Тарихтан тамыр тартсақ, Қазақстан – екі ғасырдың тоғысында астана салған әлемдегі жалғыз мемлекет. Ал Нұр-Сұлтан – ХХІ ғасырдағы небәрі он жылдың ішінде еңсе тіктеген әзірше жалғыз астана. Сондықтан бас шаһардың құрылысы мен экономикасына төрткүл дүниенің көз тігетін жөні бар. Әлбетте, шаһардың жалпы экономикалық жай-күйін бағалау қиын емес. Ол үшін жалпы өңірлік өнім, іскерлік белсенділік, жұмыспен қамту, инвестиция көлемі, шағын және орта бизнестің дамуы секілді негізгі көрсеткіштерді бір сүзіп шықсақ жеткілікті.
Сонымен FinReview.info зерттеуіне сүйенсек, 1997 жылдан 2020 жылға дейін астананың жалпы өңірлік өнімі 303 есе өскен. Мәселен, былтыр Нұр-Сұлтан қаласының жалпы өңірлік өнімі 7,81 трлн теңгені құрады. Көрсеткіш 22 жыл бойы үздіксіз өсіп келеді. Десе де, былтыр көрсеткіш сәл-пәл төмендепті.
Астананың 2020 жылғы жалпы өңірлік өнімінің құрылымы мынадай: 14 пайызы – тауарлар өндірісі, 81 пайызы – қызметтер өндірісі, қалғаны – өнімдерге салынған салық. Шаһардың өңірлік өнім құрылымындағы осы бір үрдіс 2000 жылдардың ортасынан бері сақталып отыр. Басқаша айтқанда, Нұр-Сұлтан экономикасына өндіріс емес, сауда, автокөлік жөндеу, жылжымайтын мүлік операциялары, қаржы, сақтандыру секілді түрлі қызметтер ерекше серпін беруде.
Инфляцияны ескерсек, астананың жалпы өңірлік өнімі әлемдік экономикалық сын-қатерлерге байланысты әркез құбылып отырғанын байқауға болады. Мәселен, 2000 жылдары көрсеткіш оң динамика көрсетсе, 2008 жылғы қаржылық дағдарыс кезінде жағдай күрт нашарлаған. Тек 2010 жылы ғана жағдай қалпына келді. Алайда бұл да ұзаққа созылмады. 2014-2015 жылдардағы валюта дағдарысы тағы да көрсеткішке теріс әсер етті. Бұл ретте дағдарыстардың салдарын жойып, экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізу үшін Үкімет «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы», «Нұрлы жол» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды қабылдады. Соның нәтижесінде елдегі ахуал жақсарып, халықтың іскерлік белсенділігі артты.
Астананың жалпы өңірлік өнімінің шамамен 50 пайызын кәсіпкерлік секторы құрап отыр. 2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, Нұр-Сұлтанда 59 545 кәсіпорын тіркелген. Бұлар – нақты жұмыс істеп отырған заңды тұлғалар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1999 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 13 есе өскен.
Кәсіпорындардың дені сауда, құрылыс, білім беру, телекоммуникация және өңдеу өнеркәсібі салаларында шоғырланған. Қысқасы, кәсіпкерлік секторы елордада негізгі жұмыс беруші саналады. Өйткені әрбір үшінші астаналық дәл осы салада тер төгіп жүр. Кәсіпкерлік өңірлік өнімінің 50 пайызын ғана емес, сондай-ақ салықтық түсімдердің де тең жартысын қамтып отыр. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Осы орайда қалада жұмыс күшінің қарқынды өсуіне қарамастан, 2001 жылдан бері ресми жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын атап өткен дұрыс. Бұл жерде еңбекті есепке алу жүйесінің ерекшеліктеріне мән берген абзал. Айталық, Қазақстанда тұрақты жұмыспен қамтылмағандар, табысы төмендер және зейнетақы жарнасын төлемейтіндер нақты жұмыссыз ретінде есепке алынбаса, олар өзін өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады.
Деректерге сүйенсек, астанадағы дәл осы өзін өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі де төмендей түскен. Мәселен, аталған көрсеткіш 2001 жылы экономикалық белсенді халықтың шамамен 16 пайызын құраса, былтыр 11 пайызға дейін азайған. Демек, елде жүргізіліп жатқан халықты жұмыспен қамтуды қолдау шаралары еңбек нарығының жай-күйіне, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыссыздықтың төмендеуіне оң әсерін тигізуде.
