Қоғам • 12 Шілде, 2021

Кеше – әнші, бүгін – басшы...

844 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертеректе әжептәуір аты шыққан театр режиссері бір өңірде жаңадан ашылған облыстық қазақ драма театрының дирек­торлығына тағайындалды. Ол әу басында жас әртістер ұжымын алға жетелеп, бір­шама шығармашылық жетістікке қол жет­кізгенімен, көп ұзамай жаманаты есті­ле бастады.

Кеше – әнші, бүгін – басшы...

Себебі басшылық тізгінді өз қарамағында шаруашылық меңгерушісі болып істейтін зайыбына ұстатып, тіпті спектакльдегі рөлдерді соның кеңесімен бөлуге көшіпті. Әйеліне ұнаған әртістер  ғана басты рөлдерге ие болып, алалау белең алған. Бойларында құдай берген құдіретті дарыны бар, ар-намысы биік жалынды жастар мұндай қорлауға шыдасын ба – бас біріктіріп, кеңесе келе, облыс әкімінің атына арыз жазуды ұйғарады.

Жас әртістердің шағымын қарау үшін өңір басшысы жергілікті зиялы қауымның бірнеше беделді өкілін шақырып, ақыл­дасуды жөн көреді. Облыстық қазақ драма театрының директорының тәртібін солардың қатысуымен қарайды. Мұндайды күтпей, алқалы топтың алдында қысылып-қымтырылып отырған директорға әкім: «Бәленшеке, сіздің әйеліңіз театрдың шаруашылық меңгерушісі болға­нымен, талантты ұйымдастырушы көрінеді. Сіздің орныңызға сол кісіні директор етіп қойсақ, ал сізді бас режиссер қылып қал­дырсақ қарсы емессіз бе?» дейді сұрақты төте­сінен қойып. Сасқалақтап қалған директор: «Иә-иә, әйелім театрды басқара алады. Қарсы емеспін...», дейді міңгірлеп. Сонда әкім: «Мен сізді сынайын деп әдейі айтып едім. Әйеліңіздің сөзін тыңдап, әртістерді алалайтыныңызға көзім жетті. Ертеңнен бас­тап, оны облыстық орыс драма театрындағы әріптесімен ауыстырамыз. Әйеліңіз енді қазақ театрынан аулақ жүрсін және сіздің жұмысыңызға араласпасын. Ал ұжымдағы ахуалды қалпына келтіру мақсатында театр­дың жанынан көркемдік кеңес ашып, оның қоғам­дық негіздегі төрағасы етіп, басқа шығар­машылық ұжымның тәжірибелі басшысын бекітеміз. Сіз рөлдерді бөлгенде сол кісімен міндетті түрде ақылдасып  отыруыңыз керек», деп шешеді. Осындай салиқалы шешімнің арқасында облыстық қазақ драма театрындағы  шығармашылық ахуал қалпына келтірілген.

Тағы бір өңірде облыс әкімі өзіне аса­балық өнерімен ұнаған шағын клуб меңгерушісін ешкіммен ақылдаспастан, бірден облыстық мәдениет басқармасының басшысы етіп тағайындады. Бұған аң-таң болған жергілікті халайық: «Көшеде жүрген пақырды әкім бол деп шақырды...» деген осы», деп күліскен. «Халық айтса, қалып айтпайды» ғой, бұған дейін мемлекеттік қызметтің маңына жолап көрмеген азамат үлкен креслоға кездейсоқ отырғандықтан, өңірдегі мәдениет пен өнер ұжымдарына басшылық жасап жарытпай, аяқ- астынан талай дау-дамай туғызып, ақыры бір жылға жетпей орнынан алынды.

Өмірде өзіміз куә болған осындай мысалдарды есіме түсірген жайт – кейінгі кезде елге белгілі әншілердің коронавирус пандемиясына байланысты уақытша жабылған сахнадан кетіп, әртүрлі өнер ұжымдарына – өңірлік филармонияның директорлығынан бастап, мәдениет басқармасының басшысы лауазымына дейінгі басшылық қызметтерге тағайындалып жатқандығы. Әрине, өңірлер басшыларының қатерлі індет салдарынан қиын жағдайда қалған өнер иелеріне қам­қорлық танытып, оларға салмақты қызмет ұсын­ғандығына ризашылық білдіруге болады. Тек мәдениет және өнер ұжымдарының басшылығына жеткілікті дайындықсыз келген, тіпті бұған дейін бір адамға да басшылық жасап көрмеген әншілердің бәрінің бірдей өздеріне сеніп тапсырылған жауапты қыз­меттерді ойдағыдай атқарып кетуі неғайбіл. Қазірдің өзінде кейбіреуі «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағанын» түсініп, қызметінен кеткені мәлім болып жатыр.

Демек, үлкен сахналарда ән шырқап, ел қошеметіне бөленген дарынды әншілерімізге қазіргі қиын-қыстау кезеңде әлеуметтік қолдау көрсетудің басқа  жолдары іздестірілсе, құба-құп. Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігі  белгілі өнер иелеріне қабілет-қарымдарына сай қызмет тауып беру мәселесін қарастырса, артық болмас еді. Бұл ретте меценат кәсіпкерлердің мүмкіндіктері де ескерілсе, игі. Сондай-ақ ел қазынасы есебінен республикалық телерадиокомпанияларға берілетін мем­лекеттік тапсырма бойынша дарынды ән­шілерге қомақты қаламақы төлеп, жеке кон­церттерін  республикалық телевизия және радио арналарында жазғызып,  эфирден жиірек беруді неге қолға алмасқа? Есесіне, телекөрермендер мен радиотыңдаушылар әуе толқынын күні-түні жаулап алған  әншісымақтардың  құлақты сарсытатын әнсымақтарын тыңдауды доғарып, нағыз өнерге ден қойып, рухани байи түсер еді.