Қазақстан • 17 Маусым, 2021

Субсидиялау: Ашық және әділ жүйе қажет

2196 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялауға жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Мәселен, өткен жылы бұл саланы мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңге болса, биыл бөлінген субсидия 500 млрд теңгеге дейін жеткен. Алайда мемлекет көрсетіп отырған осы қаржылай қолдаудың айналасында дау-дамайдың көптігі, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың жиі тіркелетіндігі белгілі.

Субсидиялау: Ашық және әділ жүйе қажет

Талдау – түйінді шешу тәсілі

«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес». Бұл – Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолда­уында айтқан сөзі. Бағдарламалық құжатта Президент бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті проблемаларға жеке-жеке тоқталған еді. Алайда бүгінде ауыл шаруашылығының аяғына тұсау болып тұрған тағы бір үлкен мәселе бар. Ол – осы салаға бөлінетін субсидия мен басқа да мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету кезінде жасалатын сыбайлас жемқорлық қылмыс.

Осыған орай Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне елі­міздегі агроөнеркәсіптік кешен­дегі субсидиялау ісіне ауқымды тал­дау жүргізуді тапсыр­ған бола­тын. Жақында Анти­кор осы ба­ғыттағы жұмыс­тарды нақты қолға алғанын мәлім­деді. Агенттік төрағасы Марат Ахмет­жанов Ауыл шаруа­шылы­ғы министрінің бірінші орын­ба­сары Айдарбек Сапа­ров және қоғам белсенділері қа­тысқан кеңей­тілген аппарат жиынында ауыл шаруашылығы тауар өн­дірушілерін субсидиялау саласына қатысты сыбайлас жемқорлық деректерінің жиі тіркелетінін ашық айтты.

«Субсидия беруде мемлекеттің өзін­дік ұстанған саясаты, кешенді тұ­жырымдамасы бар. Ауыл шаруашы­лығын қолдау, жұмыс орындарын ашу үшін қосымша қаражат бөлініп, қа­­жетті жеңілдіктер жасалып отыр. Осы­­ның барлығын үйлестіретін тиісті министр­ліктер, жергілікті атқару органдары суб­сидиялау ісін қаншалықты айқын әрі ашық жүргізіп келеді? Мемлекет бер­ген қаржыны кімдер, қалай игеріп жа­тыр? Субсидия мен жеңілдіктер қара­пайым шаруалар үшін қолжетімді ме? Осы тектес сұрақтарға нақты жауап беру қиын. Оның үстіне, соңғы жылдары бұл салаға қатысты өтініш-арыздар көптеп түсуде. Өкінішке қарай, бұл салада қаражатты жымқыру фактілері жиі тір­келеді. Субсидиялауда кемшілік көп. Біздің басты мақсатымыз – субсидиялау барысында жүйелі түрде жасалатын сыбайлас жемқорлықтың себеп-салдарын анықтау, осы қылмыстарға қарсы тұру», деген Марат Ахметжанов кейінгі бес жыл­да субсидиялауға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінгенін де еске салды. Ведомство басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы бойынша қозғалған қылмыстық істердің жартысынан көбі, яғни 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты екен. Ол бұл бағытта нақты қандай іс-шаралардың іске қосылғанын да хабарлады.

Алдағы уақытта Антикор ауыл шаруа­шылығын субсидиялауға байланыс­ты жүйелі түрде жасалатын сыбайлас жем­қорлыққа қарсы талдау жұмыстарын бас­тамақ. «Мұндағы басты мақсат – суб­сидия­ларды алу үшін өтінімдерді тапсыру сәтінен бастап, оны берудің ашық әрі әділ жүйесін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейін төмендету, бизнес жүргізуге кедергі кел­тіретін әкімшілік кедергілерді жою болып табылады», деді агенттік басшысы. Ол үшін күзге дейін барлық нормативтік құ­жаттар, өңірлерде субсидиялар беру­дің тәжірибесі, қылмыстық істер мен сот шешімдері, ауыл шаруашылығы өнді­рушілерінің шағымдары мен өтініштері жан-жақты зерттеліп, талданатын бола­ды. Сондай-ақ осы бағытта Ауыл ша­руа­шылығы, Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­ліктері және басқа құзырлы орган өкіл­дері енген арнайы топ өңірлердегі, ауыл-аймақтардағы жағдайды зерделеу үшін тұрғындармен кездесулер де ұйым­дастырмақ. Антикор осы мәселеге қатыс­ты азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жи­нақ­тау үшін арнайы taldau@antikor.gov.kz электронды поштасын ашып, +7 778 668 99 20 WhatsApp нөмірін іске қосқан.

