Туған жердің бір шөкім топырағы мен жусанының иісін қасиет тұтып, қастерлеген халықпыз. Содан да шығар, қиын-қыстау кезде еріксіз шілдей шашылып, шетел асқан қандастарымыз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде елім, жерім деп көшін Қазақстанға бұрғаны. Олар жаңа ортаға бейімделу, бүгінгі қоғамдағы кейбір ерекшелік пен қиындыққа кезігетіндерін сезінгендері де анық. Соған қарамастан, жүрек түпкіріндегі қазақы бұла сезім, ұлтжандылық тастүйін бекінуге жол ашты. Елбасының оларды қамқорлықсыз қалдырмайтынына сенді, ұрпағының болашағын бәрінен жоғары қойды.
Қандастарымыз жайлы неге айтып отыр дейсіз ғой. Бұқаралық ақпарат құралдарында жеке басын Отанынан артық көретін “шіріген жұмыртқалар” жайлы жиі жазылып жүр. Қалтасын долларға толтырып, шетел асып, қазақтың байлығын өзге елдің банкіне салғандар жоқ емес, бар. Оралмандар атамекенге жеткеніне қуанса, байлар шетел асқанын “мәртебе” көретін секілді.
“Бардан – пейіл, жақсыдан – мейір” демекші, қазақ нарықтың парқын, нарқын түсінді. Елдің, жердің мәртебесін бәрінен биік ұстап келеді. Дейтұрсақта, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде “екі жеп, биге шыққандар”, байлықты ар мен абыройдан биік санағандар қатары көбейгені қынжылтады.
Жаман әдет – жабысқақ. Енді азаматтарымыз емес, әйел заты да осы жат әдетке барғанын естіп қаламыз. Мұндай ұлттық құндылығымызға жат, адамгершілік қасиеттен алшақ деректер жас ұрпақ үшін дерттен де жаман. Шетелде оқығандардың арасында да “жақсы өмірді” қимай, ебін тауып, жат жұрттың есігінде қалып жатқандар да кездеседі.
Елжандылық қасиет – Отанына, халқына деген адал қызметпен өлшенеді. Қазақ мемлекетінің іргетасының беріктігі ұлтжанды, батыл, жан-жақты білімді азаматына байланысты екені тағы ақиқат. Олай болса, байлық ар мен абыройдан биік емес екенін түйсінсек керек.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.