Аймақтар • 02 Шілде, 2021

Ұлы дала тарихына тағзым

437 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көкшетауда Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығына арналған «Ұлы дала тарихына тағзым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.

Ұлы дала тарихына тағзым

Конференцияны облыс әкі­мі Ермек Маржықпаев ашып, жүр­гізіп отырды. Көкшетау топы­рағына арнайы келген­ Қазақстан Республикасы Ұлт­­тық музейінің директоры Арыс­танбек Мұхамедиұлы, «Egemen Qazaqstan» акционерлік қоғамы­ның басқарма төрағасы, академик, Халықаралық түркі ака­демиясының президенті Дар­хан Қыдырәлі, тарих ғылым­дарының докторы, Қазақстан Республикасының әлеу­мет­тік ғылымдар академия­сы­ның академигі Жамбыл Ар­тық­­­­баев, қазақстандық сурет­ші-реставратор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қы­рым Алтынбеков, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев пен осы оқу орнының археология және этнология кафедрасының аға оқытушысы Данияр Тілеу­қа­былов егемендік алғаннан бер­гі ел тарихын, мәдени мұра­ны зер­­делеудегі жетістік жайлы кеңінен ой толғады.

Елбасы – Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сында «Қазақстан күл­лі түркі халқының қасиетті қара­ша­ңырағы» деп атап көр­сетілген болатын. Түр­кі қауымдастығының бас қо­суы іспетті бұл халықаралық конференция Bolashaq са­райының фойесінде орна­лас­тырылған «Ақмола облысының киелі орындары» көрмесі мен тақырыптық бейнероликті тамашалаудан бас­талды. Одан кейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкім­шілігі Басшы­сының бірінші орын­­басары Дәу­рен Абаевтың конференцияға қатысушыларға арнайы жолдаған құттықтау хаты оқылды. «Арқаның төрінде, киелі Көкше өңірінде есімі елге мәлім тарихшылар мен этно­графтардың, археологтер мен мәдениет қайраткерлерінің ба­сын қосып отырған бұл іс-ша­раның маңызы өте зор. Тари­хын түгендеп, болашаққа батыл көз тігіп, ұлы мақсат жолында ұйысқан ұлттың ізі – біз, өткені бай, келешегі кемел халықпыз. Тәуелсіз Қазақстан ұлы дала төсінде дәуірлеген қуатты мем­лекеттердің бүгінгі ізбасары. Егемендігімізді сақтап, одан әрі нығайту үшін кешегі күннен сабақтастығымыз үзілмеуге тиіс. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұ­рыс түсініп, терең пайымдау қажеттігін айтса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» ат­ты мақаласында ұлт шежіресін ұлттық мүдде тұрғысынан жазу керек екеніне баса назар аударды» деп жазылған құттықтау хат конференцияның мазмұнын аша түсті.

Конференция модераторы, Баку халықаралық мультикуль­турализм орталығының кеңес­шісі Тофик Мохсен оглы Аббасов өзінің алғысөзінде түркі халық­тарының өткен тарихы айрықша тағылымды, бүгіні де жарқын екендігін ерекше атап өтіп, түр­­кі қауым­дастығының алдында қазіргі заман талабына сай туын­дап отырған маңызды мін­деттерге тоқталды.

– Шындығында, түркі сөзінің ауқымы кең. Ол – тек бір ұлттың ғана атауы емес, бірнеше мем­лекетті біріктіретін, халықтың шыққан тегін білдіретін тарихы терең ұғым. Біздің өткеніміз ортақ, тарихи-мәдени кодымыз бір. Мұны білу, қайда және кім­мен бара жатқанымызды тү­сіну үшін қажет. Әлбетте, соңғы отыз жыл түркі халықтары үшін ай­тулы оқиғаларға толы болды. Егемендікті алғаннан кейін келешектің қамы үшін тарихты зерделеуге, өткенімізді саралауға бет бұрдық. Бүгінде түркі қауым­дастығы кеңейіп келеді, – деді Тофик Мохсен оглы Аббасов.

Бұл конференцияның киелі Көкше топырағында өткізі­луі тегін емес. Көкшетау Қазақ­стан­­ның 2021 жылғы мәдени ас­танасы болып жарияланды. Жыл бойы еліміздің барлық мәде­ниет ордалары қаламызға келіп, қазақстандық өнерді насихаттайды деп келісіл­ген болатын.

