Қанекеңді екі рет көрдім
− Сіз ғылыми фантастикалық шығармалар жазып жүріп, Қаныш Сәтбаев туралы көлемді дүние жазуға бет бұрдыңыз, осы романды жазуға кім ой салды, қалай келдіңіз?
− 1963 жылы «Көрінбестің көлеңкесі» деген повесімді орысшаға аударту үшін Алматыға келіп, тау қойнауындағы демалыс үйінде демалып жатқанмын. Бір күні Ұлттық ғылым академиясына қарасты Тіл және әдебиет институтында істейтін Балташ Ысқақов деген туған бажам: «Медеу, сені Әлкей Марғұлан ақсақал көргісі келеді» десін. Содан Әлкей ағаға сәлемдесе бардым.Үстелде менің «Ғажайып сәуле» мен «Көрінбестің көлеңкесі» деген екі кітапшам жатыр. «Медеу, мен сенің мына екі прозалық жинағыңды оқып, риза болдым. Қиялың зор екен, жасымда мен де солай болғанмын. Қазір қайдасың?» деп жөнімді сұрады. Мен үшін бұл кездесу жұмбақ болса да, әдебиетке жастай үйір болғанымды айттым. Кенет шамалы ойланып, ол кісі: «Қаныш ағаңды білесің бе, оны жүзбе-жүз көрдің бе?» деді.
− Осы сұрақты сізге мен де қойғым келіп отыр. Шынында да, ол кісіні көріп, бір ауыз тілдесе алдыңыз ба?
− Қаныш ағаны Алматыда оқыған жылдарымда екі мәрте көрдім.
Бірде Абай атындағы опера және балет театрының әлдебір қойылымына бардым. Сонда Үнді елінен келген бір топ ғалым азаматтармен бірге келе жатқан, алып тұрқы ерекше биік, үстіне ақ костюм киген Қаныш ағаны көріп, аузым аңқиып қалды. Екінші, 1961 жылы Мұхтар Әуезов қайтыс болып, сол кісімен қоштасуға театрға бардық. Зират басында қаралы митинг болып, сол мінбеге таяу жерде тұрып, Қанекеңді жақыннан көрдім. Ол кісіге сөз тиіп еді, кібіртіктеп, қиналып сөйледі. Сол туралы айтқанымда Әлкей аға: «Әңгімені жүйелеп жақсы айтады екенсің, бәрі дұрыс, тура шындық. Сол жерде мен де болдым» деді де, кенет: «Жә, Медеу қалқам, мен саған үлкен шаруа тапсыруға шақырдым. Қаныш ағаң туралы деректі кітап жаз, мамандығың да жақын, инженерсің» деді. Шошып кеттім. «Ой, аға, ол кісі асқар тау ғой, оның бір төбесіне шығу үшін кем дегенде 10 жыл қажет, сөйтуге менде шама жоқ, кешіріңіз!» деп бірден бас тартып едім, Әлекең: «Міне, біздің қазақтың ит мінезі, мен сені білімді, қаламының желі бар дарынды жас деп, нақты ұсыныс айтсам, сен ат-тоныңды ала қашасың» деді. Мен де састым. «Аға, шынымды айтсам, есім шығып кетті. Бала күнімде «Қанекең секілді инженер болсам деп армандағаным рас, бірақ ол кісідей білікті маман болу қайда деп ойлайтынмын», дедім. Әлекең жадырап: «Бұл сөзің маған ұнады, үш күн мұрсат берем, ойлан» деді.
