11 Қаңтар, 2014

Күнімізді шуақты ету – елімізді қуатты ету

365 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздің тәуелсіздік алуы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оны орнықтырудағы қызметі, Қазақстанды әлемге таныту жолындағы ұлан-ғайыр еңбегі бүгінгі күні жетілген экономикасы бар тұрақталған елге айналдырды. Елбасының жасап жүрген ауқымды әлеуметтік деңгейге көтерілген ой-пікірлерін бүгінде өркениетті елдердің басшылары мен үлкен ғалымдарының мойындап, жоғары бағалап жүргені тағы  ақиқат. Оның әлемдік қоғамдық дамудың мәселелері жайындағы ой-пікірлері де көптеген тілектестерін тауып, әлем тіршілігінің қайта құрылуына, мемлекеттер қарым-қатынастарын жақсарту ісіне үлес қосып келе жатқаны да көпке мәлім.

Еліміздің тәуелсіздік алуы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оны орнықтырудағы қызметі, Қазақстанды әлемге таныту жолындағы ұлан-ғайыр еңбегі бүгінгі күні жетілген экономикасы бар тұрақталған елге айналдырды. Елбасының жасап жүрген ауқымды әлеуметтік деңгейге көтерілген ой-пікірлерін бүгінде өркениетті елдердің басшылары мен үлкен ғалымдарының мойындап, жоғары бағалап жүргені тағы  ақиқат. Оның әлемдік қоғамдық дамудың мәселелері жайындағы ой-пікірлері де көптеген тілектестерін тауып, әлем тіршілігінің қайта құрылуына, мемлекеттер қарым-қатынастарын жақсарту ісіне үлес қосып келе жатқаны да көпке мәлім.Еуразия одағын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру жөніндегі идея­лар мен оның іске асуы біздің Елбасымыздың есімімен тығыз байланысты. Оның әлемдік жиындар мен кездесулерде айтатын халықаралық мәселелер жөніндегі ойлары да әрқашан қызығушылық тудырады. Ал, «Дағдарыстан шығудың кілті» атты мақаласы әлемдік мемлекеттер аумағындағы қаржы жүйесін қайта құру туралы тың тұжырым болды. Осының бәрі Қазақстан басшысының әлем мемлекеттері есептесетін биік тұлғасын көрсетіп отыр.

Қандай ел болмасын оның дамуының, қалыптасуының ұзақ тарихы бар. Бір-бірімен жалғасып жатқан мәдени мұралары бар. Халықтың ой-өрісі дамыған елдермен тепе-тең тұрып сөйлесіп, өз пікірін өткізе алатын ТМД елдеріндегі ерекше тұлға – біздің Елбасымыз.

Мен Астанада Президент қатысқан және сөз сөйлеген екі үлкен жиынға қатыстым. Екеуінен алған әсерім Елбасы жайлы бұрынғы түсінігімді тіпті де тереңдетіп жіберді. Мен оны ұлы тұлға деп санаймын. Пікір, ой айту өз алдына, оны дәлелді, түсінікті етіп, биік деңгейде жеткізу тіпті бөлек. Әріптестерінің бәрімен де ол еркін араласып, сөйлесе алады. Сырт ел өкілдері біздің Елбасымен есептесіп, оның айтқандарын мақұлдап құрмет көрсетеді. Мұның бәрі Қазақстан халқы үшін үлкен абырой.

Мен қатысқан екі жиынның бірі Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен Еуразия университеттері ассоциациясы­ның ХІ съезі де, екіншісі – соның ертеңінде болған екінші Астана экономикалық форумы еді.

Еуразия университеттерінің съезі 1994 жылы Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінде Президент Н.Назарбаев ұсынған Еуразиялық одақ құру туралы бастаманың өміршеңдігіне арналды. Бұл бастаманың біраз уақыт қолдау таппай, біртіндеп барып іске асқаны, сөйтіп, халықаралық қатынастарда оң нәтижесін бере бастағаны көпке белгілі. Мұны Президент сөйлеген сөзінде өзі де атап өтті. Сонымен бірге, ол бүгінгі экономикалық дағдарыс туралы ой қозғады. Сырт қарағанда, біріне бірі қатысы жоқ осы екі идеяның түп тамырында «ескі ойлау жүйесінен арылып, жаңаша топшылау» қажеттігі жайлы жаңашыл ой жатқанын аңғардым. Өзгеріп жатқан заман қашан да жаңа идеялар ұсынуды қажетсінеді. Алқалы басқосуда Н.Назарбаев Еуразиялық кеңістіктің ғылыми қоғамдастығы, әлемде болып жатқан үрдістер жөнінде өз көзқарасын білдірді. Еуразиялық одақ іске асырған экономикалық, әскери-саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстардағы табыстарға тоқталды. Осы жолдағы жетістік­тері­мізге кең талдау жасап, ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономи­калық қоғамдастық және Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ауқымын кеңейту мәселелерін саралады. Және ғаламдық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарымен жүйелі күресуді, Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы Кеден одағының құрылуы – болашақ үшін дегенді тарата айтты. Бұдан мен Еуразия идеясының әлемдік маңызы биік екенін ұқтым.

