Күрес • 05 Шілде, 2021

Оныншы «Барыс» – Нұралинов

265 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен жексенбіде Нұр-Сұлтан қаласындағы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен мерейлі Х «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Еңселі елордамыздың төрінде оныншы рет ұйымдастырылған айтулы додада, еліміздің ең мықты деген 36 балуаны бақ сынады.

Оныншы «Барыс» – Нұралинов

Биылғы жарыстың құрметті қонақ­тары ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірін­ші орынбасары Дәурен Абаев, Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлова және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ жарыс ұйымдастыру­шы­лары биылғы бәсекеге аздаған өзгерістер енгізген. Атап айтар болсақ, бұған дейінгі турнирлерде балуандар бес минуттан күрескен болса, биылғы белдесулер

4 ми­нуттан әріге асқан жоқ. Қоян-қолтық белдесулердің уақыты екі минуттан бір минутқа қысқарды. Боз кілем жаңадан төселуіне байланысты балуандар биылдан бастап жалаңаяқ күресетін болды. Бұл өзгерістер турнирдің көрігін қыздырмаса, еш кеміткен жоқ.

Турнирге еліміздің əрбір аймағында ұйымдастырған іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен таңдаулы балуандар қатысқан соң боз кілем үсті тосын жеңістерге, жан алы­сып, жан беріскен белдесулерге де толы болды. Әдетте «Қазақстан барысы» тур­нирінің белдесулері ширек финалдан бастап қыза түсетін. Өйткені алғашқы айна­лымдарда балуандар бір-бірін аңдып, тәуекелге бармай, байыппен, аса бір сақтықпен күресетін. Ал бұл жылы мүлде басқаша болды. Балуандар салған жерден қарсыластарын алып та, шалып та жығуға ұмтылды. Мысалы, жарыстың екінші айналымында биыл «Сыр барысы» атанып, турнирдің тұрақты қатысушысына айналған қызылордалық Нұрым Сәлімгереев араға екі жыл салып үлкен спортқа оралған 2017 жылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиевтен (Ақтөбе) жеңіліп қалса, 2014 жылғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсынов өзінің алғашқы белдесуінде биылғы «Әскер барысы», турнирдің екі дүркін финалисі Ерасыл Қажыбаевтан айласын асыра алмады. 4 минутқа созылған белдесуде Қажыбаев қарсыласынан бүк ұпаймен басым түсті. Сондай-ақ «Еу­разия барысы» халықаралық турнирінің жеңім­пазы (2016), «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің қола жүлдегері (2016) атанған жамбылдық балуан Айбол Айтбек аса тартысты белде­суде маңғыстаулық Нұрдәулет Жарыл­ғаповтан жеңіліп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Ширек финалдағы аса қызықты һəм тартысты өткен белдесудің бірі 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғы­маров пен 2017 жылғы «Қазақстан барысы» атанған Еламан Ерғалиев арасында өтті. Бұған дейін боз кілем үстінде талай рет белдесіп, бір-бірінің қыр-сырын әбден меңгеріп алған қос балуан арасындағы белдесуде екеуі кездесу соңына дейін бір-бірінен сақтанып, əдіс жасауға асықпады. Дегенмен бәсекенің аяқталуына 13 секунд қалғанда Ерғалиев әдіс жасап, «жартылай жеңіс» ұпайымен Айбекті жарыс жолынан шығарып жіберді.

Ширек финалдағы тағы бір маңызды белдесу алматылық Руслан Әбдіразақов пен маңғыстаулық Нұрдәулет Жарыл­ғапов арасында өтті. Екі балуан да ширек финалға дейін қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп келген-ді. 2019 жыл­ғы турнирде қола жүлде олжалаған Р.Әбдіразақов кездесудің аяқталуына бір минут қалған бүк ұпайын иленіп, жартылай финалға бір табан жақындай түсті. Алайда арада аз уақыт өткенде Жа­рылғапов та бүк ұпай олжалап, таразы басын теңестіріп кетті. Сөйтіп кездесу қоян-қолтық белдесуге ұласты. 10 секундтың ішінде әдіс жасап үлгерген маңғыстаулық балуан жеңіске жетіп, «Қазақстан барысы» жарысында алғаш рет жартылай финалға жолдама алды.

