Сұхбат • 01 Шілде, 2021

Қайрат Келімбетов: Көбірек жұмыс істеп, шығынды азайту – дағдарысқа қарсы жалғыз стратегия

223 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

2021 жылдың 1 шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығында болды. Мемлекет басшысының төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің және «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі Кеңестің отырыстары өтті.

Қайрат Келімбетов: Көбірек жұмыс істеп, шығынды азайту – дағдарысқа қарсы жалғыз стратегия

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы мен алға қойылған мақсаттар туралы АХҚО Басқарушысы, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Келімбетов әңгімелеп берді.

– Қайрат Нематұлы, әңгімемізді АХҚО-дан бастасақ. Таяуда АХҚО-ға Елбасы келіп-кетті.

– Біз үшін «АХҚО» жобасының негізін қалаушы әрі басты идеологы – Елбасының келуі әрқашан айтулы оқиға. Нұрсұлтан Әбішұлы АХҚО-ның басқару жөніндегі Кеңесінің Құрметті төрағасы ретінде біздің жұмысқа үнемі қызығушылық танытып, қамқорлық жасап отырады. 17 маусым күні біз оны 2020 жылғы Жылдық есеппен таныстырып, қазіргі экономикалық жағдайға байланысты Орталықтың атқарып жатқан жұмыстары бойынша есеп бердік.

 – Бүгін АХҚО-ны Басқару жөніндегі Кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Онда қандай мәселелер қарастырылды?

– Биыл біз Кеңестің бұған дейінгі отырысында бекітілген АХҚО-ның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясының жүзеге асырылу барысы жөнінде есеп бердік. Орталықтың Стратегия аясындағы басты міндеті – өңірлік деңгейге шығу, өңірлік қаржы орталығы ретінде қалыптасу.

Бұл бағытта біз белсенді түрде жұмыс жасаудамыз. Бұл ретте, коронавирус пандемиясының да белгілі бір деңгейде көмегі тиді деуге болады. Карантиндік шектеулер бұрынғы көршілерге қатынастарды «қайта жандандыруға», ал кей жағдайларда бір-бірін қайта ашуға мүмкіндік беріп, аймақтандырудың трендін бекітті. АХҚО-ның аймақтық көшбасшылыққа бағыты осы үрдіспен де, Қазақстанның жоғарғы басшылығы жүзеге асырып жүрген аймақтағы басқа елдермен өзара тиімді әрі тату көршілік қарым-қатынастарды дамытудың белсенді саясатымен де толық сәйкес келеді.

АХҚО алдына қойылған барлық міндеттерді орындау үшін біз сегіз реформаны жүзеге асыру туралы бастама көтердік. Олардың барлығы Стратегияда көрініс тауып отыр. Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен тығыз серіктестік орнатудың арқасында олардың әрқайсысы бойынша айтарлықтай ілгерілеушілік бар.

Басқару жөніндегі Кеңес тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – бұл жаңа айтып кеткен Жылдық есептің таныстырылымы мен оның бекітілуі. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 2 шілдеде өткен АХҚО Басқару жөніндегі кеңесі отырысында берген тапсырмасы бойынша, біз Орталықты өзін-өзі ақтайтын дәрежеге жеткізу бойынша белсенді түрде жұмыс істеудеміз. Шығындарды азайтып, қатысушылар мен жалпы экожүйе белсенділігінің артуына қол жеткіздік.

 – АХҚО-ның 2021 жылға арналған бюджеті қандай?

– 2021 жылға арналған бюджеттік өтінім мөлшері 11,82 млрд теңгені құрап отыр. Одан кейінгі жылдары бұл мөлшер азая түспек, 2022 жылы 9,97 млрд теңгеге, ал 2023 жылы 9,15 млрд теңгеге дейін қысқартылады. АХҚО-ның жұмысы артып келеді, оның ішінде Стратегиялық жоспарлау мен реформалар бағыты бойынша ауқымды жұмыс істеп отырса да, мемлекеттен аз мөлшерде ғана қаражат алып отыр. Бұл, менің ойымша, пандемия, карантиндік шектеулер мен қатаң экономикалық ахуал жағдайындағы ең дұрыс стратегия.

