Қоғам • 12 Шілде, 2021

Ипотека бір күнде рәсімделеді

603 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде ипотека рәсімдеу процесі де цифрлана бастады. Өтінішті қабылдаудан басталып несие беруге дейінгі процесс түгелдей адамның қатысуынсыз жүзеге асады. Нәтижесінде клиент үйден шықпай ақ баспаналы болуға қадам жасайды.

Ипотека бір күнде рәсімделеді

Freedom Finance Bank ұсына­тын онлайн ипотека 3-15 жыл ара­лығына беріледі, сыйақы мөл­шерлемесі – 10,5-11 пайыз көле­мінде, алғашқы төлемі – 20 па­йыздан басталмақ. Берілетін максималды несие – 70 млн теңге.

Іске асатын процесс барынша қарапайым ойластырылған. Азамат өтініш береді және ең соңында тұрғын үйдің өз аты­на рәсімделгені туралы SMS ала­ды. Ал ақша автомат­ты түр­де сатушының шоты­на түсе­ді. Әлемде өзге де осын­дай цифр­­лы ипотека жү­йесі бар. Бі­­рақ олардың өзі толық­қан­ды емес, тек 70 пайыз мөл­ше­рінде цифрландырылған екен. Сондықтан бұл тұрғыда қа­зақ­­с­тандық өнім өзгелерден оқ бойы озық тұр деуге болады. Freedom Holding Corp директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Тұрловтың айтуынша, банк жұмысын бастағаннан бері басшылық ипотека беру­ді мейлінше жеңілдетуді қарас­тырған. Нәтижесінде осындай онлайн өнім дүниеге келген. Оның сөзінше, бізде екінші деңгейлі банктер ипотека рәсімдеу үшін кем дегенде бір қызметкерді жалдайды. Оған жалақы төлеу керек, бұл ұзақ мерзімде біршама шығын болады. Ал цифрландыру мұндай басы артық шығыннан құтқарады.

Банк онлайн ипотека аясын­­да шотты ашу, халыққа қыз­мет көрсету орталығында элек­трон­ды тіркеу, нотариалды келі­сім жасау және кепілге қою про­цестерін цифрландырып отыр. Әзірге несиенің бұл түрі тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қа­ла­­ларының тұрғындары үшін тиім­ді.

«Өнімді жасау кезінде өз­ге елдер тәжірибесін зерт­те­дік, алдыңғы қатарлы топ-10 ел­ді таңдап, аса қатты цифрлан­дырылған банктерді таптық. Сонда байқағанымыз – олардың барлығында тек бастапқы ке­зең – өтініш беру кезеңі және фи­нал­дық кезең – ақшаны карточка арқылы алу ғана онлайн атқарылады. Өзге процестің бәрі офлайн түрде іске асады. Сондықтан біздің өнім тек Қа­зақстанда ғана емес, әлемде де үздік атанып отыр деп сеніммен айта аламыз», дейді директорлар кеңесі жанындағы кеңесші Айдос Жұмағұл.

Математикалық анализ негі­зінде жылжымайтын мүлікті бағалаудың өзіндік моделі енгі­зілгендіктен рәсімдеу кезінде клиенттен бірде-бір құжат талап етілмейді. Аталған өзіндік модель инфрақұрылымның дамуын, көлік құралдары мен таулардың жақындығын, орналасуын және тағы басқа факторларды ескере отырып, тұрғын үй құнын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар нотариус­тар үшін арнайы жеке кабинеттер құрылған. Соның арқасында олар (нотариустар) қашықтан жұмыс істеп, дайын құжатты басып шығарып, келісімді тәмам­дайды. Құжаттардың үлкен пакетін жинақтауға клиенттің ЖСН-ы мен телефон нөмірі жет­кілікті. Банктің бұл өнімін цифр­лық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де қолдаған.

«Жылжымайтын мүлік сатып алу – үлкен оқиға және оның онлайн форматта өтуі мемлекет үшін де маңызды. Біздің міндетіміз – халыққа қызмет көр­сету орталықтарындағы ке­зекті азайту. Болашақта барлық ипо­текалық несиелер мен тіркеулер онлайн режімінде жүруі үшін біз барлық банк мекемелерін осы қызметтерді жылдам пай­далануға шақырамыз», деді министр.

Зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында елімізде 16 075 қа­рыз алушы бұрын банктерден 62 млрд 41 млн теңгеге алған ипотекалық тұрғын үй заемдарын өтеген. 47 133 қарыз алушы бір реттік зейнетақы төлемін жалпы сомасы 144 млрд 53 млн теңге болатын ипотекалық тұрғын үй заемдарын ішінара өтеу бойынша пайдаланған. 8 889 қарыз алушы бір реттік зей­нетақы төлемін алғашқы жарна ретінде кәдесіне жаратқан.