Сондай-ақ 1/4 финалдық бәсекеде жам­былдық Ғалымжан Қырықбай Ерасыл Қа­жыбаевты бүк ұпаймен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алса, шығыстың шымыр ба­луаны Дәурен Нұралинов елордалық Олжас Шынкеевтен айласын асырып кетті.

Сонымен жанкүйер қауым асыға күткен жартылай финал белдесулеріне де кезек келді. Алдымен боз кілемге Ға­лымжан Қырықбай мен Көшпенділер ойынының жүлдегері Еламан Ерғалиев шықты. Белдесудің аяқталуына 30 секунд қалғанда жамбылдық балуан бүк ұпайын иеленсе, арадан тағы 10 секунд өткенде Ерғалиев қарсыласына әдіс жасаймын деп өзі кілемге жауырынымен түсіп қал­ды. Сөйтіп Ғалымжан Қырықбай таза жеңіспен финалға шықты.

Ал екінші жартылай финалда маңғыс­таулық Нұрдәулет Жарылғапов пен 2019 жылы ұйымдастырылған «Халық барысы» турнирінің жеңімпазы Дәурен Нұра­линов белдесті. Қарсыластар 3 минут, 55 секунд бойы бір-бірінің осал тұсын таба алмай, біраз әбігерге түсті. Соңғы 5 секундта Дәурен бүк ұпайын иеленіп, бас жүлде үшін белдесуге мүмкіндік алды.

2021 жылғы «Қазақстан барысын» анықтайтын шешуші сайыстың алдында жүлде берілетін үшінші орын үшін белдесу өтті. Бұл сында маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов пен ақтөбелік Еламан Ерғалиев күш сынасты. Ерғалиев жартылай финалдағы бәсеке сияқты бұл жолы да өз әдісіне өз түсіп қалып, қолда тұрған қола жүлдесінен айырылып қалды. Әйтпесе, Еламан 3 минут, 30 секунд бойы бүк ұпаймен алда келе жатқан еді.

Сонымен қазақ күресінен ең мықты, балуанды анықтайтын сəт те келіп жетті. Алты сағатқа созылған айтулы бәсе­ке­нің финалына турнирде бір дем­мен күре­сіп, өзінің нағыз спорттық бабында екендігін танытқан Дәурен Нұр­алинов пен Ғалымжан Қырықбай шық­ты. Бұған дейінгі жарыстарда бірде-бір рет финалға шықпаған екі балуан­ның арасындағы финалдық белдесуде жамбылдық Ғалым­жан Қырықбай белсенді қимылдап, ә дегеннен-ақ алғаш­қы бүк ұпайын еншілеп үлгерді. Бірақ Дәурен Нұралинов финалға тегін­нен тегін шықпағанын дәлелдеп, бүк ұпайымен таразы басын теңестірді. Негізі уақытта бір-бірін жыға алмаған екі балуан тағы қосымша бір минут белдесті. 8 секунд ішінде қарсыласына қарсы әдіс жасап үлгерген Дәурен Нұралинов «Қа­зақ­­стан барысы» турнирінде топ жарды.

2021 жылғы «Қазақстан барысы» атанған Дәурен Нұралиновтың беліне «Алтын белбеуді» Qazaq kuresi ассоциациясы бірінші вице-президенті Самат Әбіш байлады. Сонымен қатар шығысқазақстандық балуанға «Алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Балуанның бапкері де құралақан қалған жоқ, чемпионның жаттықтырушысы 3,5 миллион теңге сыйақыға ие болды. Бұдан бөлек, турнирде күміс жүлдегер атанған Ғалымжан Қырықбайға «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге сыйлық тапсырылды. Ал оның бапкері 1,8 миллион теңге иеленді. Ал үшінші орын иеленген Нұрдәулет Жарылғаповқа 1,8 миллион теңге және «Қола белбеу», бапкеріне 900 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.