 – Өсу деңгейін сіз қандай көрсеткіш бойынша бағалайсыз? Меніңше, оқырмандарды АХҚО-ның басты міндеті ретінде бір емес, бірнеше рет айтылып келе жатқан инвестиция тарту мәселесі көбірек қызықтыратын секілді.

– Тартылған инвестициялар көлемі 4,4 млрд доллар. Олардың 3,2 млрд доллары – тікелей инвестиция болса, 1,2 млрд доллары – портфельдік инвестиция. Пандемия мен карантиндік шектеулерге қарамастан, бұл көрсеткіштер сенімді түрде өсіп келе жатқанына назар аударғым келіп отыр. Қазіргі күнгі жеткен жетістіктер – ілгерілеудің бастамасы ғана деп айтуға болады.

Белсенділіктің артуына дәлел болатын көрсеткіштер өте көп. Бұның ең қарапайым әрі көрнекі мысалы, ол, әрине, қатысушылар саны. Қазіргі күні АХҚО юрисдикциясына әлемнің 53 елінен 845 компания тіркелген. Бұл көрсеткішке назар аударсақ, біз белгіленген кестеден айтарлықтай озып келеміз. Жаңартылған жоспар бойынша 2025 жылға дейін 2000-ға жуық компанияны тарту жоспарланып отыр.

 – Карантинге дейін АХҚО экожүйесіннде 400-ден астам компания жұмыс істеген. Бизнес өкілдері «үйде отырған» кездегі екі еселенген өсімді сіз немен байланысты деп ойлайсыз?

– Коронадағдарыс экономиканың АХҚО секілді институттарды қажет ететінін айқын көрсетті. Біздің байқауымызша, 2020 жылы Орталық экожүйесі қатысушыларының артуы, ең алдымен, жағымсыз экономикалық конъюнктурадан қорғану үшін немесе дағдарыстан шыққан кейінгі кезеңде тезірек өсімге қол жеткізу үшін жаңа мүмкіндіктер іздеумен байланысты болып отыр.

Өз тарапымыздан, біз АХҚО қатысушыларының тіркелуі мен жұмысын барынша жеңілдету үшін бар күшімізді салдық. Мәселен, 2020 жылы компаниялардың тіркелуі толығымен онлайн-форматқа көшіріліп, тіркелу мерзімі бір аптадан бір күнге дейін қысқартылды. Дау-дамайларды шешуге арналған eJustice онлайн-жүйесі сұранысқа ие. Соның арқасында сот төрағасы, талапкер мен айыпкерге Нұр-Сұлтан қаласына барудың еш қажеті жоқ.

Нәтижесінде, АХҚО-ның бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауының арқасында іскерлік белсенділік артуда. Біз қатысушылардың біздің жұмыс туралы айтқан ой-пікірлерін жіті қадағалап отырамыз. Соңғы жылы олардың саны артқан, қатысушылардың АХҚО юрисдикциясындағы жұмысын артықшылық ретінде көрсететін саны да арта түскен.

Ел экономикасындағы күрделі жағдайға қарамастан, 2020 жыл АХҚО үшін қатысушылары төлеген тікелей салық көлемі бойынша рекордты көрсеткішке ие жыл болды. Олардың көлемі – 5,3 млрд теңгенң құрады. Салықтар - алаңдағы белсенділіктің өсуін айқын көрсететін көрсеткіш қана емес, сонымен бірге Орталықтың өзін-өзі ақтайтын дәрежеге жетуінің басты құралдарының бірі.

 – АХҚО юрисдикциясында қандай ірі салық төлеушілер бар?

– Ірі салық төлеуші ретінде Каспий теңізіндегі туристік кластерді дамытумен айналысатын Aktau Tourism City Ltd. компаниясын атауға болады. Компания шетел инвестицияларын тартуға, инфрақұрылымды дамытуға, өңірдегі жалақысы жоғары жұмыс орындарын құруға қатысты кешенді міндеттерді шешіп отыр. Мұның барлығы ел басшылығының бастамасымен қолға алынған дағдарысқа қарсы іс-шаралар болып саналады және бұл міндеттердің шешімін табуға АХҚО қатысушыларының атсалысуы үлкен мақтаныш.

