Ал Орал қаласындағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына биыл жыл басынан бері 50 мыңға жуық батысқазақстандық тұрғын жүгінген. Алғаш рет жүргізуші куәлігін алуға 10 мыңдай адам өтініш тапсырса, оның 1400-і емтиханнан сүрінбей өтіп, өз құжатын алған.
Ашылғанына бірнеше жыл болған мамандандырылған ХҚО-да автокөлікке қатысты барлық құжат жасалады. Мұнда жүргізуші куәлігін алғаш рәсімдеушілер емтихан сынағынан өте алады. Теориялық және практикалық емтихан тапсырушы үміткер емтиханнан сәтсіз өткен жағдайда, тағы екі мүмкіндігін сынай алады. Бұл – жүргізушілікке өз бетімен дайындалғандарға арналған талап. Ал автомектеп бітіргені туралы куәлігі бар үміткерлер үшін мұндай мүмкіндік саны шектеусіз.
«Бізге автоқызметтерді рәсімдеу үшін оралдықтар ғана емес, жақын жердегі аудандар мен қала тұрғындары да келеді. Автокөлікті сату-сатып алу кезінде алушы мен сатушы қатар келетінін ескерсек, бөлімге келушілер саны екі есеге артады. Біздің мамандар орталықта күніне шамамен 400-500 қызмет көрсетеді. Одан бөлек 1 мыңға жуық адам келіп кеңес алады», дейді «Азаматтарға арналған үкіметтің» БҚО бойынша филиалы директоры Надир Құрымбаев.
Айта кетейік, орталықта теориялық және практикалық емтихан тапсыру жүйесі толықтай автоматтандырылған. Жол жүру ережелері бойынша емтиханда үміткерге 40 сұрақ беріледі, өту үшін 32 балл жиналса жеткілікті. Практикалық емтихан жол қозғалысын тіркеп отыратын арнайы жабдығы бар автокөлікте тапсырылады.
«Жүргізуші куәлігін алу оңай емес. Мысалы бізге күніне 100 адам емтихан тапсыруға келсе, соның 20-25 пайызы ғана тиісті ұпай жинайды. Ал практикалық емтиханнан шамамен 15 пайызы ғана өтеді. Биылғы 25 қаңтардан бастап емтихан тапсырушылар сынақ кезінде автокөлікті бүлдірсе, келтірген шығынды өтейтіндігі жөнінде міндеттемеге қол қоятын болды. Өйткені тәжірибесіз жүргізушілердің арасында сасқалақтап, бордюрға шығып кететіндері жиі кездеседі», дейді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Луиза Құсайынова.