алып отыр. Ауданның 32 нысанын тексерген кезде үш бірдей шетін оқиғаның орын алға­ны анықталған. Бұл жерде де көп­ші­ліктің қатысуымен іс-шаралар өткізген. Айталық, Қосшы ауы­лын­дағы «Баянды» мейрамханасын­да аста-төк ас берілсе, «Чистые пру­ды» демалыс үйінің дәм­ха­на­сын­­да туған күн тойы өткі­зілген. Макинск қа­ла­сын­дағы «Анже­лика» дәм­ха­на­сы да отбасы­лық іс-шараға рұқсат беріп, айыпты болып отыр.

Міне, жоғарыдағы мысалдардан ауруға себепші болып отырған өзімі­здің іс-әрекетіміз екенін айқын аңғаруға болады. «Сары аймақ­тың» санатындамыз десек те, қалып­та­сып отырған жағдайды санамен сал­мақтап, өзіміздің де, өзгенің де қауіп­сіздігімізді ойласақ қанекей!

 

Ақмола облысы