Парламент • 24 Маусым, 2021

Мәулен Әшімбаев кезекті сессия жұмысын қорытындылады

177 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенаттың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясындағы қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев кезекті сессия жұмысын қорытындылады

Онда депутаттар, алдымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау мәселесін қарады. Сенаторлар Мемлекет басшысының Герман Нұрбаевты, Ербол Өмірәлиевті және Дана Тоқмырзинаны Жоғарғы Сот судьялары қызметіне сайлау туралы ұсынымына бірауыздан қолдау білдірді.

Сондай-ақ, депутаттар Сенат Төрағасының ұсынысымен Нұрлан Нұржановты Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындады.

Одан бөлек, отырыс барысында еліміздің заңнамаларын әрі қарай жаңғыртуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған бірқатар заңды қарап, қабылдады.

Соған сәйкес, енді ауылдық, аудандық және қалалық билік деңгейлерінің дербестігі кеңейе түспек. Ол үшін салықтар мен төлемдердің кейбір түрлері бюджеттің төртінші деңгейіне беріледі. Олар: бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер және жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлем. Мұндай жаңашылдықтар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған.

«Қабылданған заң жергілікті маңызы бар міндеттерді тиімді түрде шешу үшін ауылдық, аудандық және қалалық деңгейдегі билікке жаңа мүмкіндіктер береді. Оның ішінде биыл жаңадан сайланған мәслихат депутаттарының құқықтарын кеңейтеді және мәслихаттардың жұмысын жетілдіреді. Алдағы уақытта осы өзгерістер өңірлердің дамуына тың серпін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыста сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады. Енгізілген жаңа нормаларға сәйкес ауылшаруашылық жерлерін сатуға мораторий 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Жалға алу тек Қазақстан азаматтары мен шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғалар үшін ғана қолжетімді болып қала береді. Ал, ауыл шаруашылығы жерлерін субарендаға беруге тыйым салынады. Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әзірленді.

«Бұл заңда жердi қорғауға, оны ұтымды және мақсатты пайдалануға арналған жаңа нормалар қарастырылған. Соған сәйкес Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру жөнінде Жер кодексіндегі нормалардың қолданылуына мораторий ұзартылады. Құжатқа жайылымдық жерлерді пайдалану мәселелерін реттейтін, жер учаскелері бойынша ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін жаңа нормалар да енгізілді. Оның бәрі еліміздің ұлттық мүддесіне толығымен сәйкес келеді», – деді Сенат Төрағасы.

Сенаторлар Палата отырысында қашықтан жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мәселесін де талқылады. Бүгін қабылданған «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда осы бағыттағы барлық мәселе қарастырылған. Енді қызметкерлер жұмыс берушінің келісімімен қашықтан жұмыс істеу форматына көшуге құқылы. Бұл ретте жұмыс беруші өз қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге керекті жабдықпен, тиісті ақпаратпен, байланыс қызметімен және өзге де қажетті жағдаймен қамтамасыз етуге міндетті. Егер қызметкер еңбек шартында көрсетілген жұмыс көлемін орындаса, қашықтан жұмыс істеу кезіндегі жалақы толық мөлшерде төленуге тиіс. Бұл заңға аталған мәселенің әлеуметтік маңызы зор екенін ескере отырып, депутаттар бастамашы болғанын айта кеткен жөн.

«Қазіргі таңда қашықтан жұмыс істеу әлемдік трендке айналып отыр. Бұған әрине, пандемия да өз әсерін тигізді. Елімізде азаматтар қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен кезде тиісті заңнамалық реттеудің жоқтығы еңбек қатынастары саласында кейбір мәселелерді туғызғаны белгілі. Осы заң қашықтан жұмыс істеудің құқықтық негіздерін одан әрі қалыптастыруға арналған», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бүгін депутаттардың бастамашылдығымен әзірленіп, қабылданған тағы бір заң қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды көздейді. Жаңа нормалардың басты міндеті – азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау. Құжатқа сәйкес кәсіпкерлерге қатысты рейдерлік фактілер үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Бизнес пен азаматтардың санкцияланбаған тексерулер, тінту, алу, мүлікті уақытша шектеу және басқа да іс-әрекеттер бойынша шағымдарын қарау мерзімі үш тәулікке дейін қысқартылады. Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда бағалы металдардың заңсыз айналымы үшін қабылданатын шаралар күшейтілді.

