Қоғам • 28 Маусым, 2021

Құрылыс материалдарының құны шарықтап тұр

1040 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Картоп, сәбіз сияқты «аса бағалы» өнімдер қатарына құрылыс материалдары да келіп қосылды. Тұтынушылар базарда қажетті материалдар екі-үш есе қымбаттап кеткенін айтып та, жазып та жатыр. Әсіресе, болат жайма, арматура, швеллер стандартты профилі, темір бетон, цементтің құны аспандаған.

Құрылыс материалдарының  құны шарықтап тұр

Тұтынушылар не айтады?

Мәселен, былтыр жазда болат жайманың тоннасы 190-230 мың теңге болса, желтоқсанда 300-ге, қаңтарда 350-ге, мамырда 400-ге көтерілген. Маусым айын­дағы бағасы 480 мың төңірегінде бо­лып тұр.

Ұлттық статистика бюросы мынадай деректер келтіреді: қалыңдығы 4 мм-ге дейінгі қаңылтыр болат 65 па­йыз­ға, диаметрі 12-14 мм болатын, А-I кла­сындағы ыстық илектелген арматура 58,3 пайызға, биіктігі 80 мм-ге дейінгі швел­­лер 35 пайызға қымбаттаған. Жыл бас­­талғалы құны өскен материал­дар қа­тар­ында бетон (+12%), цемент (+5%), по­лиэтилен құбырлары (+10%) және силикат кірпіші де (+6%) бар.

Серік Зиятов есімді желі қолда­ну­шысы «Бір жыл ішінде профлист баға­сы бірнеше есе өсіп шыға келді, қымбатшылық қысып барады, ал билік болса қауқарсыз», деп ашына жазды.

«Дәл бір жыл бұрын аула қор­шадым. Сол кезде 53 метр жер­ге 146 мың теңгеге профлист алған едім. Шаршы метрі 1830-дан еді. Биыл ерте көктемде көр­шім ай­на­ласын қоршауға про­флист алды. Был­тырғыдан біраз қымбаттап, 2 700 теңге бол­ған екен. Өзімше ертерек жа­сап алғаныма шүкіршілік қыл­ғанмын», дейді ол.

Содан кейін арада бір ай да өтпей, таксиші жігіт про­флис­тің шаршы метрі 3100 тең­геге шарықтағанын айтқан. «Үй салған екен, енді соның айна­ласын қоршағысы келгенмен, тауы қайтып қалыпты. Бүгін ға­на боялған профлистің шаршы метрінің құны 3 900 теңгеге дейін өс­кенін білдім. Демек, бір жыл­дың ішінде 100 пайызға ша­рықтап тұр ғой. Қазақстанда профлистке қажетті қаңылтыр бар. Бірақ өзіміздің өнімді шетелге сатамыз. Ал керісінше, елі­міздің кәсіпкерлері қажетін Ре­сейден алады. Билік тарапынан ішкі мүмкіншіліктерімізді пайдалануға ұмтылыс, протекционизм деген мүлде байқалмайды. Сосын баға шарықтамағанда қайтеді?» деп жазады С.Зиятов.

Мақсат Рамазанның айтуынша, Алматыдағы «7 құрдас» базарында OSB материалының бағасы екі есе шарықтап кеткен.

«Мынау OSB деп аталатын құрылыс материалы. Тура бір ай бұрын «7 құрдас» базарында әр данасы (ең жұқасы) 3700 теңге тұратын (былтыр 2900-3000 теңге болған). Ауылға кетер кезде алмай кеткенмін, келгесін алар­мын деп. Енді бағасы 8500 теңгеден тұр. Екі есе өскен. Базардағылардың көбісі «сатуға шығарып жатқан жоқпыз» дейді. «Неге?» деп сұрасам, «Ажио­таж боп кетті, көбісі бізді кінә­лай­ды, бірақ қымбаттатып отырған біз емес. Абыр-сабыр басылғасын шығарамыз дейді», деп жазды Fecebookтегі парақшасында.

 Министр уәжі

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрі Бей­біт Атамқұловтың айтуынша, құрылыс материалдарының қым­баттауы – әлемдік тенденция. «Көптеген ел экономикалық дағ­дарыстан енді ғана шығып жатыр. Сол себепті, бізде де, көр­­шілерде де құрылыс метал­дарының, арматуралардың баға­сы қатты өсуде», дейді министр.

Ведомство басшысының сө­зінше, биылға жоспарланған тұрғын үй көлемі де бағаға өз әсерін тигізіп отыр.