Осы үш күн бойы ойланып, төртінші күні Әлкей ағаға барып, келіскенімді айтып: «Қазір демалысым аяқталып қалды, бір-екі ай ойланып, сұрақтарымды әзірлеп алып келейін, сосын мені Қанекеңе өзіңіз жолықтырасыз» дедім. Әлкей аға айтқанымды құптап, «Семейде Қаныштың 6 жыл өмірі өтті, 4 жыл сонда оқып, 2 жыл мұғалімдер дайындайтын курсқа сабақ берді. Осы жылдарды архивтен мұқият қарап, толық зертте. Ертең Қанекеңнің алдына бос бармай, осы жылдардағы өмірінен сұрақ қоясың. Және ол кісіге өзім ертіп апарамын. Басқа материалдарды зерттеуге де көмектесем» деп нақты сөзге көшті. Бұл 1963 жылдың маусым айы. Әлекең мені алдағы наурызда Қаныш ағамен жолықтыруға уәдесін берді. Семейге келгесін архивке барып, Қанекеңе қатысты біраз тың дүние таптым, ол кісі педсеминарияны беске оқыған. Одан кейін екі жылдық қазақша мұғалімдер курсында сабақ берген.
Әлқисса, содан 1964 жылғы қаңтардың соңғы күні ертеңгі асымды ішіп отырғанымда бөлмедегі радиотабақ: «31 қаңтарда Қаныш Сәтбаев қайтыс болды»деп хабарлады, біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей тітіркеніп, көзімнен жас бұрқ ете қалды. Алдыма қойған жоспарымның бәрі быт-шыт болды.
− Бір естелігіңізде сол айтулы тұлға туралы деректі очерк жазғаныңызды айтыпсыз, сол да осы әрекетке дайындық па?
− 1958 жылғы күзде «Лениншіл жас» газетіне қызметкер болғаннан кейін менің алғашқы іссапарым Жезқазғаннан басталған-ды. Бұл Қаныш ағаның табаны тиген өлке. Сол сапардан ол кісі туралы очерк жаздым. Ол ғалымның туған күнінде шығатын болып келісілді. Газет шығатын күні ертемен жұмысқа келсем, очеркім шықпаған. Сөйтсек, газет теріліп, қол қойылып жатқанда Орталық комитеттен «Сәтбаевтың алпыс жылдығына байланысты ешнәрсе жарияламаңдар» деген бұйрық түсіпті.
Ебіней Бөкетовтің бір қателігі
− Әлкей ақсақалға қайтып барған жоқсыз ба?
− Қанекең туралы деректі кітап жазуға бекініп, алдымен ғалымның жеке мұрағатымен танысу үшін Алматыға келдім. Ғалымның мұрасы жинақталған архивтің басшысы Додонова деген әйел, бұған дейін біраз жыл Қаныш ағаның көмекші хатшысы болған. Жеңгеміз Таисия Алексеевна Қанекеңе адал деп архив меңгерушісі етіп алыпты. Сонымен сол кісіге мен: «Әлкей Марғұланның тапсырмасымен Қаныш аға туралы кітап жазбақпын» десем, ол кісі: «Жақын арадағы екі-үш жылда архивке кіре алмайсыз, барлық құжатты тіркеп жатырмын, екіншіден геология институты директорының рұқсаты керек» деді. Сол кездегі геология институтының директоры Айтмұхамед Абдулин деген академикке кіріп ем, одан ешқандай көмек болмады.
Сосын Таисия Алексеевнаға хабарласып, бір сағатқа қабылдауын сұрадым. Жылы қарсы алды, біреуден білген болуы керек, мені сыртымнан танып отыр. Тәртіпті, мәдениетті жан екен. «Кітап жазамын деген идеяңызды қолдаймын, алайда Қаныштың архивін әлі тіркеп, аяқтамадық, сәл ертерек келдіңіз, 3-4 айдан кейін келсеңіз, рұқсат етемін» деді. Мен сол жолы Қанекеңнің өзі қолымен жазған өмірбаянының көшірмесін алайын. Додоноваға соны айтсаңыз, дедім. Таисия Алексеевна архив меңгерушісіне «Мына жігіт сонау Семейден келіпті, сұраған материалын көрсет» деді. Ол болса алдыма іші қағазға толы бір үлкен папкіні әкеп қойды. Осында Қаныш ағаның өз қолымен жазған 13 өмірбаяны бар екен, соларды қарап отырып, Кузнецов деген орыстың 1943 жылы Қанекеңнің өмір жолын 12-13 бетке толық жазған стенограммасын көшіріп алдым.
