“Нұр Отан” ХДП Маңғыстау облыстық ұйымының кезекті ХІ конференциясында облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев “Облыстық ұйымның 2008-2009 жылдардағы жұмыс қорытындылары және алдағы міндеттер туралы” баяндама жасады. Облыс партия ұйымы ел дамуына ерекше серпін беріп, маңызды міндеттер жүктейтін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын іске асыруға халықтың барлық топтарын жұмылдыруға айрықша маңыз беруде. Стратегияда көрсетілген міндеттерге орай өңірлік іс-қимыл жоспарымызда белгіленген әрбір нысанның индустриялық-инновациялық, инвестициялық жобалардың іске асуына әрбір адамның белсенділігі мен күш-жігерін жұмылдыру басты мақсатымыз, – дейді Қ.Көшербаев өз сөзінде.
Шындығында да бұл күндері өз қатарына 25 мыңға жуық партия мүшелерін біріктіріп отырған 273 бастауыш партия ұйымы әлеуетті күшімізді абыройлы ортақ іске, өңірімізде ұйыған ынтымақ болып, татулық пен достықтың тамыры тереңдей, ел еңсесі көтеріле түсуі жолында жұмыс жасап келеді. Аймағымыздағы игілікті іс-шаралардың барлығына дерлік нұротандықтар белсене араласады. Бірқатар өзекті мәселелер олардың тікелей бастамасымен, қажетті жерінде табанды түрде талап етілуі нәтижесінде жүзеге асырылып жататындығы көңілге қуаныш ұялатады. Өткен жылы мәслихаттардағы “Нұр Отан” фракцияларымен, мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, бөлінген қаржылардың тиімді жұмсалуына, берілген тапсырмалардың орындалуына партиялық бақылау жолға қойылыпты.
Осы ретте аумақтық филиалдарда 57 партиялық бақылау постылары құрылып, олардың бақылауында болған нысандардың 97 пайызындағы жұмыстар толықтай сапалы аяқталған. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тиімді, жүйелі жүргізу жолында қоғамдық ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жұмыс жүріп, мекеме, кәсіпорын кеңселерінде “сенім телефондары” орнатылыпты.
Конференция делегаттары ұйымның саяси кеңесін құрып, облыстық филиалдың төрағалығына облыс әкімі Қ.Көшербаевты сайлады. Төрағаның бірінші орынбасарлығына Ж.Қараев тағайындалды.
Жоламан БОШАЛАҚ, АҚТАУ.