Жұмыс тобының өкілдеріне «Атаме­кен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалдары мен еліміздің барлық өңі­ріндегі агенттік департаменттерінің Antikor орталықтары арқылы жүгіну мүм­кіндігі де жан-жақты қарастырылған. Енді кез келген азамат, оның ішінде шаруалар, ауыл фермерлері субсидиялауға қатысты барлық өзекті сұрақтары мен құқық бұзу­шылықтардың нақты фактілері бойынша жо­ғарыда көрсетілген байланыс арналары арқылы хабарласа алады.

Антикор қолға алған бұл ауқымды талдау іс-шаралары қордаланып қалған мәселені қаншалықты шеше алады? Жалпы, субсидия алудың ашық әрі әділ жүйесін қалыптастырудың алғышарты қандай болуы керек? Субсидия мен басқа да мемлекеттік қаржылай қолдауды бөлуде кететін жүйелі қателіктер қандай? Бұл саладағы сыбайлас жемқорлық қайтсе жойылады? Ауыл шаруашылығында суб­­сидия алуға қатысты кедергілер неден туындайды? Неліктен бұл салада жем­қорлық фактілері жиілеп кетті? Ауыл шаруашылығын субсидиялауға қатысты осы тектес сұрақтарды біз ауылдағы ша­руа қожалықтары мен осы саланың мәсе­лесін жақсы білетін сарапшыларға қойған едік.

 

«Субсидиялаумен мемлекеттік орган айналыспауы керек»

«Мемлекеттік органдардың құзы­ретінен субсидия беруді алып тастама­йынша, бұл саладағы сыбайлас жем­қорлықты түп-тамырымен жоямыз деу – бос сөз». Бұл – Қазақстан ұлттық мал өсіру­шілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың пікірі. Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы мемлекеттік қызметшілерден бұл мін­детті алып, тәуелсіз қоғамдық секторга беру керек деген ойын ашық білдірді. 

«Мемлекет басшысының субсидия­лау саласына ауқымды талдау жүр­гізуге қатысты тапсырмасын бәріміз қол­даймыз. Бұл – дұрыс шешім. Бірақ алдымен, бұл мәселенің түпкі себеп-салдарын іздеп, ең бірінші соның көзін жоюымыз қажет», деген сарапшы «Ауыл шаруашылығын субсидиялаудағы сыбайлас жемқорлық мәселесі неден басталады?» деген сұрағымызға «Бұл мәселе осы құзыретті мемлекеттік қызметшілердің қолына бергеннен басталады», деп нық сеніммен жауап қатты.

«Қазіргі таңда дамыған елдердің бар­лығы бұл мәселені түбегейлі ше­шіп тастады. Және оны шешу жолы анау айтқандай қиын да емес. Дүние­жүзінде ауыл шаруашылығына субси­дия берудің барлық түрімен өзін-өзі реттейтін ұйымдар, яғни қауымдас­тықтар, бірлестіктер, қоғамдық ұйым­дар айналысады. Мысалы, елімізде қой, құс шаруашылықтарының өз қауым­дастықтары бар. Олар қандай заңға нендей өзгеріс енгізу қажет, шаруашылықты қа­лай, қай бағытта дамытқан дұрыс – осы­ның барлығын жақсы біледі. Сол себепті мемлекет субсидия беру­ді мемлекеттік қыз­метшілердің құзырынан мүлде алып тас­тау қажет. Сол кезде ғана осы саладағы сы­байлас жемқорлықтан арыламыз. Әйт­песе, елімізде мемлекеттік субсидия беретін де мемлекеттік қызметші, осы саладағы жемқорлыққа қарсы күресетін де мемлекеттік қызметші, бақылайтын да, есебін жүргізетін де мемлекеттік қызметші», деген қауымдастық төрағасы бұл мәселенің түйінін баяғыда-ақ шешіп алған дамыған елдердің субсидия бе­руді қоғамдық секторға сеніп тапсыру арқылы «екі жеп, биге шыққанын» да қызы­ғушылықпен жеткізді. «Сондықтан да бұл мәселені біржақты етпей, ауылда жер өңдеп, мал бағып, егін орып жүрген шаруа­лардың есіл еңбегі осылайша желге ұша береді», дейді ол.