− Сол кезде көрнекті ғалым жайында сізден басқа да кітап жазуға талпынғандар болды ма?
− Болды. Қанекең өмірден өткеннен кейін Таисия Алексеевна Жазушылар одағына, Ғабит Мүсіреповке барып: «Отағасымның артында мол мұра қалды, соны іске асырып, кітап жазатын адам тауып беріңіз немесе өзіңіз жазсаңыз қалай болады?» деген өтінішін айтады. Ғабең болса, жеңгемізге «Қазір менің жасым 61-де, ал Қанекең туралы кітап жазуға кем дегенде 15 жыл керек, ондай уақыт менде бар ма, жоқ па білмеймін. Бір жазса Қанышты жақсы білетін Ебіней Бөкетов жазады» деп сол кісіні нұсқайды. Бұл әңгімені кейін маған Ғабеңнің өзі айтты. Ебіней ағамыз кітап жазуға келісім бергенмен, қызметтен қолы тимейді, содан латынша білетін бір ақсақалды тауып алып, Алматыдағы архивке жібереді. Ол кісімен мен архивте сан мәрте кездестім. Алайда Ебіней ағамыздың бір қателігі – «Қанекең туралы кітап жазып жатырмын» деп жұртшылыққа жариялап қойған-ды. Мысалы, «Қазақ әдебиетіне» «Таисия Алексеевнаға хат» деген үзіндісі де газеттің екі бетіне жарияланды. Жалпы Ебіней Бөкетовтің қудалануы осыдан басталды.
− Ұлттық ғылым академиясын құрып, қаншама кен орындарын ашқан ардақты азамат туралы жазу оңай емесі анық. Жалпы, ғұмырнамалық еңбекті жазуды неден бастадыңыз?
− Алдымен Қанекеңнің ізі қалған жердің түгін қалдырмай шарладым. Кезінде ғалым жоғары білім алған Том, одан Мәскеу, қазіргі Санкт-Петербургтегі архивтерге барып, кейіпкеріме қатысты деректер жинадым. Жезқазған мен Ұлытауды төрт жыл ұдайы аралап, айдан астам сапарда болдым. Дәл сол жылдары Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы кәнігі досым Кәкімбек Салықов еді, сол азамат және көптеген жезқазғандықтар маған қолдау көрсетті. Қысқасы, осы кітапты жазуға 13 жыл уақытымды сарп еттім. Әлқисса содан 1973 жылы «Жазушы» баспасының директоры, белгілі қаламгер Ілияс Есенберлин маған: «Медеу, біздің баспа Мәскеудегі «Тамаша адамдар өмірі» сериясы секілді «Өнегелі өмір» деген жаңа топтама бастамақ, соның алғашқы кітабын Қаныш Сәтбаевқа арнап отырмыз, сен сол кісінің өмірінен деректі кітап жазып, маған әкел», деді. 1974 жылдың орта кезінде Ілияс аға: «Қанекең туралы кітапты жоспарға кіргіздік, 25 баспа табақ беріп отыр, қолжазбаны тездет», десін. Машинкамен тергенде сол кезде 834 беттік қолжазбаны баспаға өткіздім. Енді осы кітап туралы 3-4 ғылыми білгірдің пікірі қажет екен, алдымен бір данасын Әлекеңе: «Міне, тапсырмаңызды орындадым» деп апарып бердім, ол кісі қолжазбаны мұқият оқып, ескертулерін қарындашпен жазып отырыпты. Әлкей ағаның кітапқа көңілі толды. Ал академик Әбікен Бектұров керісінше «шығаруға жарамсыз, бос сөз» деп қарсылық танытты. Обалы нешік, сыншы Мұхамеджан Қаратаев алты бетке толы жылы пікірін жазбаша берді. Ал геология институтының үш жігіті – бәрі де ғалым геологтар қолжазбаны оқып, 25 беттік жақтаған рецензия жазған. Осы аралықта «Жазушы» баспасында өзгерістер болып, Ілияс ағамыз Жазушылар одағының екінші хатшысы болып кетті де, оның орнына Әбілмәжін Жұмабаев келді. Баспаның жаңа редакция алқасы: «834 беттік қолжазбаны үш ай ішінде 600 бетке қысқартып әкелсеңіз», деді. Үйге келіп, қолжазбаны 580 бетке түсіріп, қайтадан алып бардым. Бұл жерде кітапқа редактор болған жазушы Дулат Исабековтің де еңбегі мол болды. Сөйтіп, 1975 жылғы шілде айында қолжазбаны баспаға тапсырып, өзім отбасыммен бір ай демалуға Балтық жағалауына кеттім. 13 жыл ізденісте ешқандай демалыс болмаған еді. Ол жақтан 3 қыркүйекте оралдым. Келесі күні Әбілмәжін ағай телефон шалып: «Кітаптың терімін тоқтатып қойдық, Алматыға келгін» деді. Бір шатақтың басталғанын ішім сезді. Бөкетовтің «Қаныштың жастық шағы» осындай тәркіге ұшыраған-ды. Әбілмәжін қолжазбаның екі данасын алдыма қойып, «осыдан 10 күн бұрын ОК-ның хатшысы С. Имашев мені және Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Ш. Елеукенов екеумізді шақырып, «Сәтбаев туралы кітап жарыққа шықпайды дегенді ашық жариялады», деді.
− Сосын не істедіңіз?
− Түңілгенім сонша, 5-6 ай қолыма қалам алған жоқпын. Содан ауылға келіп,1976 жылдың басында өзім кітапты сөзбе-сөз аударуға кірісіп, бір жылда соны аяқтадым. Енді оны Мәскеудің «ЖЗЛ» сериясымен шығаруды жобаладым. Сөйтіп, 1977 жылдың желтоқсанында Мәскеуге келіп, 50-шы жылдары Қазақстанға саяси қуғындалып келген, Семейге екі рет келіп, менің саяжайымда қонақ болған, атақты Паустовскийдің шәкірті, талантты жазушы Алексей Беляниновті тауып алып, шаруамды айттым. Ол «Молодая гвардия» баспасының байырғы авторы жазушы досына хабарласып, маған көмек беруді өтінді. Есімі Вадим Александрович Прокофьев. Ертеңіне сол кісімен жолығып, ол маған: «Ертең «ЖЗЛ» сериясының басшысы Юрий Александрович Селезневке кір, «мен инженермін, Қаныш Сәтбаев туралы орысша кітап жаздым» деп қолжазбаңды өзің өткіз, қалған шаруаны маған тапсыр», деді. Сонымен Ю.А.Селезневтің қабылдауында болып, 680 бет қолжазбаның екі данасын алдына қойдым, ол менен қазақшасын сұрап еді: «Қаныш Сәтбаев – Одақ көлеміндегі академик, сол себепті орысша жаздым, аудармасын кейін жасаймын» дедім. «Бізге Қазақстаннан осындай кітап шығаруға ешкім келмейді, қолжазбаңызды алам,тек асықтырмаңыз» деді. Сосын «Қазақстаннан рецензия алуға кімге жібереміз» деп сұрады, мен: «Қазақстанға жібермеңіз, Қаныш Сәтбаев – ұлттық қаһарманымыз. Сондықтан оны бәрі мақтайды, одан да осындағы Ғылым академиясы мен Геология институтынан рецензия алыңыздар» дедім. «Онда бес-алты ай тосасыз, өзіміз хабарласамыз...» деп қолжазбаны қабылдады. Сол жылдың тамызында, яки 5 айдан кейін баспадан хат келді, «Ғылым академиясы мен геология институты қолжазбаңызды қанағаттанарлық деп таныды. Әдебиеттанушылар да қолдап отыр. Енді жыл аяғына дейін қолжазбаның қай жылы кітап болып шығатынын шешеміз» депті.
