Адам мен табиғат арасындағы байланыс тіршіліктің тамырына қан жүгіртеді. Жер-ана бусанған қазіргі сәтте бұл көрініс жаңа бір қырынан танылуда. Мемлекет тарапынан да қоршаған ортаға деген қамқорлық аясы кеңейе түсуде. Алматы облыстық “Жасыл ел” жастар қозғалысы жанданып, өңірдегі елді мекендердегі абаттандыру, көгалдандыру бағытында көптеген жақсы істердің ұйытқысы болып келеді.
Олардың бастамасымен Панфилов ауданы Үлкенағаш селолық округіне қарасты Киелі ағаш маңайын көгалдандыру, әсем табиғатты жас көшеттермен көмкеру бағытындағы жұмыс жалғасты. Жиынға үлкен-кіші қатысып, табиғатқа деген шынайы көзқарас оның тазалығын сақтау, барды қадірлеу, құрметтеуге өз үлесін қосу мақсатында орамды ойлар ортаға салынды.
Жаркенттік Еңбек Ері Күләш Айтжанова диқан ретінде өмірлік тәжірибесінен ортаға салынған ой-пікір де жастардың көңілінен мықтап орын алды. “Жер-ана – асыраушымыз. Оған адал еңбек етіп, тер төккенде ғана оның қайтарымы болады. Жастардың бүгінгі бастамасы қуанышты. “Артыңда мал қалғанша, тал қалсын” деп бекер айтылмаған, деді ол.
Айналаны нұрға бөлеген сәуір айы көгалдандыруға қолайлы кезең. Жаркенттіктер де әр күнді табиғат аясында өткізіп, елді мекендердің көріктенуіне өзіндік үлестерін қосуда.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.