Жоғарыдағыдай үлкен жауапкершілік жүкті абыроймен атқару да арлы іс. Осыны ойлағанда, алдымен ұстаз бола білген, бұл мамандықпен қатар ғылым жолын қатар алып жүрген, шәкірттеріне сыйлы, адалдық пен адамгершілікті биік тұғырға қойған Серік Мақпырұлы туралы ізгілік ниетпен шәкірт жүрегінен лебіз білдіруді мен өзімнің парызым санап отырмын.
Осы бір абзал жан 2000 жылы Алматыдағы оқушылардың «Дарын» қосымша білім беру орталығына келіп дәріс оқыды. Біздер республиканың әр өңірінен келген мектеп шәкірттері университет ғалымдарының өткізген сабақтарын құлшына тыңдаймыз. Содан кейін танымдық кештер өтеді. Бір күні қабырғадағы кезекті кестеден «С.Мұқановтың «Ботагөз» романының шығармашылық тарихы» деген тақырыпты байқап қалдым. Бұл мен үшін өте қызғылықты тақырып еді. Ертеңіне аудиторияға асыға кірдім. Ең бірінші болып, алдыңғы партаға отырдым. Серік Мақпырұлы деген ұстазымды, болашақ ғылыми жетекшімді ең алғаш, міне, осы жерден көрдім. Ағай лекцияны асықпай баппен оқиды екен. Бір топ оқушы ішінде мен де бар, сұрақтар қойдық. Ол кісі сауалдарымызға риза болып, бізбен жеке жұмыстар жүргізді. Сөйтіп, бізді есінде сақтап қалғанын айтты.
Сол жылы орта мектепті аяқтап, Оралдан Алматыға оқуға келдім. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға қабылдандым. Бірінші курстағы алғашқы дәріс. 404-аудитория. «Әдебиеттануға кіріспе» пәні. Оқытушы аудиторияға кіре бергенде, көңілде қуаныш орнағандай күйде болдым. Бір жыл бұрын танысқан Серік Мақпырұлы ағай. Ол кісі көп студенттің ішінен мені бірден тани қоймады. Сабақ аяқталысымен оқытушы беттеген кафедраға қарай келдім. Онда академик Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин бастаған ұстаздар отыр екен. Кафедраға кіруге бата алмай, ағайдың шыққанын күттім. Сыртқа беттегенде Серік Мақпырұлы көктемдегі оқушы мені бірден танып, амандасты.
Студенттік өмірдің төрт жылы да зымырап өте шықты. Осы уақыт аралығында ұстазымның ақыл-кеңесімен уақытымның текке өтпегенін анық сездім. Ғылыми конференцияларға үзбей қатыстым. Жазған мақалаларым республикалық «Ұлт тағылымы» журналында басылып жатты. Серік Мақпырұлының жетекшілігімен диплом қорғадым. Университетті үздік аяқтап, аспирантураға түстім. Содан соң кандидаттық диссертациямды уақытында аяқтап, қорғауға дайындалдым. Бірақ бұл кезде ғылыми кеңестердің уақытша тоқтатылған кезі еді. Ағайым уақытты өткізбей жетектеп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге алып барды. Онда профессор Тұрсынбек Кәкішұлымен таныстырды. Ғалым ағаның ақ батасын алып, қорғаудан да сәтті өттім.
Серік аға Мақпырұлының ұстазы Нығмет Ғабдуллинге сүйікті шәкірт болғаны көз алдымда өтті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы ыстық қарым-қатынасқа барлығы қызыға қарайтын. «Секеңнің жетегіне ерсең, өрге қарай жүресің, қарағым», деген Нығмет Ғабдуллиннің: «Сен Секеңе жақсы шәкірт боласың», деген сөзі мені ұстазыма одан да жақындата түсті.
Серік Мақпырұлының ең алғаш зерттеген тақырыбы Сәбит Мұқановтың шығармашылық лабораториясы болса, осы бағыттағы ғылыми еңбектері, монографиялары да жарық көрген. Ғалым аға «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы» сынды пәндерді қамтитын «Адамтану өнері» деп аталатын оқу құралын да жазды. Осы еңбектің алғысөзінде: «М.Горькийдің әдебиетті «адамтану ғылымы» дегені баршаға белгілі. Сондай-ақ, белгілі орыс әдебиетші ғалымы В.Днепровтың Лев Толстойдың суреткерлік тәжірибесі хақында жазған «Искусство человековедения» («Советский писатель», Ленинградское отделение, 1985) деген зерттеу кітабы да бар. М.Горький сөзінің шындығы, В.Днепров атауының дәлдігі дау туғызбайды. Сондықтан да оқу құралын «Адамтану өнері» деп атауды жөн санадық» делінген.
Серік аға әдебиеттанушы ғалым ретінде ғылымды дәріптеді, ұлағатты ұстаз ретінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне ізгілік сәулесін септі. Ғылымға деген адалдығымен, тазалығымен, парасаттылығымен, турашылдығымен көрінді. Шәкірттерін де солай тәрбиеледі. Әр адамның басты парызы еліне, ұлтына адал қызмет ету болса, Серік Мақпырұлы сол міндетті биік тұғырда орындаған жан.
«Нағыз адамның белгісі – кісілік», деген екен шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Серік Мақпырұлы – кісілік келбетін келістіріп, шынайылықты асқақтатып келген ардақты жан. Ал өз заманының озық зиялысы Ебіней Бөкетов: «Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық, халқымыздың мәпелеп, бетке ұстары – ғылым адамдары» десе, Серік Мақпырұлының бойынан осы ғылым адамына лайық абзал қасиеттердің барлығы табылары сөзсіз.
«Ойлар, ойлар, Қамығам кейде. Өмірім мынау, толқыған бейне. Қас-қағым сәтте өтердей, Ауырлық батпай, Төгілмей тер де. Парызым мынау, Туған бір елге, Қалар ма деп өтелмей». Бұл «Көңіл сазындағы» шумақтар... Ұстаздың азаматтық парызы да туған елге аянбай еңбек ету болса, ол парызы өтелгендей. Оған елдің әр түкпірінде жүрген, ұстаздықтың кемесіне мінген шәкірттері мен ғылым әлеміне қадам басқан ғалымдар еңбектері куә. Дәстүр сабақтастығы деген осы шығар. Серік Мақпырұлы арамызда жүрсе, қаумалаған шәкірттері 70 жасымен құттықтар едік, ал біз бүгін 70 жылдығы қарсаңында ұстазды еске алып, ол салған сара жолға тек бас иеміз.
Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты.
Орал.