«Субсидиялауға жылына 300 млрд-тан астам, үш жылда 1 трлн теңге қаржы бөлінді деп ауыз толтырып көп айтамыз. Биік мінберлер мен үлкен жиындарда бұл қаржы шаруалардың төбесінен құйылып жатқандай қылып айтылады. Ал шындап келгенде, бұл қаржы еліміздің ауыл шаруашылығы үшін теңізге тамған тамшыдай ғана. Бір ғана мәселені айтайын. Елімізде қой шаруашылығына берілетін 4-5 қана субсидия бар. Ал Түркияда бұл салаға 15 түрлі субсидия беріледі. Көрші Ресейде 20 шақты субсидия түрі қарастырылған. Бұл елде мал шаруашылығына жалпы 54 түрлі субсидия беру мемлекет тарапынан оң шешімін тапқан. Бұл федералдық субсидиялар ғана, оған қосымша жергілікті жеңілдіктер тағы бар. Өзге елдерде ауыл шаруашылығына жасалып жатқан осын­дай игі бастамаларды сараптап қарасақ, біздің елде бөлінетін субсидияларды үш орап алады екен. Сол себепті де біздегі субсидия көлемін ұлғайту қажет», деген А.Садырбаев шалғай жат­қан кей ауылдарға бұл көмектің мүлде жетпейтінін де мәлімдеді.

Сарапшы субсидиялау кезінде жем­қорлықтың жиі де жүйелі түрде жасала­тынын ашына айтты. Ол сондай-ақ мемлекет тарапынан берілетін қаржының бәріне бірдей қолжетімді емес екенін де мәлімдеді. «Бізде субсидияны алудың тәртіп-талабын жұрттың бәрі бірдей ала алмайтындай етіп жасаған. Тек агро­олигархтардың қолы жететіндей етіп жасалған дүниелер бар. Ал осы құжат­тарды жасап, бай-манаптардың мүддесін қорғап жүргендер кімдер? Қолдары таза емес, жемқорлыққа белшесінен бат­қан мемлекеттік қызметшілер. Сол себепті де мұндай мемлекеттік көмек қара­пайым жұртқа жете бермейді. Бізде шаруашылықтың тек 10 пайызы ғана субсидия ала алады. Онда да олардың басым көпшілігі ірі шаруашылықтар», деген ол Президенттің халыққа Жолдауында айтқан кооперацияның әлеуетін арт­тыруға қатысты тапсырмасын орындау ар­қылы да ауылдағы қарапайым қазақ ша­руасының мемлекеттік субсидияға қолын жеткізуге болатынын айтты.

Субсидия заңнамалары, ережелері мен талаптарының жиі өзгеруі – жүйелік қателіктердің бірі. Талаптар жылына жоқ дегенде екі рет, тіпті бес ретке дейін өзгер­ген кездер болған. Мұны мамандар да жоққа шығармайды. «Қазіргі субсидия­лар агроолигархтардың субсидиясына айналып кеткен», деген А.Садырбаев көп жағдайда қарапайым шаруаның құқығы қорғала бермейтінін де айтып қалды. «Мемлекеттен бір рет жеңілдік алған шаруаны тексеретіндер де, жан-жақтан жағадан алатындар да жетіп артылады. Сол себепті көп шаруа тіпті субсидия алуға қорқады. Қанша шаруаның аузы күйді. Кей қателіктерін әдейі жасамаса да, оның жағдайын түсініп, қолдау білдіріп жатқан ешкім жоқ. Бәрін шаруадан көре беруге болмайды. Өйткені жемқорлық қарапайым шаруалардан бас­талмайды. Жемқорлық – мемлекеттік қызметшілер ортасынан басталатын індет. Қылмыс заңдағы шикіліктен, шаруалар құқығының қорғалмауынан, талаптардың өте көптігінен басталады. Ал осындай мәселенің барлығына қара шаруаны араластыра беру дұрыс емес», деген сала маманы сөзінің соңында «Субсидиялау қолжетімді, ал оның талаптары қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Соңғы жазылған субсидия алу ережелерін оқып көрсеңіз, түсіну өте қиын. Тіпті оған мүйізі қарағайдай заңгерлердің өздерінің тісі бата бермейді», деп тағы бір мәселенің шетін шығарды.