Аймақтың экономикалық жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіштің бірі – инвестициялар ағыны. Инвестиция дәл қазіргі сәтте астана экономикасының дамуында маңызды рөлге ие. Өйткені елордаға құйылатын қаржы негізінен өндірістік қуаттарды арттыруға бағытталған. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мұндай инвестицияның көлемі 2003 жылдан бері 11 трлн теңгеден асыпты. Осы орайда қалаға тартылған қаражаттың шамамен 82 пайызы бюджетке жатпайды. Яғни бұл кәсіпорындардың меншікті капиталы және қарызға алынған қаражат деген сөз.
Тағы бір атап өтерлігі, астанаға құйылып жатқан инвестициялардың шамамен 60 пайызын шағын және орта бизнес кәсіпорындары тартып отыр. Бас қалаға құйылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемі де ауқымды. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, 2014 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта Нұр-Сұлтанға 4,3 млрд доллар шетел инвестициясы тартылған.
Астананы экономикалық тұрғыдан әлемге әйгілейтін факторлар көп. Соның бірі – «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы. Осының нәтижесінде, Нұр-Сұлтан Орталық Азияның қаржылық хабына айналып шыға келді. Мұны айтып отырған себебіміз, астана ендігі жерде шетелдік инвесторлар үшін маңызды һәм әлеуетті алаңға айналды.
Коронавирус пандемиясының салдарынан былтыр әлем экономикасы тәуір-ақ теңселді. Соның салдарынан жаһандық ішкі жалпы өнім құлдырады. Бұл аздай COVID-19 әлемдік қарыздың көлемін де едәуір ұлғайтты. Сондықтан әрбір мемлекет өз экономикасын қауіп-қатерден қорғауға көшті. Яғни әлемдік нарықта инвестицияға деген бәсекелестік күшейді. Әлбетте, дамыған нарықтардың мұндай инвестицияны жұлып алатын мүмкіндігі жоғары. Дегенмен дамушы елдер де қалыс қалып жатқан жоқ. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы дәл осы бағытта жақсы дамып келеді. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығы үлкен әлеуетке ие.
Қаржы институты Есіл бойындағы елорданың экономикасын жаңа деңгейге көтереді деген сенім бар. Өйткені халықаралық қаржы орталығы біздің елді бетке алуға ниетті инвесторларға даңғыл жол ұсынып отыр.
Біріншіден, «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген инвесторлар әлемде әлдеқашан мойындалған әрі сенімді ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейді.
Екіншіден, қаржы орталығының қатысушыларына салықтық, визалық жеңілдіктер қарастырылған.
Үшіншіден, АХҚО-ның түрлі дауларды шешуге арнаған тәуелсіз соты мен халықаралық арбитражды орталығы бар.
Төртіншіден, қаржы орталығының жеке қор биржасы бар. Бүгінде АІХ-те, яғни АХҚО-ның қор биржасында түрлі компаниялардың бағалы қағаздары сатылымға шығарылған. Үш жылдың ішінде АХҚО-ға әлемнің 53 мемлекетінен 860-тан астам компания тіркелді. Қаржы орталығы тартқан тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 4,5 млрд долларға жетті. Сол секілді АХҚО биржасы арқылы 8,6 млрд доллар қарыз тартылды. Ал биржаға тіркелген компаниялар 321 млн доллар көлеміндегі жеке капиталын ортаға тастады.
Жалпы алғанда, жоғарыда біз атаған көрсеткіштердің барлығы дерлік астана экономикасының мығым екенін көрсетіп отыр. Десе де, Нұр-Сұлтанның басқа да жетістіктері жетерлік. Мәселен, қаланың халқы үш есе өсті, шаһардың аумағы үш есе ұлғайды, мұнда салынған тұрғын үйдің көлемі 20 есе артты.
Әлемдегі ең жас астана – Нұр-Сұлтанның бүгінгі экономикалық жай-күйі республика үшін жақсы көрсеткіш. Демек, Еуразияның жүрегінде орналасқан елорданың әлемдегі таңдаулы мегаполистердің қатарын толықтырарына мүмкіндік мол.