Парламент • 02 Шілде, 2021

Мәулен Әшімбаев дипкорпуспен кездесуде Парламент қабылдаған заңдар туралы айтты

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жұмыс істейтін дипломатиялық корпустың және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев дипкорпуспен кездесуде Парламент қабылдаған заңдар туралы айтты

Сенат спикері алдымен, жоғары палатаның биылғы сессиядағы заң шығару қызметі екі негізгі міндетке бағытталғанын атап өтті. Олардың бірі коронавирус пандемиясымен күрес жұмыстары және індеттің әлеуметтік-экономикалық салдарын еңсеру болса, екіншісі – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған кешенді реформаларды іске асыруды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев өз сөзінде пандемия кезеңінде азаматтар мен бизнесті қолдау мақсатымен қабылданған маңызды заңдарға тоқталды. «Қазақстанда азаматтарымызды қорғауға және экономикамызды қолдауға арналған дағдарысқа қарсы ауқымды шаралар қабылданды. Былтыр осы мақсатқа 14 млрд доллардан астам қаражат немесе жалпы ішкі өнімнің 9 пайызы бөлінді. Дағдарысқа қарсы заңдар жедел қабылданып отырды. Олардың қатарында бюджетке, Салық кодексіне түзетулер енгізу, бизнес пен инвесторларды қолдау мәселелері туралы, медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету туралы және тағы басқа заңдар бар», деді Сенат спикері.

Сонымен қатар ол ел Президентінің бастамасымен қолға алынған жүйелі реформалардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы Парламенттің қызметі туралы сөз қозғады. «Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарында алдағы мақсат-міндеттер нақтыланған. Олар – ең алдымен, саяси жүйені демократияландыру, оның теңгерімділігін қамтамасыз ету, саяси бәсекелестікті арттыру, азаматтардың құқықтарын іске асыру үшін лайықты жағдай жасау және тағы басқалары», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы ел Президентінің жаңғырту бағдарындағы келесі басымдықтар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік органдардың халыққа ашық болуы қамтамасыз ету және жұмыс барысында азаматтардың пікірлерін ескеру екенін айтты. Мұндай тәсілдердің негізі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында нақты көрсетілген.

«Қазақстан Президентінің әлеуметтік саладағы реформалары әділ, инклюзивті әлеуметтік саясатты іске асыруға, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуға бағытталған. Біз әр азамат өз мүмкіндігін іске асыруына және көмекке мұқтаж жандардың назардан тыс қалмауына баса мән береміз», деді Мәулен Әшімбаев.