 – AIX биржасының жұмысына пандемия қалай әсер етті?

– Коронавирус пандемиясы әлемдегі барша қор нарықтарына, оның ішінде AIX биржасына да түрлі бағытта әсер етті.

Бір жағынан, пандемия бөлшек сауда инвесторларын брокерлік есепшоттар ашуға және арзандаған бағалы қағаздарға инвестиция салуға ынталандырды, екінші жағынан көптеген компаниялар, әсіресе пандемиядан ең көп зардап шегіп, қолайлы нарықтық жағдайларды күтіп отырған мемлекеттік компаниялар мен түрлі салалардағы бизнес өкілдері, өздерінің IPO-ға шығу жоспарларын өзгертті.

Биржаның орталық депозитарийі – AIX CSD-де – 2020 жылы 40 мың жаңа инвесторлық шот ашылды, сонымен қатар AIX қолдауымен Tabys қосымшасы іске қосылды, оның мақсатты аудиториясы - бастаушы бөлшек инвесторлар. Оның көмегімен біздің отандастарымыз минималды тәуекелмен инвестициялау негіздерін үйрене алады. Бұл жаппай инвестициялық мәдениетті қалыптастырады және брокерлер үшін клиенттердің санын арттыруға мүмкіндік береді. Қосымшада инвесторларға арналған арнайы талаптар жоқ, кіру шегі минималды - 6 доллардан басталады. Қазіргі уақытта Tabys ноталарына салынған инвестиция көлемі 1 миллион доллардан асты.

Оранластыруларға келетін болсақ, қазақстандық қана емес, халықаралық қаржы нарығы үшін де Kaspi.kz IPO-сы атаулы оқиға болды. Бұл жоғары технологиялық қазақстандық компанияларға шетелдік активтердің қызығушылығы жоғары екенін және осы іспеттес IPO-ның әлеуеті зор екендігін көрсетті.

Өзге де атаулы орналастырылымдар қатарына «Даму» КДҚ» АҚ БҰҰ-ның даму бағдарламасымен келісім аясында өндірілген Қазақстандағы алғашқы «жасыл» облигациялары мен Катар халықаралық ислам банкі және Ислам даму банкінің алғашқы ислам сукуктарының кросс-листингтерін атауға болады.

Сонымен қатар, «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ-ның AIX-те бастапқы және қайталама орналастырылу тарихы – бұл компанияның орналастырылған сәттен бастап нарықтық капитализациясын үш есеге арттырған көзге түсерлік жетістік тарихы.

Жалпы, 2018 жылдың қараша айында AIX-те алғашқы сауда-саттық басталған күннен бастап, осы платформа арқылы 321 миллион доллардан астам акционерлік капитал және 900 миллион долларға жуық қарыз капиталы жиналды. Айта кетерлігін, AIX-тегі сауда-саттық көлемі 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында соңғы жартыжылдықтан төрт есе асқан.

 – Ұлттық финтех-көшбасшылардың бірі Kaspi.kz-тің атын атап кеттіңіз. Қандай да бір бірлескен финтех-жобаларды дамытып жатырсыз ба?

– Kaspi.kz-пен бірқатар бағыттар бойынша бірлесе жұмыс жасаймыз. Оның ішінде финтех-саланы дамыту бойынша да жұмыс істеудеміз. Kaspi.kz-пен бірлескен жобамыз АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросы мен QWANT бағдарламалау мектебіне айрықша назар аударғым келіп отыр. Оның мақсаты ең заманауи технологияларды меңгерген бағдарламашыларды көптеп дайындап шығару.

QWANT мектебі – АХҚО экожүйесі арқылы дами түскен және шынайы нәтижелерді өздігінен генерациялайтын қызықты жобалардың бірі. Шын мәнінде, қазіргі күні АХҚО-ны құрғандағы алға қойған мақсаттар орындалып келеді – Орталыққа қарайтын органдар мен ұйымдар көтеретін жаңа идеялар мен жобаларды генерациялау мәселелері бойынша бастама қатысушыларға өткен. Органдардың міндеті экожүйеге жаңа қатысушыларды тартуға және олардың ұдайы дамуына жағдай жасау болып қалып отыр.