Конференция қатысушылары­ның алдында сөз алған Ақ­мола облысының әкімі Ермек Мар­жықпаев мәдени жобаның үлкен бір бөлігі ретінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілуі өңіріміз үшін үлкен абы­рой және жауапкершілік екен­дігіне тоқталды.

– Халқымыздың тарихы өз бастауын Қазақстан аумағын мекен­деген сонау палеолит дә­уі­рін­дегі қауымдастықтардан алады. Біз – Атбасар неолит мә­де­ниетінің, жылқыны алғаш қолға үйреткен ботайлықтар мен Ан­дронов мәдениетінің тікелей ұрпақ­тарымыз, – деді Ермек Боран­байұлы. – Ұлы қытай қор­ға­нынан бастап, Рейн өзеніне дейін бірнеше мемлекет құрған түркітектес ғұн тайпалары бар­шаға таныс. Ұлы дала тарихында жерімізге Түркістан атын бер­ген Ұлы түркі қағанатының орны ерекше. Хазарлар мен түр­гештердің, қарлұқтар мен қара­хандардың, оғыздар мен қып­шақтардың мұрасы туған тарихымызда өшпес із қалдырды. Былтыр ғана біз Орталық Азияда түркі этностары құрған Алтын Орданың 750 жылдығын атап өттік. Қазақ даласын қорғаған атақты Бөгенбай, Олжабай батырлар, Үмбетей жырау, Сақ­құлақ бидің кесенелері сақ­талып қалды.

– Бүгінгі алқалы жиынның сұңқар Сәкен жырға қосқан сұлу да қасиетті өлке әрі Абылай мен Кенесарыдай хандардың ақ ордасы қанат жайған Көкше төрінде өтуінің символикалық маңызы зор. Елбасы Ұлытаудағы ұлағатты сұхбатында қазақ халқының тарихи тамырларын сонау сақ, ғұн, көктүрік және Алтын Орда дәуірімен сабақтастырып, Қазақ хандығының дәстүрлі арналарын айшықтап берген еді. Расында, Қазақ хандығының бастауында Алтын Орда – Ұлық ұлыс тұрғанымен, оның түпкі тамыры, алтын діңгегі Түркі қағанатына тірелетіні ақиқат. Бүгінгі бауыр­лас халықтардың барлығы да өз атауларын түріктер деп сол қарашаңырақ қағандықтан мирас етіп алуы кездейсоқ емес, – деп атап өтті тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі.

2018 жылдан бастап, өл­кетанушы Мұрат қажы Ыдырыс­ұлының бастамасымен «Абылай ханның қара жолы» экспедиция­сы ұйымдастырылып келеді. Бірінші экспедиция Бурабай – Түркістан бағыты бойынша Абылай ханның тұлғасымен байланысты тарихи жерлерді зерттеді. Екінші сапар Көкше жерінен ұлы ойшыл әл-Фара­бидің туған мекені – Отырар қаласына дейін ежелгі керуен жолымен өтті. Биылғы экспедиция Шығыс Қазақстанға Абай атамыздың туған жері мен Қазақ хандығының ел қорғаған ұлы шайқастары өткен тарихи орындарды сүзбек. Өз баяндамасында осы жайларды кеңінен атап өткен өңір басшысы осынау конференция ғаламдық тарихтағы Ұлы даланың орнына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Республикасы Ұлт­­тық музейінің директоры Арыс­танбек Мұхамедиұлы еге­­мендік жылдары еліміздің ұлт­тық тарихты, мәдени мұраны зер­делеудегі жетістігі жайлы толымды баяндама жасаса, Кем­бридж университетінің ғалымы Ребекка Робертс, «БиБиСи» телеарнасының ТМД мен Орталық Азия елдері коммерциялық өкілдіктерінің басшысы Сергей Становкин, Кембридж универ­ситетінің археологі, жазушы-аудармашы Джоанна Добсон да өз ойларын онлайн режімде ортаға салды. Осылайша, отандық және шетел ғалымдарының басын қосқан бұл конференция тамыры терең тарихымызды одан әрі байыптап танымдауға жол ашатыны, жиында айтылған парасатты пайымдар мен құнды пікірлер қазақстандық ғылымның дамуына үлес қосары анық.

Көкшетау