Аймақтар • 22 Маусым, 2021

Жетісуда жем-шөп бағасы қымбаттады

827 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісуда шөп шабу науқаны қызып тұр. Шаруалар шалғысын сайлап, іске кіріскелі біраз болған. Биыл өңірде жауын-шашын аз болып, мал азығына қажетті дақылдардың шығымы жылдағыдан төмен болғанымен, жиын-терімнің бастапқы нәтижесі жаман емес сияқты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісуда жем-шөп бағасы қымбаттады

Дерекке жүгінсек, аймақта мал азығының алқаптары былтырғы жылмен салыстырғанда 7,1 мың гектарға артып, 257,9 мың гектарды құрап отыр. Осы алқаптан 3,5 млн тонна шөп, 1,3 млн тонна шырынды мал азығын және 684 мың тонна жем дайындау жоспарланыпты. Қазірге дейін ой мен қырға шалғы салған шөпшілер көп жылдық дақылдардың алғашқы кезеңін аяқтап болған. Жиналған шөп көлемі жаман емес, маяланған шөптің мөлшері 418,1 мың тоннадан асса, оның 285,2 мың тоннасы жоңышқа екен.

Шаруалар шөп шабумен қатар күздік егінді де жинауға дайындалып жатыр. Күздік дақылдар егілген алқап көлемі де биыл көбейген. Яғни, егіс алқабы 2,5 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 105,9 мың га алқапқа жетіпті. Ал күздік ору науқаны 10 шілдеде басталмақ. Орылған дәнді қабылдайтын қамба да әзірленіп жатыр. Бүгіндеөңірде 771 мың тонна астық сиятын 265 сақтау қоймасы бар. Жұмыстың тоқтаусыз жүріп, өнімнің шығынсыз жиналуы үшін шаруа қожалықтарында 1468 комбайн, 180 шөп тайлағыш, 263 астық тиегіш, 203 дән тиеуші және 164 астық тазалағыш машина сақадай сай тұр екен. Орылған дән 256 автотаразыға тартылып, қоймаға жөнелтілмекші.

- Егіс алқаптарын әртараптандыру саясатына сәйкес, облыстағы мал азығы дақылдарының көлемі 17,8 мың гектарға ұлғайды. Жоспар бойынша биыл 2842,2 мың тонна шөп әзірленуі керек. Бүгінге дейін 124,9 мың тонна шөп дайын. Орақпен қатар пішендеме, сабан, жемдік азық, сүрлем әзірлеу жұмыстары да талапқа сай жүріп жатыр. Орақ науқан қоңыр күзге дейін жалғасатынын ескерсек, қажетті мал азығының қорын артығымен дайындап үлгереміз, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы МақсұтЖапаров.

Аймақта жем-шөп қорын жеткілікті дайындау үшін шабындықтан бөлек қамыс пен құрақ ору ісі қолға алыныпты. Табиғи шөпті балғын күйінде дайындап, қысқа сақтау Балқаш ауданында қызу жүріп жатыр. Бұл бір жағынан жекелеген шаруашылықтардың егістік алқаптарындағы құрғақшылық салдарын жоюға сеп болмақ. Яғни, бір шаруа қожалығы қамыс пен құрақты орып, бастарса, екпе шөбі бітік шыққан екінші шаруашылықпен өзара жем-шөп алмасуға мүмкіндік береді екен. Ал Балқаш ауданында егістікпен ірілі-ұсақты 11 шаруашылық айналысып отыр. Олар 12 730 гектар суармалы алқапқа көпжылдық шөп өсіреді. Қазірге дейін тиесілі алқаптың 5 676 гектары шабылып, алғашқы нәтиже бойынша 2740 тонна шөп дайындалған.

- Біздің шаруашылықта 540 гектар суармалы алқап бар. Осы жердің 180 гектарына көпжылдық шөп өсіреміз. Бүгіндікке 145 гектарды шауып болып, 90 гектардағы өнімді баулап, бастырып жатырмыз. Орақ науқанын күн райы бұзылмай аяқтау үшін қосымша адам күші мен техника жұмылдырудамыз. Қазір шөпшілер қосынында 26 адам еңбек етіп жатыр, - дейді «Бауыржан-7» серіктестігінің директоры Талғат Сұлтанов.

Айтпақшы, облыста орақ аяқталмай жатып-ақ шөп бағасы күрт қымбаттап кетті. Мысалы, Көксу ауданындағы жем-шөп базарындағы 1 бау жоңышқаның құны 2000 - 2300 теңгеден асқан. Ал дәл осындай табиғи шөптің құны 1500-1700 теңге шамасында. Бұл негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын аудандағы жағдай. Яғни, былтырғы сәйкес кезеңде тайланған жоңышқаның бағасы 1200 теңге болған екен. Жергілікті жұрт биыл жем-шөп құнының 100 пайызға өскені бірден білінді дейді. Сондай-ақ құрама жем мен ұнтақталған мал азығының бағасы да шарықтап барады. Биылғы өнімнің әлі де саудаға түспегенін ескерсек, мал азығына қажетті дәнді-дақылдардың базардағы нарқына қарапайым тұрғындардың қолы жетпей қала ма деген қауіп те жоқ емес.