Экожүйе арқылы дамып, қанат жайған жобалардың тағы бір мысалы ретінде iKapitalist краундфандингтік платформасын атауға болады. Оның көмегімен отандық шағын және орта кәсіпкерлер жан-жақты тексерістерден өткеннен соң, жеке тұлғалардың қаржысын тарта алады. Жуырда платформа ШОБ-қа арналған берілген қарыз бен шығарылған облигациялардың жалпы сомасы 2 млрд теңге екенін хабарлады. Бұл ретте, алынған қарыздардың барлығы уақытында төленген. Мен мұны керемет нәтиже деп санаймын және қатысушыларымыздың жетістіктері үшін қатты қуаныштымын.

Финтехті дамыту жайына келер болсақ, біз, қазіргі таңда бұл бағыттың аясын кеңейтіп жатырмыз. Финтех Хаб-ты қаржылық сала шеңберінен шығару үшін және барлық бағыттағы барлық ынтагерлерге қолдан келгенше көмек көрсету үшін Тех Хаб-қа айналуда. Бізде бұл үшін әлеуетті инвесторлармен тікелей байланыс, инкубациялық және акселерациялық бағдарламалар, бизнес-модельдерді масштабтау мен дамытуға қолайлы жағдайлар секілді барлық қажетті құралдар бар.

Сонымен бірге, АХҚО платформасында Әлемдік экономикалық форумның Төртінші өнеркәсіптік революциясының Үлестес орталығы ашылған. Шын мәнінде, бұл бүкіл ел Төртінші өнеркәсіптік революциямен байланысты ең жаңа саясат пен зерттемелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ақпараттық-әдіснамалық шлюз.

 – Криптовалютаның дамуына байланысты көзге көрінерлік табыстар бар ма? Жалпы, кейбір жетекші сарапшылардың жоғарғы құбылмалылығы мен ашық күдікшілдігін ескере отырып, криптоиндустрияның дамуына салған салымдарды соған тұрарлық деп айтуға бола ма? Бұдан бір ай бұрын ғана Пол Кругман New York Times газеті арқылы «криптаның» беделіне елеулі нұқсан келтірді.

 – Бұған дейін мен АХҚО қатысушыларының белсенділігі туралы жайдан-жай айтып кеткен жоқпын. Орталық тек жағдай жасап, реттеу, инвесторларды тарту және сараптама жасау секілді дүниелерді атқарып отырғанын түсінген абзал. Бұл міндеттерді айтарлықтай біраз уақыт бұрын біз сәтті еңсердік. Мәселен, 2018 жылы біз Криптовалюталарды сақтау мен айналымы камерасын жасап шығардық. Біздің нақты бір жобаларды дамытуға, мәселен криптобиржаларды жасауға құзыретіміз жоқ. Десе де, барлық ынтагерлерге қолдан келген көмегімізді беруге әзірміз.

Криптовалюталар бойынша күмәншілдік мәселесіне келер болсақ, менің ойымша, «криптаның» тағдыры нақты бір шешімнен әлі де алыстау болып тұр. Оны қолдайтындар мен қарсы шығатындар әлі де көп болады. Мен біз келген нұсқаға, оның ішінде криптовалюталардың жаһандық көлемде енгізілуіне де дайын болуымыз керек деп санаймын. Сол үшін де АХҚО жүйесіндегі криптовалюталық жобаларды дамытуға барлық жағдай жасап отырмыз.

 – Петербург халықаралық экономикалық форумында сөйлеген сөзіңізде Сіз миллениалдар экологиялық мәселелерге дауыс беретінін және ірі инвесторлар клубы «жасыл емес» экономиканы ары қарай қаржыландырмайтынын айтқан болатынсыз. Күн тәртібінде тұрған экологиялық мәселелерді қолдау бойынша АХҚО қандай шараларды қолға алып отыр?