Осы жерде тағы бір оқиғаны айта кетсем деймін.
− Ол қандай оқиға?
− 1976 жылдың наурызында Қанекеңнің қызы ғалым-геолог Мейіз Семейге телефон шалып: «Медеу, анамның жағдайы өте ауыр, сені көргісі келеді, тез келіп кете аласыз ба?» десін. Бұған дейінгі кітаптың жарияланбаған жағдайын Мейіз жақсы білетін-ді. Алматыға ұшақпен келдім, Таисия Алексеевна жеңгей төсек тартып жатып қалыпты. «Қыздарым менен жасырады, сіздің кітабыңызды баспаның шығармай қойғанын білемін» деді. «Оның бәрі уақытша ғой» деп жұбатқан болдым. Сосын: «Мен ауырып қалдым, жағдайым жоқ, жазға жетпеймін...» деп жастығының астынан бір конверт алып берді. Онда үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО атом министрі Е.П.Славский мен оның орынбасары, бұрын КСРО геология министрі болған П.Я.Антроповтың және Қанекеңнің жақын досы Совминнің Төрағасы А.Н.Косыгиннің аты жөні, қызметтік телефондары жазылған. «Осы хатқа ие бол, мен сенің кітабыңды көре алмаймын, қазақша да оқи алмаймын, бірақ оны шығармай тастағанына қарағанда, «ерімнің игі атағына лайық дүние» деп ойладым. Сен оны ешкімге білдірмей орысшаға аударып, осы үш кісінің біреуіне апар, солар саған көмектеседі», деді. Содан бір сәтте жеңгей «Аяғыңдағы тәпішкенің кімдікі екенің білесің бе? Қаныш ауырып жүргенде алып беріп едім, соны саған әлгінде әдейі кигіздім», деді. Осы сөзді естігенде көзіме жас келді. Ол кісі содан көп ұзамай, 16 сәуірде қайтыс болды.
«Сен тумасаң да, менің ұлымсың»
− Аға, сол азаматтармен кездесе алдыңыз ба?
– Осы жерде мен ойланып, Қаныш ағаның үш тілеулесі туралы ақылшым В.А.Прокофьевке айтып едім. «Ол қолжазбаны «ЖЗЛ» редакциясы әуелі оқысын. «Ұнаттық» десе, бұл енді 6-7 айға созылатын әуре. Содан кейін редакция кітабыңды баспа жоспарына тіркейді. Яки 4-5 жыл кезегіңді күтіп еріксіз тосасың. Ал анау ака-
демик Сәтбаевтың жанкүйерлеріне сол кезде көмек сұрап барарсың. Қазір барма, шыда», деді.
Мәскеуге қолжазбамен келгеннен кейін үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, атом министрі Славскийді іздеп, көмекшісімен сөйлестім. Ол кісі ауырып қалып, шетелде емделіп жатыр екен. Содан Қанекең жөнінде естелік жазған, атом министрінің орынбасары Петр Яковлевич Антроповтың телефонын сұрадым. Онымен хабарласып, ертеңіне мені қабылдап, жылы жүзді адам екен, жайдары қарсы алып: «Мен сізді үлкен адам деп ойласам, жас жігіт екенсіз. Қаныш Сәтбаев қандай бақытты, артында осындай іздеушісі бар», деп ризалық танытты. Содан мен ол кісіге Таисия Алексеевнаның жазып кеткен қағазын көрсетіп, Қанекең туралы кітапты Алматыдан шығармай тастағанын, сондықтан оны осындағы «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясына тапсырғанымды, енді соның тезірек жарық көруіне көмектесуін сұрадым. «Қазір министріміз Славский ауырып жатыр, қаңтарда келеді, сіз соған дейін шыдаңыз, міндетті түрде шешеміз мәселені», деп шығарып салды.
