30 Сәуір, 2010

СОҒЫС АРДАГЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

1048 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жамандық атаулы адамға қасірет пен қайғы әкеледі. Құдай елімізді осындайдан сақ­тасын. Ал “соғыс” деген суық сөзде небір алапат жат­қанын оны басынан өткерген бүгінгі аға буын ардагерлер жақсы біледі. Оқ пен оттың ор­тасынан қырық жыл қыр­ғын болса да тататын дәм-тұзы барлар ғана тірі оралып, бүгін­де арамызда жүр. Ай емес, күн санап қатары сирегендер ара­сында Кәрім Оспанов атамыз­дың өмір дерегі көңіл тереземізге сәуле түсі­ріп, пікірлессем деген ниетіміз­ге жетеледі. Тоқсанға таяған ата­мыз өмірдің кермек дәмін ерте татыпты. Немістердің бейбіт елге кенеттен соғыс ашуы талай отба­сы­ның шаңы­рағын орта­сына түсі­ріп, баланы жетім, әйел­ді жесір етіп, қайғы-мұң әкел­гені анық. Қанды қырғын жал­ғасқан 1942 жылғы ақпан айында соғыс кеңесінің бұйры­­ғымен Сталинград бағытындағы ұрысқа аттанады. 19 жастағы К.Оспанов атамыз бүгінде жауынгерлердің Отан үшін бастарын өлімге тіккен сәттерін көзіне жас алмай айта алмайды. Отан деген ыстық сезімнің жауын­­герлерге күш бергенін де ұмытпай­ды. Өмірдің небір қиын өткелін көр­генін оның әңгіме­лерінен айқын ұғамыз. – Сталинград қаласындағы жаумен шайқастың шегіне жеткен тұсы. Қынадай қырылған адам. Оны көргенде үрейің ұшады, дейді майдангер ата. Кейіннен әскери міндетін Бело­рус­сия майданы арқылы Литва, Латвия, Польшаны азат ету бағы­тын­да жалғастырған майдан­гер Жеңіс­ті Майндағы Франкфурд қаласында қарсы алғанын айтады. 1946 жылы маусым айын­да елге оралады. – Мен өз өміріме ризамын. Жеңістің 65 жылдық тойын көруге жазған Аллаға мың да бір рахмет! Талай боздақтардың қаны төгілген сұм соғыстың зардабы мүмкін заман ұзай ұмытылар, бірақ сол боздақтардың ерлігі ешқашанда ұмытылуға тиісті емес, – дейді көңілі босаған Кәрім ақсақал. Мектеп директоры Бақыт Исатаеваның бастамасымен жас ұрпақтарымызға патриот­тық тәр­бие беру мақсатында Ұлы Отан соғысына қатысқан ар­дагерлермен кездесулер үне­мі өткізіп тұрады. Сондай кез­десу­дің бірі жақында Кәрім Ос­пановпен өтті. Майдангер қарт оқушыларға соғыс жыл­дарынан естеліктер айтып бер­ді. Ерлік ешқашан ұмтылмауы тиіс. Кәрімжан ҚҰДАКЕЛДІ, әскери жетекші. Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Павлов ауылы.