– ESG немесе жауапты басқарма – бұл жай ғана сәнді бренд емес, шынтуайтына келгенде адамзатты аман сақтап қалу мәселесі. Кезінде АХҚО «Жасыл» қаржы орталығын да осы түсінік бойынша құрған болатынбыз. Орталық экологиялық инвестициялауды ынталандыру мәселелері бойынша айтарлықтай жетістіктерге жетті.

Қазақстанға арналған жасыл қаржы жүйесінің тұжырымдамасы жасалды. AIX Биржасына арналған жасыл облигацияларды шығару Ережелері жасап шығарылды. Мен бұған дейін сәтті шығарылымдар туралы айтып кеттім. Экологиялық және Кәсіпкерлік кодекстерге түзетулер енгізуді ұсынып отырмыз. Олардың аясында бизнесті «жасыл» қаржылық құралдарды пайдалануға экономикалық ынталандыру шаралары қолға алынып жатыр.

Әлеуметтік эмитенттер тарапынан да алғашқы нақты қадамдар жасалды. Мәселен, сәуір айынан бастап біз Еуразиялық даму банкімен бірлесе отырып «жасыл» жобаларды дамыту мәселелері бойынша Қызылорда облысы әкімдігімен тығыз жұмыс жасаудамыз.

 – Былтыр АХҚО «түлектері» Ренат Бектұров пен Ернұр Рысмағамбетов Президенттің жастар резервінде бірінші орын алды. Жеңімпаздардың AIX Биржасының СЕО-сы мен АХҚО Әкімшілігінің СЕО-сы қызметтеріне дейін көтерілуі бұл табыспен байланысты ма? Басқарушы кадрларды «жасартудың» мұндай үлгісі – бірреттік науқан ба әлде стратегиялық бағыт па?

– Маған Мемлекет басшысының Президенттік жастар кадр резервін құру туралы идеясы қатты ұнайды. Себебі, бұл басқару позицияларына қатаң іріктеуден өткен үздіктер отыратын шынайы меритократияның үлгісі. Бұл жастар үшін мемлекеттік қызметте өзін-өзі тиімді жетілдірудің жаңа мүмкіндігі пайда болды деген айқын белгі.

АХҚО да осыған ұқсас саясатты ұстанады. Бұл, ең алдымен, түрлі деңгейдегі қызметкерлердің біліктілігін ұдайы арттыру курстарын жасау арқылы көрініс табады. Олардың қатысушылары тіпті топ-менеджментке дейін кадрлық көтерілуге мүмкіндік алады. Бұл, менің ойымша, өзін-өзі дамыту үшін өте мықты мотивация.

Басқару кадрларын «жасартуға» келер болсақ, бұл, сөзсіз Орталықтың стратегиялық көрінісінің элементі. Оның тағы бір элементі ретінде «импорталмастыруды» атауға болады. Назар аударыңыз: егер АХҚО СЕО Әкімшілігінде қызметте отырған қазақстандықтың орнына басқа бір қазақстандық келетін болса, онда AIX СЕО қызметіне қазақстандық экспаттың орнына келді деген сөз. Біз АХҚО мен оның органдарының дамуына өлшеусіз үлес қосқан шетелдік әріптестерге алғыс айтамыз. Бірақ, біз алғашқы күннен бастап болашақта Орталық пен оның органдарына жас, жоғары білімді әрі құлышынысы жоғары қазақстандықтар басшылық ететін болады деп айтып келеміз.

 – АХҚО-дан оның инфрақұрылымдық іргетасында жасалған мемлекеттік орган – Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік жұмысына көшейік. Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті жиынында қандай мәселелер талқыланды?

– «Инфрақұрылымдық іргетас» - Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікті құрудағы АХҚО-ның рөліне берілген өте нақты анықтама. Елбасының Институционалды реформасының өнімі – АХҚО талдап тексерумен және әдістемелік сүйемелдеумен айналысатын мемлекеттік органның іске қосылуына атсалысқаны керемет деп ойлаймын.