Елбасының Еуразия идеясы, ел астанасын Қазақстан жерінің шеткі аймағынан Еуразия орталығына орналастыру, оны көркейту, дамыту, сол аймақта ұлттар бірлестігі және қауымдастығын құру болашаққа жаңа жол сілтеді. Қазақстанның әлемдік жарыста орнын белгілеп, келешектегі дамуына үлкен ықпал ететін ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесін өткізу құқығына ие болуы Отанымызды әлем елдеріне танытудың жаңа кезеңі ғана емес, инновациялық өрлеу бағытын анықтайтын қуатты серпін рөлін атқарды. «ЭКСПО көрмесін – жаһандық маңыздылығы жағынан ірі экономикалық форумдармен, туристік тартымдылығы бойынша әлемдегі ең танымал спорттық ойындармен салыстыруға болады. ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады», – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайы бізді болашақтан үлкен үміт күтуге жетелейді. Мен айтар едім, біз ұзақ уақыт емес, бас-аяғы 20 жылдан сәл ғана аса уақыт ішінде теңдесі жоқ өркениетті елдердің қатарына қосылдық. Жолдаулардағы дамыған 50 елдің қатарына қосылу идеялары жүзеге асып, ендігі кезекте дамыған 30 елдің қатарына жету бағдарламасы ұсынылды.

Ұзақ уақыттан бері көптеген форумдарға қатысып жүргендегі менің түйген ойым, жасалып жатқан жұмыстардың бәрі бізді жігерлендіреді, қанаттандырады. Сонымен бірге, Елбасы айтқан идеялардың өзімізде кейде іске аспай қалатынын да ашық айтуымыз керек. Қазақстанда экологиялық жағдайдың ауырлығы аз сөз болып жүрген жоқ. Бұл жөнінде Елбасының өзі де талай айтқан. Мемлекет басшысының нұсқауымен осыдан төрт-бес жыл бұрын «Экологиялық қауіпсіздік» тұжырымдамасы қабылданған. Онда мемлекеттегі экологиялық проблемаларды шешу үшін экологиялық білімді дамыту қажеттігі, жалпы халықты экологиялық сауаттандыру шараларын жүргізу сөз болды. Ал қазір соның бірі де іске асқан жоқ. Тіпті, кейбір басшылар экология десең, шошынып қарайды. Сол экологияны мектепте пән ретінде оқыту үшін кезінде оқулықтар да дайындалды. Әуелде оны мектеп кестесіне кіргізген министрлік кейін өз ұсыныстарынан өздері бас тартты. Экологиялық мәселені шешу үшін болашақ жастарға табиғаттың болмысын сақтауда ағаш отырғызу жеткіліксіз. Экологиялық кадрлар дайындап, бұл жүйеде арнайы білім берудің жолдарын қарастыру әбден қажет. Осылардың барлығын есептей отырып, Елбасы «жасыл экономиканы» дамыту бағдарламасын ұсынды.

Әрине, бізде істеліп жатқан істер көп. Қазір министрлер де оянды. Орта кәсіптік білімді дамытуға қаражат бөлініп жатыр.

Кеңес дәуіріндегі ғылым бағыты жалпыадамзаттық құндылықтарды дамытуға бағытталмаған еді. Өзіндік ойлау, іздену мүмкіншіліктері болмады. Қазіргі кезең жеке тұлғаның өзіндік ойлануына, ізденуіне, қоғамдағы болып жатқан кез келген құбылысқа араласуына мол мүмкіндік беріп отыр.

Жаратылыстану ғылымдарының жүйесінде нақты шекара жоқ. Қазіргі кезде әлемдік тәжірибеде ғылыми ізденістерге бөлінетін қаржының мөлшері қандай деген сұраққа жауап іздер болсақ, іргелі зерттеулерге – 13-15%, қолданбалы зерттеулерге – 25-30% және ғылыми-зерттеулерді әзірлеуге 55-60%-ды құрайды. Ал, Қазақстанның қаржылық құрылымында: іргелі зерттеулерге – 22%, қолданбалы зерттеулерге – 47,5% және ғылыми-зерттеулерді әзірлеуге 22,8%-ды құрайды. Қазіргі таңда ғылымға жасалған қамқорлықтың арқасында ҰҒА-да екі рет сайлау өткізіліп, барлық ғылым салаларына жас­тар тартылып, ғылымның болашақ дамуына жол ашылуда.

Білім беру саласында адамның әл-ауқатын арттырып, жаңаша ойлайтын жеке тұлғаны қалыптастыру үшін кластерлік жүйе­ні пайдалану керек. Білімнің, ғылымның және халықтың әлеуметтік жағдайын шешу үшін оларды ұштастырудың тиімділігі осында. Қа­зақстаннан басқа ТМД елдерімен және бір­қатар дамыған елдермен салыстырғанда, дағдарыстан шығудың бізде алдын ала ойлас­тырылған жүйесі болғандықтан, үлкен қиын­дыққа ұрынбай, нарықтық талапқа төтеп беріп, эко­но­микамыздың тұрақтылығын сақтап келеміз.

«Біткен іске мінші көп, дайын асқа жеуші көп». Ел ішінде мінсіз Астанаға да мін тағушы табылар. Ондағы сәулетті ғимараттар да сынға түсер. Алайда, дүниежүзілік сәулет өнерінің соң­ғы жобалары негізінде әлемнің танымал сәулетшілерінің басын қосып, Елбасының ақы­лымен жаңа қала салынғаны – тарихи шын­дық. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.

Қазағым, елім! Бүгін сенің ұлттық намысыңды оятатын, жүрегіңе қуаныш ұялататын байтақ жерің бар, кеңпейілді елің бар, Арқа төсіне орнаған Астана деген қалаң бар. Оның дамуына, өркендеуіне әрбір қазақ азаматы тек қуана білуі керек, соған үлесін қосып, адалдықтың нышанын көрсет, ар мен намысыңды қорға. Қазақ елінің байлығын паш ет! Астана – Қазақ елінің бойтұмары. Қай кезде де өрісті ел – өркенді.

Әлия БЕЙСЕНОВА,

академик, Мемлекеттік

сыйлықтың лауреаты.

 

Соңғы жаңалықтар