01 Қаңтар, 2014

Көрме құрылысы басталады

59 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Табалдырығымызды аттаған Жаңа жылдың еліміз үшін тағы бір маңыздылығы – бұл жылы Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге арналған құрылыс жұмыстары басталмақ.

Естеріңізге салсақ, «ЭКСПО-­­ 2017» ұлттық компа­­­ния­сы­­ның басқарма төрағасы Тал­ғат Ер­мегияев 2014 жылды ЭКС­ПО- 2017 көрмесіне дайын­­дық жұ­мыс­тары үшін маңызды бола­ды деп мәлімдеген еді. «2014 жылдан бастап ЭКСПО құрылысы басталады. Сiздер бiлесiздер, бiз­дiң климат Еуропаның жайма-шуа­ғы емес. Сондықтан құрылыс өте ауыр болады. 3 жыл деген ұзақ уақыт емес. Дегенмен, бiз 2,5-3 жылда 1 млн. шаршы метрге тең ЭКСПО нысандарын салып бiтуi­мiз шарт. Қазiргi уақыт­та бар­лығы жоспар бойынша келе жа­тыр», деген еді Талғат Ерме­гия­ев.

11

 

11

Табалдырығымызды аттаған Жаңа жылдың еліміз үшін тағы бір маңыздылығы – бұл жылы Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге арналған құрылыс жұмыстары басталмақ.

Естеріңізге салсақ, «ЭКСПО-­­ 2017» ұлттық компа­­­ния­сы­­ның басқарма төрағасы Тал­ғат Ер­мегияев 2014 жылды ЭКС­ПО- 2017 көрмесіне дайын­­дық жұ­мыс­тары үшін маңызды бола­ды деп мәлімдеген еді. «2014 жылдан бастап ЭКСПО құрылысы басталады. Сiздер бiлесiздер, бiз­дiң климат Еуропаның жайма-шуа­ғы емес. Сондықтан құрылыс өте ауыр болады. 3 жыл деген ұзақ уақыт емес. Дегенмен, бiз 2,5-3 жылда 1 млн. шаршы метрге тең ЭКСПО нысандарын салып бiтуi­мiз шарт. Қазiргi уақыт­та бар­лығы жоспар бойынша келе жа­тыр», деген еді Талғат Ерме­гия­ев.

Иә, бұл Т.Ермегияевтің ЭКСПО-2017 көрме кешенінің үз­дік эскиз-идеясы Халықаралық архитектуралық конкурсы қоры­тындысы жарияланған күні сөйлеген сөзі. Яғни, сол күні 2014 жылдан құрылысы бас­та­луы тиіс архитектуралық нысан­ның жобасы айқындалған еді. Онда Америкалық «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture» компаниясының жобасы жеңім­паз атанды. Жеңімпаз компа­нияның сәулетшілері ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Аста­на­дағы ЭКСПО өтетін алаңның жалпы аумағы – 173,4 гектар. Оның ішінде 25 гектар көрме кешенінің өзіне тиесілі болса, 148 гектар аумақта тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік-мәдени, білім беру және денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар, гүлзарлар, жолдар орналасады. Көрме павильондарының болжамды ауданы – 118620, ал қызмет көрсету аймақтары – 95 400 шаршы метрді құрайды деп белгіленді. Сондай-ақ, тұрғын үй алаңы – 586 465 шаршы метр деп белгіленген.

Архитектуралық эскизде Қазақстан павильоны шар тектес айрықша нысан болғалы отыр. Бұл ЭКСПО-2017 көрмесінің бас­ты символы болып табылатын іші бірнеше қабаттан тұратын нысанның ауданы 24000 шаршы метрді құрамақ. Павильон дизайны «Заманауи киіз үйге» ұқсас жасалған. Бұл жоба дәстүрлі қазақ архитектурасының жаһандық өркениетке ұласқан заманауи келбетін паш етпек. Авторлардың көзқарасы бойынша, осы эскиз-жоба қазақтың ұлттық дәстүрлерін «Үшінші өнеркәсіптік революция» және «Болашақтың энергиясы» қағи­даттарымен байланыстырады. Эскизден одан әрі өз орындарын тапқан нысандар «Энергия әлемі», «Тіршілік үшін энергия», «Қолжетімді энергия», «Менің болашақ энергиям» тақырыптық павильондарының аумағы нақты құрылыста шамамен әрбіреуі 4000 шаршы метрден, жалпы аумағы 16000 шаршы метрді алады. ЭКСПО-2017 көрмесіне жүзден астам қатысушы елдер өз павильондарын ұсынбақ. Ондай халықаралық павильондардың әрбіреуіне 95000 шаршы метрден орын тиеді деп жоспарлануда. Ал өнер орталығы 14000 шаршы метр аумақта орналасады.

Нақтырақ айтсақ, нысан­дар­дың құрылысы 2014 жылдың сәуір айында басталады. 2016 жылы құрылыс толықтай аяқталуы тиiс. Көрменiң басталуына жарты жыл қалғанда ол iске қосылып, сынақтан өткiзілуі қажет.