Бүгінгі отырыс кезінде «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралып, қабылданды. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға арналған бұл заңға да Парламент депутаттары бастамашы болды. Заңға енгізілген жаңашылдықтардың бірі – еңбек саласында кемсітушілікке жол берген жұмыс беруші үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу. Сондай-ақ, заң жобасы бойынша прокурордың қаулыларын орындамағаны үшін де жауапкершілік қарастырылған. Бұл норма, ең алдымен, кәсіпкерлерді мемлекеттік органдар тарапынан мүмкін болатын заңсыз әрекеттерден қорғауды көздейді.

Осылайша, бүгінгі Сенат отырысында депутаттар маңызды 5 заңды қабылдады. Олардың үшеуіне өздері бастамашы болды.

Мәулен Әшімбаев Сенаттың сессиядағы жұмысын қорытындылап, былтырғы қыркүйек айынан бері депутаттар бірқатар маңызды заңдарға бастамашы болып қабылдағанын атап өтті.

«Сессия барысында Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Парламент 63 заң қабылдады. Олардың ішінде 15-іне депутаттық корпус бастамашылдық жасады. Сенат депутаттарының бастамашылығымен тағы 14 заң жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде», – деді Сенат Спикері.

VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, жер мәселесін шешуге, сайлау процестерін жаңғыртуға, жергілікті өзін-өзі басқаруды және сот-құқық қорғау жүйесін дамытуға, шағын және орта бизнес пен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға және инклюзивті білім беруді жетілдіруге, сондай-ақ, тағы басқа маңызды салаларға арналған ауқымды заңдар топтамасы қабылданды.

«Сенаторлар өңірлерге барып, халықпен және еңбек ұжымдарымен үш жүзге жуық кездесу өткізді. Бұдан бөлек, тұрақты комитеттер 3 үкімет сағаты, 5 көшпелі отырыс, 40 дөңгелек үстел мен кездесулер ұйымдастырды. Сол іс-шаралардың аясында Президент тапсырмаларының, заңдардың және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жан-жақты қаралды. Осы жиындарда қабылданған ұсынымдар жауапты мемлекеттік органдарға жіберілді. Оның бәрі Сенаттың бақылауында болады», – деді Палата Төрағасы.

Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев сессия барысында Сенат депутаттары ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында да ауқымды жұмыс атқарғанын айтты. Осы тақырыпқа арналған парламенттік тыңдаулар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты бірегей құжаттар жинағын дайындап, көпшілікке таныстырды. Тарихымыздағы алапат қасіретті жан-жақты сипаттайтын үш томдық жинақ еліміздің архивтері мен кітапханаларының және жоғары оқу орындарының қорларына таратылды.

Отырысты қорытындылай келе, Мәулен Әшімбаев сессия барысында Президенттің барлық реформасын заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз етуге арналған Сенаттың қызметі нәтижелі болғанына назар аударды. Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Палатаның конституциялық өкілеттігін іске асыру жолында табысты жұмыс істеген барша сенаторға алғыс білдірді.

Одан бөлек, депутаттардың өңірлерге жасайтын сапарларына, халықпен кездесулеріне сәттілік тіледі. Айта кетейік, сенаторлар парламенттік каникул кезінде жергілікті жерлердегі проблемаларды зерделеп, сындарлы ұсыныстар жинақтайды. Оның барлығы алдағы депутаттық қызметке негіз болатыны сөзсіз.