Жоғарғы Сот судьясы Қанат Мусиннің төрағалығымен өткен комиссия отырысында мәдениет және өнер саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері кеңінен сөз болды. Баяндама жасаған Ақтоты Райымқұлова жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес бүгінде республика бойынша аймақтарда 353 мәдениет нысаны, оның ішінде 127 мәдениет үйі, 113 кітапхана, 85 ауылдық клуб, 10 театр, 8 музей, 2 концерт залы және 2 мәдени-демалыс ұйымы жетіспейтінін айтып өтті.
«Мәдениет нысандарын оңтайландыруға байланысты жергілікті атқарушы органдар осы саладағы ғимараттарды қысқартып жатыр. Бұл үрдіс талдау жұмыстары кезінде анық байқалды», деген министр өңірлерде мәдениет ұйымдарын жаппай біріктіру тәжірибесі барлық жерде қолданылатынын жеткізді.
Бұл, әсіресе моноқалалар мен ауыл халқының мәдени құндылықтарға қолжетімділігін шектейтінін айтқан ол: «Елді мекендердегі мәдениет нысандары көрсететін қызметтердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдарға ең төменгі мемлекеттік нормативтерді сақтау ұсынылады. Бұл мәселе, атап айтқанда, ауыл-аймақтар мен моноқалаларға қатысты. Мәдениет ұйымдарының қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жастардың дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Сол себепті балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін арттыруға ерекше мән берген жөн», деп атап өтті ведомство басшысы.
Министр сондай-ақ қазіргі таңда жергілікті жерлерде жас мамандарды әлеуметтік қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламаның жұмыс істемейтінін де бүкпесіз айтты. «Мысалы, «Дипломмен – ауылға!» жобасы ел өңірлеріндегі кадр тапшылығы проблемасын шешпейді», деген ол бүгінгі күні ауылдық жерлердегі мәдениет ұйымдарына 1200-ден астам кадр қажет екенін айтты.
«Архив саласына білікті кадр жетіспеушілігінің басты себебі –архивші мамандығы мәртебесінің төмендігінде жатыр». Осылай деген А.Райымқұлова жоғары оқу орындарының бұл бағыт бойынша мамандар даярлауға мүдделі емес екенін де сынға алды. Мысалы, бүгінде «Архив жүргізу», «Құжат жүргізу» және «Құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша мамандар даярлауды еліміз бойынша жалғыз жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жүзеге асырады. «Сондықтан өңірлердің жоғары оқу орындарында архив ісі және құжаттама саласы бойынша мамандықтар ашу, Білім және ғылым министрлігі «Архивтану», «Құжаттану» және «Құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша мемлекеттік гранттарды ұлғайтуы қажет», деді баяндамашы.
Бұл ретте комиссия мүшелері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесіне ауылдық және қала маңындағы елді мекендердің мәдениет объектілерімен қамтамасыз етілуі сияқты өлшемдерді енгізуді ұсынды.
Мемлекеттің басым міндеттерінің бірі – мәдениет және өнер мекемелері қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету. Сол себепті де жиында сөз алған комиссия мүшелері бұл сала қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалу дәрежесі – кез келген өркениетті қоғамның, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытының басты индикаторы болып табылатынын атап өтті.
Жиынға қатысқан Парламент, Үкімет, сот органдарының, білім, ғылым, мәдениет және өнер мекемелерінің, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, заңгерлер табысты мемлекеттің мәдени саясаты қоғам мен мемлекет тыныс-тіршілігінің барлық маңызды аспектілерін дамытудың сапалы өлшемі екендігін атап көрсетті.
Отырыста сондай-ақ архив мекемелері, кітапхана жүйесі үшін білікті кадрларды даярлау және қайта даярлаудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мәдениет және өнер саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту, сондай-ақ еліміздің архив мекемелері үшін жаңа ғимараттар салуды қаржыландыру туралы мәселелерді қарау ұсынылды.
Бұдан басқа, комиссия мүшелері мәдениет пен өнер салаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, мәдениет объектілері қызметін цифрландыру, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік мәдени процеске ықпалдасу әлеуетін жандандыруға ерекше назар аударды.