«Бізде Ресеймен баға айыр­машылығы шамамен 5 пайыздай. Арматураны негізінен Ресейден сатып аламыз. Өзімізде де өндіріс бар. Бірақ ол жеткіліксіз. Құ­ры­­лыс қарқынды жүруде. Биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй са­луымыз керек. Бұл да баға па­ра­метріне әсер етеді. Ал цемент өндірісі өзімізде жеткілікті дең­гейде. 12 зауытта 15 млн тонна цемент өндіріп отырмыз. Ал құрылыс саласының сұра­нысы – 9,3 млн тоннадай ғана. Биыл төрт айда былтырмен са­лыс­тырғанда 30 пайызға көп цемент шығарып үлгердік. Ал қазір қолдан жасалған ажиотаж жүріп жатыр. Сол жағдай баға өсіміне алып келді» дейді Б.Атамқұлов.

QazCem цемент және бетон өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Ербол Әкім­баев­тың айтуынша, Қазақ­станда це­мент тапшылығы болуы мүмкін емес.

– Қазақстан 2020 жылы 9,6 млн тонна цемент тұтынған. Яғни нарықта тағы 7 миллион­дай цемент артылып қалған деген сөз. 2018-2020 жылдары Жам­­был мен Шығыс Қазақстан облысындағы екі зауыт жабылып қалған. Біздің нарық кішкентай болып, өнімдерін сата алмаған соң осындай жағдайға ұшырап отыр. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден келетін цемент импор­тына 6 айға шектеу қойды, – дей­ді Е.Әкімбаев.

Риелтор Марина Грушинаның байламынша, бағаның өсуіне Ресейге салынған санкциялардың әсері байқалады. «Материалдар бағасы 30-дан 80 пайызға дейін өсіп кетті. Негізгі масса Ресейден келе­ді. Санкция салдарынан және сұраныстың көп болуынан баға ша­рықтап сала берді» дейді маман.

 Нарық өкілдері не дейді?

Баға өсімін тежейміз, тиісті шараларды қолға аламыз, бұлай бетімен жібермейміз деген са­рын­дағы жиындар мен жиналыстар молынан өтіп жатыр. Бі­рақ бағаның тұрақталар түрі бай­қалмайды.

Алматыдағы құрылыс базар­ларының бірінде сатушы болып жұмыс істейтін азамат кішігірім тауарлар да қымбатшылықтан қа­лысып жатқан жоқ дейді.

– Кез келген үй салатын, жөн­деу жасайтын азамат армату­раны сатып алады. Ал оның баға­сы соңғы үш айда 110 мыңға қым­бат­тап кетті. Шамалы уақыт бұ­рын ғана 270-280 мың еді, қазір 380-390 мың теңге. Пеноплекс Қапшағайда өн­діріледі. Бағасы қымбат. Әрі өзі де тапшы болып тұр. Элек­тро­тауарлар да қалысып жатқан жоқ. Олар негізінен Қы­тайдан тасымалданады – шпатель, шру­поверт, бұрандалы шеге қым­баттауда. Кейбір заттардың құны 35 пайызға дейін өсіп кетті, – дейді Жалғас Насифулла.

MS group of companies директоры Қайрат Бимағамбетов ба­ғаның көтерілуі себебін біл­мейміз, қалай болғанда да на­рықтағы ахуалға бейімделіп жұмыс істеуге тура келеді дейді.

– Баға көтерілуін әркім әр­түрлі болжайды. Біреулердің ай­­туынша, Ресей зауыттарында жұмыс істейтін мигранттардың елден кетіп қалуы осыған себеп болған. Біз негізінен құрылыс тауарларын Қытайдан тасимыз, олардан бұрандалы шеге, болт, тор сатып аламыз. Бірақ логис­тика тұрғысынан қиындықтар туындауда. Материал таситын контейнерлердің жетіспеуі ба­ғаны екі есе көтеріп жіберген. Сондықтан құрылыс материалдарын негізінен Қытайдан таситын елдерде тапшылық болып жатқан сияқты. Контейнер тапшылығы бүкіл әлемге тән болып отыр. Әсіресе Перу, Аргентина елде­ріне жіберілген контейнерлер кері қайтпай қалған, – дейді.

Кәсіпкердің айтуынша, пан­демияға қарамастан былтыр сауда жақсы жүрген. Сауда көлемі биыл тіпті өсе түсті дейді.

– Былтыр біздің интернет-дүке­німіз жұмыс істеп тұрған. Соның арқасында да сауда жақсы жүріп жатты. Биыл жағдай тұрақ­талды. Қаңтар-ақпан айларында қоймаларымызды тауарға тол­тырып қойғанбыз. Сұраныс ой­да­ғыдай. 2020 жылмен салыс­тырғанда саудада өсім бар. Мем­лекет те құрылыс саласына ақша құйып жатыр. Оның үстіне азаматтар зейнетақы қорындағы ақ­ша­сын да пайдалана бастады. Сөй­­тіп азаматтар тарапынан сұ­­ра­­ныс тоқтаған жоқ, – дейді Қайрат.