 

«Цифрлы сауатсыздық та жемқорлыққа жол ашып тұр»

Алматы облысындағы «Саниязов» жеке шаруа қожалығының басшысы Серік Саниязов: «Субсидиялауды толық­тай автоматтандыру тағы мәселе туын­датып отыр», дейді. «Мемлекет бас­шысы ауыл шаруашылығын субсидиялауда қа­лай да жемқорлыққа жол бермеудің барлық амал-тәсілін қарастырып келеді. Бұл саланы барынша ашық жасап, цифр­ландыру қолға алынды. Қазіргі таңда субсидияға өтінім беру, тиісті құжат­тарды тіркеу секілді маңызды про­цестердің барлығы ХҚКО мен е-gov пор­талы арқылы жүзеге асырылады. Алайда осы тұста да ебін тауып, екі асап жүрген делдалдар жетеді. Себебі ауыл-аймақтардағы шаруа қожа­лықтарының барлығы цифрлы сауатты емес, барлығы компьютердің тілін, интернеттің қыр-сырын біле бермейді. Көп шаруа қо­жалықтары е-gov порталы арқылы өті­нім берудің қарапайым қағидасын біл­мейді. Соның салдарынан ауыл фер­мерлерінің дені құжаттарын тапсыра алмай, субсидиядан қағылып қалып жатады. Әупірімдеп жүріп өткізген күннің өзінде «бір жерінен қате жіберіпсіз», «құжаттарыңыз толық емес», не болмаса «өтінім қабылдау уақыты өтіп кетті» деп, сан сылтау айтып шығарып салады. Ал шаруаға жұмысының жүргені керек. Бармақ бастылық та осындай жер­ден басталады», деген қожалық иесі осын­дай қателіктер қайталана бермес үшін ауыл­дағы қарапайым шаруаларға түсін­діру жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартты.

«Шағын курстар ашып, оқытса да артықтық етпейді. Сол кезде ғана ауыл фер­мерлері екі ортада пайда тауып жүр­ген делдалдарға жем болмайды. Субсидия берудің ашық әрі әділ жүйесін құру үшін әр ауданнан ауыл шаруа­шылығын жете білетін білікті маман­дар­дан арнайы комиссия құру керек. Ко­миссия шаруалардың өтініштерін жіті зер­делеп, көзбен көріп, расымен малдары бар ма, болса қанша малы бар, субсидия төлеуге бола ма, болмай ма – міне, осының барлығын жан-жақты тексеріп, ақ-қарасын ажыратқаннан кейін ғана жеңілдік алуға рұқсат берулері керек. Мүмкін, сол кезде аз да болса әділеттілік орнайтын болар», дейді ауылдағы ша­руалардың шарасыз күйін бүкпесіз баяндап берген Серік Сансызбайұлы.