Айналдырған бір жылға жетер-жетпес уақыт аралығында реформалар генерациясы үрдісін әдістемелік тұрғыдан қайта қарау бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Жаңартылған Мемлекеттік жоспарлау жүйесі, Жалпыұлттық басымдықтар, Қазақстан дамуының ұлттық жоспары, Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Айта кетерлігі, МЖЖ 285-тен 88 құжатқа дейін «азайды». Ұлттық жобаларды бекіту үрдісі және оларды әзірлеу, жүзеге асыру және мониторингілеу бойынша әдістеме әзірленді. Data-driven Government-тің алғашқы тұжырымдамасы әзірленіп, мақұлданды.

Бүгінгі жиынға келер болсақ, күн тәртібіндегі негізгі мәселе ұлттық жобаларды қарау және талқылау болды. Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің өткен жиынында Елбасы оны 2021 жылдың маусым айының екінші жартысына дейін аяқтауды тапсырған болатын. Бізге міндеттелген жұмыстың барлығы аяқталды.

Сонымен қатар, жобаларды іріктеудің әдістемелік базасы – көркемдеп айтсақ, реформалық «Оккам ұстарасы» әзірленді. Соған сәйкес, басты міндеттерді шешуге бағытталған жобалар ғана іріктеліп алынды.

 – Бір сөзбен айтқанда ұлттық жоспар дегеніміз не?

– Елбасы ұлттық жобалар азаматтардың өмірін жақсартуға ықпал ететін нақты көрсеткіштері бар өзгерістер құралы болуы тиіс екенін мәлімдеді.

Техникалық жағынан қарастырсақ, ұлттық жоба – шешімі Жалпыұлттық басымдықтарды орындауда аса маңызды нақты міндетті сипаттайтын және бірнеше мемлекеттік органның өзара жұмыла жұмыс істеуін талап ететін тактикалық құжат. Ұлттық жобаның нақты мерзімі, бюджеті мен жауапты тұлғалары бар. Ұлттық жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен олардың бірінші басшыларының қызметі бағаланады.

 – Ұлттық жобаларды әзірлеу үрдісі қандай?

– Ұлттық жобаларды әзірлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларын мониторингілеуге және 2020 жылғы тиімділігін талдауға себепші болды. 2021 жылғы 21 ақпанда Жалпыұлттық басымдықтар мен Ұлттық даму жоспары бекітілді. Кейін солардың негізінде тізім мен ұлттық жобалар жасалды.

Ұлттық жобаларды әзірлеу ең алдымен орта немесе саланы талдаудан, ішкі және сыртқы орталардың факторлары мен тенденцияларын бағалаудан, SWOT-талдаудан басталады. Соның қорытындысы бойынша тәуекелдер анықталып, соларға қарсы әрекет ету стратегиялары әзірленеді. Ортаны немесе саланы дамытуда аса жоғары әлеуметтік-экономикалық әсер берген міндеттер анықталады. Сонан соң міндеттердің орындалу дәрежесін көрсететін нәтижеер көрсеткіші – KPI анықталады. Одан ары қарай қаржыландыру мөлшері мен көздері анықталады. Соңғы кезең – жеке жауапкершілікті бекіту.

 – Ұлттық жобаның негізгі өлшемдері қандай? Не ұлттық жоба бола алады және не бола алмайды?

– Ұлттық жоба Жалпыұлттық басымдықтарға және Дамудың ұлттық жоспарына негізделуден бөлек, NUR OTAN партиясы платформалары мақсаттарына сәйкес келуі тиіс, ол негізгі төрт критерийге сай болуы керек. Біріншісі – жеткілікті қор бөлінген жағдайда өлшенетін нәтижелерді жүзеге асыру нәтижесінде алынатын нақтылық. Екіншісі – мәлімделген нәтижеге бекітілген шектеулі мерзімде қол жеткізу. Үшіншісі – ел аумағында әлеуметтік-экономикалық әсерді қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігі мен өмір сапасына шынайы оң ықпал ету. Төртіншісі – жобаны сәтті және дер кезінде жүзеге асыруға қажетті бірмезгілді өкілеттік ұсынумен жеке жауапкершілік.

 – Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің қарауына қанша ұлттық жоба енгізілді? Әзірлеу барысында олардың санында қандай өзгерістер болды?

– Ұлттық жобаларды әзірлеу белсенділігі жоғары болған кезде олардың саны жиырмаға жеткен, дегенмен мен атап өткен «Оккам ұстарасын» жүйелі қолданудың арқасында оның саны онға дейін қысқарды. Мәселен бұл аралас, негізгі деген міндеттерді бір ұлттық жобаға интеграциялауда көрінді. Бұл кейбір жобаларды ірілендіруге мүмкіндік берді.

Бұған таң қалатын ештеңесі жоқ, өйткені мемлекеттік органдар ұлттық жобаларды мұндай режимде әзірлеуге бірінші рет қатысты. Соған сәйкес, қателіктер де әдістемелік жағынан кетіп жатты – маңыздылық өлшеміне сай келмеу, ұлттық жобалардың азаматтардың өмір сапасын және экономика өсімін арттыруға ықпалын сипаттаудың болмауы, құны мен әлеуметтік-экономикалық тиімділігінің тым алшақтығы.

Алынып тасталған ұлттық жобалардың басым бөлігінде елдік ауқымдылық жоқ болды. Одан бөлек, Елбасы мәлімдеген азаматтарға бағдарланған қағидасына сай келмейтін және қазақстандықтардың өміріне нақты оң ықпалын тигізбейтін бір де бір жоба қаралмайды.

 – 1 шілдеде талқыланған ұлттық жобаларға не болды? Олар мақұлдады ма?

– Толық емес. Мақұлданған ұлттық жобалар бойынша шілде-тамыз аралығында сарапшылар мен жалпы қоғам жақсылап талқылау жүргізеді, сондай-ақ қаржыландыру мәселесі қарастырылады. Тамыздың аяғына дейін Елбасының жарлығымен ұлттық жобалар тізімі, ал ұлттық жобалардың өзі ҚР Үкіметі қаулысымен бекітіледі.

 – Бүгін ұлттық жобалардан бөлек тағы қандай мәселелер қаралды?

– Жиынның күн тәртібінде тағы екі тармақ болды. Біріншісі – Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы тұжырымдаманы қарау. Екіншісі – Президент кеңесшісі сэр Сума Чакрабартидің ұсыныстары бойынша әзірленген Жол картасын қарап бекіту.

Сума мырза реформалар генерациясы үрдісіне етене араласып, ауқымды жұмыс атқарды. Ол мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және халықаралық даму институттары өкілдерімен 100-ден астам кездесу өткізді. Соның нәтижесі Gap analysis деп аталатын құжатқа ұласты. Бұл шала істелген жұмыстарға жасалған өте терең талдау, сондай-ақ мемлекеттік жүйенің қызметіне тікелей араласпаған маманның пікірі. Президент бұл жұмысты жоғары бағалады және Сума мырзаның командасы анықтаған кемшіліктерді жою бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Жол картасын әзірлеуді бақылау үш «қабатқа» бөлінеді. Біріншісі – тоқсан сайынғы негізде жедел мониторингілеу. Оған Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік жауапты. Екіншісі – ҚР Президенті әкімшілігі деңгейіндегі жылына екі реттік жиынтық мониторинг. Үшіншісі – Премьер-министр деңгейіндегі тыңдалым.

 – Агенттік осыған ұқсас талдау жүргізіп пе еді? Негізінде бұл ведомстваның негізгі міндеттерінің бірі.

– Әрине. Агенттіктің жұмысы өткен жылдың қыркүйек айында мәселелерді талдау және халықаралық тәжірбиені зерттеуден басталған. Біз Президент әкімшілігі мен Премьер-министр кеңсесіне бес бағыт: квазимемлекеттік сектор, жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік органдар мен жерглікті атқарушы органдар қызметін бағалау жүйесі, алматылық агломерация және ӘКК қызметі бойынша нақты ұсыныстар әзірледік.

Айта кетерлігі, бұл жұмысты Сума мырзаның командасы жасаған талдауға бәсекелес деуге болмайды. Бұл бір мәселеге әр түрлі көзқараспен келу, бұл қабылданатын басқарушылық шешімнің сапасын арттырады.