Қайрат Бимағамбетовтің ком­па­ниясы гипсокартонға арнал­ған профиль де өндіреді. Ши­кізатты Қарағанды зауытынан алады.

– Бізге девальвацияның әсері болмауы керек еді. Өйткені шикі­затты өзімізден алып тұрмыз. Алайда олар шикізат бағасын өсі­реді. Инвесторлар талап ете ме, әлде несие міндеттемесі дол­­лармен бе, әйтеуір, шикізат қым­баттап кетеді. Міне, сол себепті, біз де өнімнің бағасын өсіре­міз. Меніңше, нарықтағы қым­батшылық осылай қа­лып­тасады. Мұнай саласы да осыған ұқсас қой. Мұнай – өзіміздікі. Зауыттарымыз бар. Бірақ жыл сайын жанар-жағармай қым­баттайды. Себебі, түсініксіз, – дейді компания басшысы «Egemen Qazaqstan»-ға берген жауабында.

Тұрғын үй нарығының күйі не болмақ?

Құрылыс материалы мен тұрғын үй нарығы бір-бірімен селбесіп жатқан сала, сәйкесінше, базардағы баға өсімі шаршы метрдің де шарықтауына ықпал етеді.

Жалпы, біз нарықтағы үй­лердің арзандауын ұмытқалы қа­шан. 2021-дің қаңтар-мамырында бірінші нарық баспаналары 8 пайызға қымбаттаған. Екінші нарық үйлері 13 пайызға ша­рық­тады. Ал отандық құрылыс материалдарының бағасы 16 пайызға артқан.

Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ер­ғалиевтің айтуынша, қазақ­стан­дық өндірушілердің бағасы им­порттық тауар бағасынан төмен болуы керек еді. Алайда цемент бағасы жыл сайын 12-13 пайызға қымбаттауда.

«Батыс өңірлерде цемент Ираннан тасымалданады. Әрі Иран цементі біздің цементтен арзан. Жалпы, үй құнындағы құ­рылыс материалдарының үле­сі – 60 пайыз. 2020 жылмен салыс­тырғанда кейбір материал­дар бағасы 60 пайызға өскен. Арматура 64 пайызға өскен. Бір жылда теңге 31 пайызға құн­сызданды. Бұл отандық өнім­дердің қымбаттауына әсер етеді» дейді Т.Ерғалиев.

Осы мәселеге орай арнайы пікір білдірген Orda Invest кор­порациясы басқар­масының төр­ағасы Шалқар Тәлі­пов құ­рылыс материалдарының қымбат­тауына байланысты баспана бағасын да көтеруге мәжбүр болғанын айтады.

– Соңғы 6 айдың ішінде қара металл 80 пайызға қым­бат­тап кетті. Біздегі 5-6 зауыт өнім­де­рінің сапасы төмен. Те­мір­тау­дағы зауыттың ғана сапасы жоғарылау. Бірақ сонысын бұлдап олар да бағаны көтеріп отыр. Одан бөлек түсті металдардың бағасы, кабель өнімдері, электр құрылғылары, алюминий про­филі, шыны, кірпіш, бетон бәрі қымбаттады. Бұл өз кезегінде біздің компа­ния салып жатқан баспана құнының да өсуіне алып кеп отыр. Құрылысы енді басталатын үйлер құны – 30, ал құрылысы басталып кеткен үйлердің құны 15 пайызға қымбаттады. Біздің құрылыстағы материалдардың 80 пайызы – импорттық өнімдер. Үкімет 40 пайыз деңгейінде айтып жүр. Ол шындыққа жанаспайды, – дейді Шалқар Тәліпов.

Түйін

Қазақстанда 1900-дей компания құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Оның ішінде орташа және ірі кәсіпорындардың саны 130-ға жу­ықтайды. Өзгесі – ұсақ кәсіп­орындар. Солардың бәрі қо­сылып нарықты отандық өніммен қамти алмайды. Әзірге бетон, газблок, құм, тас және құр­ғақ қоспалар – біздің төл өнім­дер. Арматура, цемент, плитка, қыштақтайша, насос стансасы, ламинат сияқты аса қажетті өнімдерді түгелдей сырт­тан тасып күнелтіп отырмыз. Тауар баға­сына кеден мен логистика, те­мір жол мен әуе  тасымалы құны да қосылады. Содан келіп баға қымбатшылығы туындайды. Осының бәрін өзіміз шығарсақ, арзан дүние тұтынар едік деген де бос қиял. Бізде шық­қан өнімдер де қандай да бір жолмен қымбат болып кете береді. Қайда барсақ та шыр айналып бір-біріне тіреліп, тү­бі тұ­йыққа бастайтын шырғалаң бұл.