Мемлекеттік субсидиялар мен бас­қа да қолдаудың дені қарапайым шаруа­лардың қолына тие бермейтінін шаруа шырылдап айтып отыр. «Мәселен, мемлекет мал шаруашылығына бөлген мардымсыз субсидияны алдымен облыс жібереді. Облыс әр ауданға, аудан ауылдарға бө­ліп, таратамын дегенше қарапайым ша­руаның қолына тиын-тебені ғана тү­седі. Тіпті көбіне жетпей де жатады. Шындығына келгенде, жемқорлық та осы мемлекет қаржысын берумен ай­налысатындардың арасында басталады. Жоғары жақта отырғандардың таныс-тамырлары, ет жақындары мемлекет берген қаржыдан өз үлесін алып бо­лам дегенше, ауылдағы қарапайым халыққа түк те қалмайды. Облыс, аудан басшыларының әрқайсысының туған-туыстарының атына тіркеп қойған шаруа қожалықтары бар. Өзі әу баста аз бөлінген субсидия мен жеңілдіктерді бірінші болып солар алады. Солардан қалса ғана өзге шаруаларға бөліп береді. Түрлі сылтау айтып кейде төлемеуге де тырысады. Кейбір шаруа қожалықтары ойдан шығарылған мал санын көрсетіп, жетпей тұрған малдарын жеткізіп, жалған құжаттар толтырып, ақша алып жатады. Ауылдық жерлердегі мал дәрігерлерімен, басқа да мамандармен келісіп, заңсыз субсидия алатын фактілер де жоқ емес. Субсидиялау ісін дендеп алған сыбайлас жемқорлықтың кесірінен қарапайым қожалықтардың шаруалары шатқаяқтап тұр», дейді мәселенің мәнісін ашып берген ауыл тұрғыны.

Талай жылдан бері мал өсіріп, егінге орақ салып жүрген ауыл азаматы «ауыл шаруашылығына субсидияны санамалап берудің қажеті жоқ» деген ойын нақты дәлелдермен айғақтап берді «Ақ, адал еңбегімен мал бағып, егінін орап жүрген шаруалар жоқ емес, бар. Және олар ауылда көп. Адал еңбектің қайтарымы да болады. Мемлекеттен бөлінген қар­жыны билікте тамыр-танысы бар ірі шаруа­лар ғана алмауы керек. Ауылдағы шағын қожалықтар да бұл игіліктің шара­па­тын көрсе игі. Сонда ғана оларда қызы­ғушылық пайда болады, мал өсіруге құл­шынысы артады, егін егеді, жермен ай­налысады. Ауылдық жерде өндіріспен айналысып жүргенімен, мүлде субсидия алмайтын шағын шаруа қожалықтары бар. Мемлекет нақты қаржылай қолдау көрсетсе, олар да шаруаларын одан әрі жүргізуге ынталанып, жұмыс өнімділігін арттыра түсер еді», дейді ол.

«Қазір ауылда шаруамен айналысып жүргендердің көбі – кәрі-құртаң, шал-шауқан. Жастардың барлығы қалаға қарай қашады. Ауылда қалған санаулы жастың өзін әрең ұстап отырмыз. Ертең үл­кендердің көзі тайғанда малға кім ие болып қалады, жермен кім айналысады? Бұл шаруаның бәрі кімге керек? Шындап келгенде, субсидия беру, мемлекеттен нақты қолдау көру сол жастарға керек. Жалпы, мемлекет ауылға несие бөліп, көмек беруден аянбауы керек. Кейбір шаруа қо­жалықтары, мәселен, несие алуы үшін кепіл­ге қоятын дүние таппай қиналады. Сауын сиыр алып, шаруасын бастап кетейін десе, шағын шаруаға да жатпай, екі ортада босқа сенделіп жүр. Олар тіпті төменгі пайыздағы жеңілдетілген несиені де ала алмайды. Соңғы жылдары арпа-бидай егіп, көпжылдық шөп өсіргендерге беретін субсидияны да тоқтатып тастады. Шаруалар одан пайдаға кенеліп жатқан жоқ, керісінше «шығыны көп» деп біразы шаруаларын амалсыздан тоқтатты. Өз беттерінше егін егейін десе, қаражаттары жетпейді. Нақты көмек болса, қолдау жасалса, ауыл шаруашылығы дамитын еді. Бар­лық өнімді өзіміз өндірер едік. Оған еліміздің мүмкіндігі мол. Өзге елден ешнәрсе сатып алмас едік. Бүгінгідей қым­бат­шылық та қыспас еді», дейді ағынан жарылған ауыл шаруасы.