Дәл қазіргі уақытта Data-driven Government тұжырымын дамыту қай сатыда?

– Data-driven Government тұжырымын іске асырып жатқан цифрлы Үкімет кеңсесі төрт блоктан тұрады. Бірінші блок – Бірыңғай жағдаяттық орталық. Онда нақты уақыт тәртіптемесінде басқарушылық шешімдерге арналған нақты ұсыныстар әзірленеді. Екінші блок – Реформаларды мониторингілеудің талдау орталығы. Ол экономикадағы қандай да бір жағдайды болжаумен, сценарлық талдаумен және жауап қату хаттамаларын әзірлеумен айналысады. Үшінші блок – міндеттердің орындалуына жедел мониторинг жүргізетін Ұлттық жобалық кеңсе. Мемлекеттік қызметтер мен бизнес-үрдістерді оңтайландырумен және цифрлық қамтамасыз етумен айналысатын Цифрлы трансформация орталығы.

Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атрақушы органдар базасындағы статистиканың барлық мәліметтерін бір алаңға жинау бойынша жұмыс атқарылуда. Кейін соларға арналған талдау құралдары әзірленеді, бұл шешім қабылдауды айтарлықтай жеңілдетеді.

– Тоғыз ай Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік қарамағында жұмыс атқару ұлттық статистиканың жұмысын қалай өзгертті?

– Біз бастапқы ақпаратты жинауды да, мәліметтердің баламалы көздерін қосуды да, құрылымдауды да, талдауды да, нәтижелерді соңғы қолданушыға беруді де қамтитын ұлттық статистика үрдістерін ауқымды реинжинирингілеуді іске қостық. Бастапқы ақпараттың сапасын арттыру бойынша жүргізілген жұмысқа мысал ретінде ұлттық санақты толығымен қағазсыз форматқа көшіргенімізді айта аламыз. Енді сұхбат алушы анкеталардың орнына стилусы бар планшеттерді алып жүреді, ал жинақталған мәліметтер түсініксіз жазу мен механикалық қателердің кесірінен бұрмаланбайтын болады. Жиналған мәліметтердің бірыңғай базамен синхрондалуы өз алдына. Қағаз анкеталарды ұзақ уақыт цифрландыруға тәуелділік жойылады.

Осы тұста оқырмандарды ұлттық санаққа белсене қатысуға шақырамын. Санақтан сұхбат алушыны күтпей-ақ 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Sanaq.gov.kz сайтынан өте беруге болады. Осы сайтта санақ туралы барлық қажетті анықтамалық ақпараттар бар.

– 2021 жылғы сәуірдің 19-ы күні Елбасына Әлеуметтік кодекс жобасы туралы баяндаған едіңіз. Отандық заңнама үшін жаңа саналатын бұл құжаттың жобалық көрінісі қандай болмақ?

– Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Әлеуметтік кодекстің тұжырымдамасы жобасын әзірлеуге белсене қатысты. Біз үш басты позицияны ұсындық: Әлеуметтік кодекстің әлеуметтік дәрежесіне қарамастан, ҚР азаматтарының барлығына әсер ету саласын кеңейту; Әлеуметтік кодекстің жалпы бөліміне адамның базалық әлеуметтік құқықтары мен міндеттерін реттейтін нормаларды, соның ішінде минималды әлеуметтік стандарттарды қосу; әлеуметтік саладағы заманауи трендтер мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, минималды әлеуметтік стандарттарды қайта қарау және өзектендіру. Аталған үш позицияның да қолдау тапқанынан ерекше атап өткім келеді.

Оған қоса, біз мәселелерге алдын-ала талдау жасап, халықаралық тәжірбиені зерттедік, ХҚР, ЕҚҚДБ, Бүкіләлемдік банк, БЭФ, ММУ, Гарвард сараптамаларын қарастырдық. Біз бес блоктан тұратын ұсыныс білдірдік: ғылым саласында, қолжетімді баспананы дамыту жөнінде, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша, «Серпін» жобасы бойынша және жұмыспен қамту бойынша.