Аймақтар • 16 Маусым, 2021

Сүт зауытындағы сынақ

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысындағы «МолПродукт» зауытында сүт өнімдеріне цифрлы таңбалау жүйесін енгізу жобасы сынақтан өткізілді. Жобаны отандық QR Trace компаниясы Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырды.

Сүт зауытындағы сынақ

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тауарларды сәйкестендіру құрал­дарымен таңбалау туралы келісім­ге сәйкес, Қазақстан тауарларды қада­ғалаудың ұлттық жүйесін іске қосқаны белгілі. Сөйтіп, интеграциялық процес­тер шеңберінде тері бұйымдары мен те­мекі өнімдерін міндетті таңбалауды ен­гізді. Сонымен қатар биыл республикада дәрі-дәрмектерді, алкоголь, аяқкиім мен сүт өнімдерін таңбалау бойынша қанат­қақ­ты жобалар іске қосылды.

Жалпы, Одаққа мүше елдер тауарларды таңбалау мен оны қадағалау жүйесін кезең-кезеңімен енгізеді және бұл 2022 жылдан бастап міндетті шараға айналады. Яғни көрсетілген және қолдан жасалатын өнім түрлерінің QR-белгісі болмаса, мұндай өнімдер дайындаушы елден тыс аумақта сатылмайды.

Таңбалауды енгізу бірінші кезекте тұтынушылардың құқығы мен мүддесін қор­ғау үшін керек. Бұл тауарларды өн­діру және оны тасымалдау туралы мәлі­меттердің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Штрих-кодта тауардың өндірістен дү­кен сөресіне жеткенге дейінгі бүкіл тарихы жазылады. Мәселен, өндірілген орны мен күні, жарамдылық мерзімі, өнімді сау­да нүктелеріне жіберу уақыты және тағы басқа да деректер қамтылады. Тұтынушы бұл ақпараттың барлығын смартфонының көмегімен QR-код арқылы оқи алады. QR-кодтар тек тіркелген кәсіпорындарға ғана беріледі. Осы­лайша, жүйе контрафактілік тауар­­ларды өндірушілердің сауда-логистика­лық тізбегінен автоматты түрде өшіреді.

Сонымен қатар тауарларды таң­балау және қадағалау жүйесін енгізу­дің бизнес үшін бірқатар артық­шы­лығы бар. Айталық, нарыққа жалған өнімдер шығаратын заңсыз тауар өндірушілермен бәсекелестік мә­селесі шешіледі, логистикадағы шы­ғындар азаяды, тауарларды есепке алу жеңіл­детіліп, жеделдетіледі. Жаңа­шыл­­дықтың нәтижесінде көлеңкелі эко­номиканың үлесі қысқарады. Адал ең­бек ететін кәсіпкерлердің тиімділігі артады әрі бюджет кірісі ұлғаяды. Сондай-ақ са­лық түсімдерінің өсімі әлеу­мет­тік мін­дет­темелерді орындауға ғана емес, бизнесті қо­сым­ша қолдауға да бағытталатын болады.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы таң­­­­­­балаудың бірыңғай операторы – «Қазақтелеком» АҚ. Компания салалық мем­лекеттік органдармен бірлесіп, тауар­лар­дың кейбір түрлері бойынша қанат­қақ­ты жобаларды іске қосты. Агро­өнеркәсіп кешені саласындағы қанатқақты жоба сүт өнімдерін өндірумен және экспорттау­мен айналысатын «МолПродукт» ЖШС­ база­сында жүзеге асырылғанын жоғары­да айт­тық. Аталған кәсіпорындағы таңба­лау жүйе­сін QR Trace компаниясы техни­калық серіктесі «Пер­вый БИТ» ЖШС-мен бірлесіп енгізді.

– Тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу үшін белгілі деңгейде шы­ғын­дануға тура келеді. Сондықтан биз­нес өкілдерінен сұрақтар туындауы мүм­кін. Біз қанатқақты жобаны іске асыру барысында үлкен жұмыс жүргіздік. Бір жылға жуық уақыт на­рық­ты, түрлі ше­шімдерді зерттедік және нәтижесінде кәсіпкер­леріміз үшін ең оңтайлы нұсқаны таптық. Біз бұл шешімді «МолПродукт» ЖШС база­сында сынап көрдік. Онда заманауи өнді­рістік желі орнатылған. Таңбалау жаб­дықтарын біріктіруді жүзеге асырдық. Сондай-ақ 1С есепке алу жүйесін бейімдеу және жетілдіру жұмыстарын реттедік, – дейді QR Trace ЖШС директоры Алмаз Маралов.

Петропавлдағы «МолПродукт» кә­сіпор­ны өнімінің басым бөлігін Ресей Феде­рациясына экспорттайды. Компания бас­шылығы жаңа технологияларды енгізу­ге мүдделі. Бұл оларға экспорттық және ішкі нарықтардағы қарқынын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, жүйе сынақтан сәтті өтті. Оның нәтижесі талданып, ауыл шаруа­шылығы саласындағы таңбалау тәжірибесі алдағы уақытта негізге алын­бақ.