«Егер адам бір рет ауырса, қайтадан ауырмайды деген түсінік мүлдем қате. Мұны түсінуіміз қажет. Қазақстанда қазіргі уақытта шамамен 800 адам коронавируспен қайтадан ауырып қалған. Олар вакцина алмаған болатын.
Жалпы, бұл тек Қазақстанда ғана емес өзге де елдерге тән үрдіс. Еуропада және өзге де елдерде мыңдаған адам қайтадан ауырып жатыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. Оның атап өтуінше, өзіңді және жаныңдағы адамдарды қорғау үшін вакцина алған дұрыс. Әсіресе, бірінші кезекте 60 жастан асқан және созылмалы аурулары бар азаматтар екпе алғаны жөн.
«Біз барлық азаматтарға екпені белсенді түрде алуға кеңес береміз. Инфрақұрылымдық тұрғыда алғанда Қазақстанның әрбір өңірінде, тіпті сауда орталықтарында екпе пункттері ашылған. Өздеріңіз де дүрбелең жоқ екенін көріп отырсыз. Еліміздің барлық азаматы тегін вакцинаның тиесілі дозаны емін-еркін салдыра алады», деді Алексей Цой.