Қоғам • 02 Шілде, 2021

Бүгін – Дипломатиялық қызмет күні

785 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстанда Дипломатиялық қызмет күні, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін – Дипломатиялық қызмет күні

Бұл күннің таңдалу себебі - 1992 жылы 2 шілдеде Тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі құрылды. Дәл осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының елшілігі туралы» және «ҚР Төтенше және Өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді бекіту туралы Жарлығы шықты. «ҚР Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер туралы» №3827 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Президентінің 2009 жылғы 1 шілдедегі № 837 Жарлығымен кәсіби және өзге де мерекелер тізбесіне 2 шілде - Дипломатиялық қызмет күні деп толықтырылды.

«Дипломаттар сөйлегенде зеңбіректің үні шықпайды» деген қанатты сөз бар. Осының өзінен-ақ өте ежелден келе жатқан дипломатия құбылысының ең негізгі міндеті елдестіру, бітістіріп, бейбіттестіру екенін ұғынамыз. 

Сындарлы сыртқы саясаттың арқасында Қазақстан егемендік мүддені, қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықты қорғап, мемлекеттермен өзара тиімді қарым қатынастарда және халықаралық аренада еліміздің саяси, сауда-экономикалық мүдделерін қамтамасыз етіп келеді.

Қазақстан БҰҰ мүше елдерімен жан-жақты дипломатиялық байланысын жандандырды. 186 мемлекетпен дипломатиялық қатынастар орнатылған. Шет елдерде Қазақстан Республикасының 66 елшілігі, 17 бас консулдығы, 2 дипломатиялық миссиясы, 11 консулдығы, халықаралық ұйымдар жанындағы 5 тұрақты өкілдігі бар. 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған соң, ең ірі әлемдік және аймақтық деңгейдегі ұйымдарға мүше атана бастады. Бүгінде Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдардың белді мүшесі. 2017-2018 жылдарға БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланды. Қазақстанның қатысуымен 4163 халықаралық келісімшарттарға қол қойылған.