Бүгінде Көрме дайындығына жұмыс істейтін мәлімет үйлесім­ділігін тиімді қамтамасыз ету үшін штат іріктелді, жос­пар пысықталды. Ұлттық серік­тестік­тен басқа «ЭКСПО-ны» арнайы қолдау қоры мен Астана әкімдігі де игілікке өз үлестерін қосып жатыр. Олар қалада әуежайды кеңейтуге, тағы бiр вокзалды салуға қатысты жұмыстарды жүргiзбек.

ЭКСПО-2017 көрмесіне да­йындық жұмыстары негізгі бес бағыт бойынша жүргізілуде. Бірінші бағыт – жаңа логотип. ЭКСПО-2017 ұлттық жоба болғандықтан, жаңа логотипті қазақстандықтар өздері таңдағаны жөн деген шешім қабылданды. Нәтижесінде «Жел энергиясы» атты логотип таңдап алынды. Ол ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның ше­шімімен бекітілді.

Екінші бағыт – тұжырымдама жобасы. Қоршаған ортаны қор­­ғау министрлігі «Астана ЭКСПО-­ 2017» ұлттық компаниясы­мен бірлесіп әзірлеген көрмені өткізу тұжырымдамасының жоба­сы Үкіметке енгізілген. Тұжы­рымдаманың негізі – тіркеу құжат­тамасы. Бұл құжаттама бұрын ЭКСПО көрмесін өткізген елдердің озық тәжірибесіне сүйеніп жасалыпты. Нақтырақ айтсақ, бұл көрмеге қажетті нәр­се­лердің, мәселен, құрылыс, тақы­рып, насихат, жарнама, ақылы қызмет, қала инфрақұрылымын дамыту, қаржыландыру, инвес­тициялар, көрмеден кейін нысандарды пайдалану және тағы басқа құжаттардың жиынтығы. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы осы жиынтықтың алғашқы нұсқасын бітіріп, Халықаралық көрмелер бюро­сы­ның қарауына жіберген. Халықаралық көрмелер бюросы тіркеу құжаттамамызды бекітіп берсе, ондағы жазылған нәрселер толық іске асырылады. Ол 200 бетке жуық өте үлкен құжат. Бұл құжатты тек Халықаралық көрмелер бюросы ғана емес, халықаралық көрмеге қатысатын 100 мемлекет те мақұлдауы керек. Қатысушылардың барлы­ғы өз мүдделерінің де осы құжат­тан көрініс тапқанын көруі керек. Париж қаласындағы Халық­аралық көрмелер бюросы бұл құжатымызды 2014 жылдың басында толық бекітеді деп күті­луде. Жоспар бойынша, көр­ме­нің толық атрибуттары 2014 жыл­дың жазында өтетін ХКБ-сының отырыстарының бірінде қолымызға тиеді.

Үшінші бағыт ЭКСПО-ға қатысты заң шығару болатын. Ұлттық жобаның тиімді жүзеге асырылуы үшін, әуелі заңна­мамызды жетілдіру қажеттігі айқын. Осыған орай, Экономика және бюджеттік жоспарлау ми­нистрлігінде құрылған жұмыс тобының шеңберінде тиісті заң жобасы жан-жақты дайындалды. Заң жобасы, біріншіден, шетелдік жұмыс күшін тартуға, екіншіден, ЭКСПО-ға келетін шетелдік азаматтар мен туристерге виза беруге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және басқа нормаларға қатысты іс-шараларды жеңілдетуге мүм­кіндік береді. 2013 жылдың 3 желтоқсаны күні Мемлекет басшысы Қазақстан аумағында ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесін ұйым­дастыру және өткізу мәселе­лерін реттеуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астанада ЭКСПО-2017 халық­ара­лық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Төртінші бағыт – еліміздегі және шетелдердегі насихат. Көрмені қолдау аясында Қазақ­станда және шетелдерде роуд-шоу, ауқымды акциялар, форумдар секілді бірқатар үлкен-үлкен іс-шаралар өтеді. Қазақ­стандықтарға «ЭКСПО деген не?», «Жасыл технологиялар­ды қалай қолданамыз?» деген сауалдар төңірегінде түсіндіру-насихаттау жұмыстары жүргі­зіл­се, шетелдіктерге өздерін қызық­тыратын нәрселер жөнінде ақпарат беріледі. ЭКСПО көрмесі үш ай бойы мил­­лиондаған қонақтарды өзіне тартып, олардың назарына әр­түрлі мәдени, ойын-сауық бағдар­ламаларын ұсынбақ. 93 күн бойы көрмеге қатысатын елдердің әралуандығын білдіретін ауқымды шоу-қойылымдар, тақырыптық мерекелер, танымал сахналық өнер фестивальдары, концерттер, театрландырылған қойылымдар өткізіледі.

Ал бесінші бағыт – ең үздік сызба-идея байқауы болатын. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл жоба бүгінде бекіді. Енді, міне, осы жылдан бастап құрылыс жұмыстары басталғалы отыр.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».