 

«Қағазбастылықты құртпай, жұмыс та өнбейді»

«Руслан» шаруа қожалығының төраға­сы Оразбай Бекбатыров та субсидия­лаудың қитұрқылығы көп екенін растап отыр. «Бұл жердегі қағазбастылық, сан түрлі құжаттарды дер кезінде да­йын­даудың қиындығы, тоқсан сайын беретін есебің – осындай бітпейтін бюро­кратияның барлығы белгілі бір топтың мүддесі үшін жасалған басты кедергілер. «Ауыл шаруашылығын дамыту үшін бәлен­бай қаржы бөлінді, осыншама бағ­дарлама іске қосылды», деп жыл сайын­ айтып та, жазып та жатады. Алайда ауыл шаруалары сол жақсылықтың үш­тен бірін де көріп отырған жоқ. Мәселен, Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Бөлексаз ауылында 230-дай шаруа қожа­лығы бар. Соңғы 10 жылда солардың бар-жоғы 2-3-і ғана мемлекеттен субсидия ал­ды. Неге? Себебі субсидия алудың әкім­шілік кедергілері көп, жемқорлық жан-жақтан тосқауыл қойып тастаған. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым шаруа қожа­лықтарына мемлекеттік субсидия алу қолжетімсіз», деген қожалық басшысы ауыл-аймақтардағы шаруалар мен мемлекет арасында делдал болып жүрген пысықайлардың жемқорлық мәселесін күрделендіріп жібергенін жасырмады.

«Шаруа қожалықтары өз өнімдерін дел­далдар арқылы ғана өткізе алады. Өнім­нің бағасы төмен болғанымен, екі ортада пайда көретіндер – арадағы алып­сатарлар. Осыны жою мақсатында мем­лекет көптеген ірі жем азық алаңы мен бордақылау орындарын ашқан болатын. Біздің ауылда да ондай алаңдар бар. Алайда олардың немен айналысып жатқаны, мемлекетке, жергілікті жеке шаруаларға нақты қандай пайда келті­ріп жатқаны белгісіз. Біз қарапайым ша­руа қожалықтары ретінде оларға мал өткізе алмаймыз, ондай мүмкіндік мүл­де қарастырылмаған. Өткізген күн­нің өзінде мал бағасын өте төмен қабыл­дайды. Олар тек жан-жақтан құжаттар дайын­дап, мемлекеттік субсидия алып отыр. Шын­дығына келгенде, мұндай меке­­мелерден ауыл фермерлеріне бір тиын да пайда жоқ. Шаруалардың өз өнім­­дерін өткізу тетіктері, жолдары дұ­­рыс ұйымдастырылмағандықтан да дел­далдарға, алыпсатарларға жем болып жүр», дейді күнделікті тіршілігімен байланысты мәселені тереңінен қозғаған шаруа.

Талаптары жыл сайын өзгеріп, шаруаларды сергелдеңге салған субсидия мәселесін сөз еткенде Оразбай Бекбаты­ров та тозығы жеткен, жүргенінен тұр­ғаны көп ауылшаруашылық техникалары туралы сөз етті. «Қазір мысалы ауыл­дық жерлердегі ауылшаруашылық техни­калары ескірген, соңғы 20-30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Кейінгі кезде бірен-саран шаруа субсидия алып, несие рәсімдеп, техникаларын жаңалап жатқандары бар. Ал бір техниканың өзі жоқ дегенде 9-10 миллион теңге тұрады. Қосымша тіркемелерінің өзі қымбат. Бұрындары мемлекет ауылшаруашылық техникаларын жаңарту үшін шаруаларға 50 пайыз субсидия бөлетін. Кейін 25 пайызға дейін азайтты. Қазір оны да қысқартып, мардымсыз етіп тастады. Қазір алған жаңа техникасының құны 2 млн теңгеге жетпегендердің барлығына субсидия төлемейтіндей жағдайға жеткізді. Осы мәселені де дұрыстап шешу керек. Ал бұрынғыдай 50 пайыздық жеңілдік болса, шаруалар техникасын жаңартып, шаруасын да жүргізер еді, қаржыдан да қысылмас еді. Жермен айналысып, мал өсіруге бұл да болса көп көмек», деп ауылда шешімін таппай жатқан мәселелерге кеңінен тоқталған шаруа шағын шаруа иелерінің бетпе-бет келіп отырған мал басын көбейту, жайылымдық жерлердің тарлығы секілді сан кедергілерді де санамалап өтті.