− Сосын не болды?
− Қысқасы, 1979 жылдың басында «Молодая гвардия» баспасынан «Сіздің кітабыңызды 1980 жылғы жоспарға жедеғабыл кіргізіп, 100 мың дана етіп жариялауды бекіттік. Аудармашыңызды қосыңыз» деген жеделхат келді. Олар маған Сергей Плеханов есімді тәжірибелі аудармашыны қосып беріп, екеуміз бір ай Мәскеуде, үш ай Семейде қолжазбамен жұмыс істедік. Содан баспадан қолжазба жөнінде Қанекеңнің туғандары мен бір ғылыми қазақстандық әріптесінен рецензия керек деді ғылым докторы Мейіз Қанышқызы мен академик Арқатай Қайыповтың пікірін алып, Мәскеуге келдім. Енді кітаптың шығуы қалды. Жаз өтіп, күз келді, соңын ала қар жауып, алғашқы қансонарда ауылға аңға барып, бір аптадай жол жүріп келсем, Мәскеуден редакторым телефон шалып: «Медеу, кітап жақсы болып шықты, міне, менің алдымда тұр» деп қуанышын бөлісті. Іле, поштамен үйге кітап та жетті. Кітапты алғаш қолыма алғанда көзімнен сорғалаған жасты тыя алсамшы...
Қанекеңнің туған күні қарсаңында яки 1981 жылы Алматыдағы Жазушылар одағының құрылтайына келіп, тура 12 сәуірде ертемен Қаныш ағаның зиратына барсам, басында екі немересі ескерткіштің шаңын сүртіп жүр екен. Одан кейін екі автобуспен достары, әріптестері келіп, митинг өткізді. Сонда сөз алған адамдар Қанекең туралы кітаптың жарық көргендігін айтып, мені құттықтады. Содан бірер күннен кейін ғалымның ортаншы қызының күйеу баласы Оразай Батырбековтің үйінде қонақта болдым. Онда Қанекеңнің бәйбішесі Шәрипа апай Оразайдың қолында тұрады. Сол отырысқа Қаныш ағаның қыздары, немерелері, қысқасы барлық жақындары жиналды. Алдымен Шәрипа апай сөз алып, менен «Әке-шешең бар ма, Медеу қарағым, бар болса, олардан кешірім сұраймын, Алла тағала маған ағаңнан ұл берді, ол 14 жасында өліп қалды, Таисия да бір ұл тапты, ол да бір жасында кетіп қалды. Қыздар, күйеулер, немерелер бар, соған шүкіршілік етемін. Сен менен тумасаң да, енді сен менің ұлымсың. Әке-шешеңе сәлем айт, үш қыз бен екі күйеудің қолынан келмегенді сен жасадың. Сондықтан мен саған шеше боламын», деп иығыма шапан жапты.
− Ал кітаптың қазақша нұсқасы қашан жарық көрді?
−1986 жылы Қазақстанның саяси басшылығы зейнетке кетіп, «Желтоқсан» оқиғасы басылғаннан кейін Алматыға келдім. Жазушылар одағындағы жиында «Жалын» баспасының директоры Сейдахмет Бердіқұлов жолығып қалып, «Ертең маған кіріп шықшы», деді. Екеуміз соның кабинетінде әңгімелесіп отырғанда ол: «Қаныш Сәтбаев туралы кітабыңның қазақшасы дайын ба?» деп сұрады. «Тап қазір дайын емес, баяғы терілген қалпында жатыр, тоғыз тарауды тыңнан қоспақпын» деп едім, «Онда биылғы желтоқсаннан қалдырмай, маған әкел, өзім-ақ шығарып беремін», деді. Сөйтіп Қазақстан КП Орталық комитеті 14 жыл бойы баспадан шығаруға қарсы болған еңбек 1987 жылы 30 мың таралыммен жарық көрді.
− Аға, әсерлі әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»